Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуінің өтінішін қанағаттандырмады: Ол іс бойынша жәбірленуші болып қала бермек

Ұлдана Мырзуан мен Зейнел Әділет
Фото: gov.kz, видеодан скрин

Сот жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуінің өзін жәбірленушілер қатарынан шығару туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін Астанада тұрғын үйдің қасбеті опырылып, қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі соттан өзін жәбірленуші мәртебесінен босатуды сұрағанын жазған едік. Өтінішті қараған судья Меруерт Абаева оны қанағаттандырудан бас тартты.

"Сот процеске қатысушылардың пікірін тыңдап, шешім шығарды: жәбірленушінің өкілі Зейнелдің өтінішін қанағаттандырудан бас тартылсын. Сондай-ақ бұл өтінішпен жәбірленушінің өкілі басты сот талқылауы барысында одан жауап алынғаннан кейін қайта жүгінуге құқылы екені түсіндірілсін", – деді судья.

Айта кетейік, іс бойынша айыпталушы – МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) төрайымы бүгінгі сот отырысында өз кінәсін толық мойындамайтынын мәлімдеді.

Келесі сот отырысы 20 тамызда өтеді.

Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. 

Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді. 

Мән-жайы

Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 19:41