Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кірпіштер шатырда жатқан": Ұлдана Мырзуан қаза тапқан үйдің қасбеті толық тексерілмеген болып шықты

Сот куәлік
Фото: Жоғары сот / Видеодан скриншот

Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта қайғылы жағдай болған үйді бірнеше жыл басқарған бұрынғы басқарушы Гүлжаухар Ахметова куәгер ретінде жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Гүлжаухар Ахметова 2019 жылдан 2025 жылғы көктемге дейін Тәуелсіздік көшесіндегі тұрғын үй кондоминиумының сенімді өкілі болған. Одан кейін үйді басқару сотталушы Сауле Жұбаниязоваға өткен.

Куәгердің сөзінше, ол қызметке кіріскен кезде өзіне ғимараттың 2017 жылы жүргізілген техникалық тексеру қорытындысы берілген. Құжатта үйдің жалпы жағдайы қанағаттанарлық деп көрсетілгенімен, бірқатар мәселе анықталған.

“2017 жылғы үйдің техникалық тексеру қорытындысын маған қызметке кіріскен кезде тапсырды. Онда үйдің жағдайы қанағаттанарлық, конструкцияны өзгерту қажет емес деп көрсетілген. Бірақ арматуралық торлар жоқ екені жазылған”, – деді Гүлжаухар Ахметова.

Оның айтуынша, сол техникалық қорытындыда лифт шахталарының үстіндегі шатыр бөлігін жөндеу де ұсынылған.

“Бір қабырғадағы кірпіштердің бәрі түсіп, шатырдың үстінде жатқан. Желдеткіш құбырларының айналасындағы кірпіштер де құлаған. Сол жерлерді қайта кірпішпен қалап, үстін арнайы материалмен жабуға тура келді. Жертөлені де жөндеу ұсынылған еді”, – деді бұрынғы басқарушы.

Сонымен қатар құжатта сыртқы қабырғалардың зақымданған бөліктерін қалпына келтіру қажеттігі көрсетілген. Ахметованың сөзінше, үйдегі ақаулар туралы тұрғындар бұған дейін де шағымданған.

“2017 жылдың өзінде 29-пәтердің тұрғыны үйдің бір жері үгітіліп, түсіп жатқанын айтып, өтініш берген”, – деді ол.

Сот барысында тағы бір маңызды жайт белгілі болды. Ахметова 2017 жылғы техникалық тексеру қорытындысы тұрғындардың жалпы жиналысында жеке мәселе ретінде қаралмағанын растады. Оның айтуынша, 2019 жылы үйді басқаруға кіріскен кезде бұл мәселе бұған дейін талқыланған шығар деп ойлап, құжатта көрсетілген жөндеу жұмыстарын орындауға кіріскен.

Бұған дейін сотта жауап берген үй тұрғыны Дана Хасенова да тұрғындардың 2017 жылғы техникалық қорытындыдан және қасбеттегі мәселелерден хабарсыз болғанын айтқан. Оның сөзінше, егер мұндай ақпарат тұрғындарға белгілі болғанда, олар мәселені үй басқармасына көтерер еді.

Ахметова қызметке кіріскеннен кейін өнеркәсіптік альпинистерді шақырғанын айтты. Мамандар бірінші кіреберістің техникалық қабаты тұсынан жарық анықтаған.

“Альпинистерді шақырдық. Олар бірінші кіреберістің техникалық қабаты деңгейінен жарық тапты. Кірпіштерді арнайы бекіткіштермен бекітіп, үстін сыладық. Содан кейін ол жарық қайта ашылған жоқ”, – деді куәгер.

Алайда сотта кейін опырылған қасбет бөлігі толық тексерілмегені де айтылды. Ахметованың сөзінше, жарық негізінен үйдің аула жағынан анықталған. Ал кейін кірпіш құлаған тұстан сол кезде жарық байқалмаған.

Куәгер бұл бөлікті төменнен толық қарап шығуға мүмкіндік болмағанын да түсіндірді. Себебі тұрғын үй мен көрші ғимараттың арасындағы өткел жабық болған.

Ғимараттың қайғылы жағдай болған жерге қарама-қарсы бөлігіне де жөндеу жүргізілген. Куәгердің сөзінше, сол тұста да қауіпті ақаулар табылған.

“Альпинистер шатырдағы сәндік кірпіштердің кейбірі ерітіндісіз жай ғана жатқанын көрді. Оларды қолмен-ақ суырып алуға болатын. Кейін бәрін ерітіндімен қайта бекітіп, бос жерлерін толтырдық”, – деді Ахметова.

Бұдан бөлек, бірнеше жыл ішінде үйдің шатыры мен жертөлесі жөнделіп, іргетасы нығайтылған және лифтілері ауыстырылған.

“Шатырды жөндедік, жертөлені қалпына келтірдік, іргетасты бекіттік, лифтілерді ауыстырдық. Сол жұмыстардан кейін үйдің жағдайы жақсы болды деп есептедім”, – деді бұрынғы басқарушы.

Айта кетейік, Астананың Тәуелсіздік көшесіндегі бұл тұрғын үй 2004 жылы салынған.

Бұған дейін сотталушы Мүлік иелері бірлестігінің төрайымы Сауле Жұбаниязованың адвокаты тергеу бастапқыда қасбеттің құлауына әкеп соққан сапасыз құрылыс дерегі бойынша жүргізілгенін мәлімдеген. Алайда құрылыс компаниясының басшылары қайтыс болғандықтан, оларға қатысты іс тоқтатылған.

Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Іс бойынша Ұлдана қаза тапқан үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қылмыстық кодекстің "міндеттеріне адал қарамау" бабы бойынша айып тағылған. Айыпталушы сотта өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және кінәні мойындамайтынын мәлімдеді. 

Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. 

Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді. 

20 тамыздағы сотта жәбірленуші ретінде танылған марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел әкімдік берген 20 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын айтып берді. Ол өтемақының 4,5 миллион теңгесін Ұлдананың анасына бергенін мәлімдеген еді.

Мән-жайы

Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін “Ерлігі үшін” медалімен марапаттады.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 27 Тамыз, 2026 16:06