Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтерді

Зейнел Әділет тағы үйленді
Фото: Видеодан скрин / Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуан және Зейнел Әділет пен жаңа жары

Астанада былтыр тұрғындарды құтқаруға асығып бара жатып, үстіне кондиционер құлап, көп қан жоғалтудан көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайының қайта шаңырақ көтергені әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астанада 8 қарашада марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуан қызметтік міндетін атқару кезінде жазатайым оқиғадан қаза тапқан еді. Сол кезде дәрігер күйеуі жарының қазасына қатты қайғырып, әлеуметтік желіде оған арнап әсерлі жазбалар жариялаған еді. Арада сегіз ай өткен соң оның қайта үйленгені белгілі болды. Бұл жайт оқырмандар арасында түрлі пікір туғызды. 

Фото: threads.com желісінен скрин

Көпшілік әйелінің дүниеден өткеніне бір жыл да толмай жатып шаңырақ көтергеніне таңданысын білдіріп, ашу-ызасын жасырмады.

"Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде үстіне кондиционер құлап көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы араға сегіз ай салып қайта шаңырақ көтерді", "Жылы өткенін күтпеді ме екен, ең құрымаса, 4 ай қалды ғой", "Бұған, жаным ашып жүрсе…", "Мәссаған", "Сатқындықтың шегін қойды ма дедім ғой екеуін", "8 айда әйелінің топырағы да кебіп үлгермеді ғой. Жатқан жері жайлы болсын. 8 айдан кейін күйеуге шығып кеткен жесір әйелді әлі көрмеппін", "Қайғырғаны да жетер дегені ғой",  "Екеуінде де ұят жоқ екен", "Кәдімгідей қиналып, историялар салып жүрген еді әйеліне арнап, сұмдық", "Сөз табу қиын", "Бақытты болсын", – деп жазған пікір иелері.

Сонымен қатар желі қолданушыларының назарын тағы бір жайт аударды. Желіде тараған мәліметке сәйкес, дәрігердің жаңа жары Тараз қаласының тумасы екені айтылып жатыр. 

Желі қолданушылардың бірі марқұмның жақын араласқан құрбысы әрі әріптесі, ал екіншісінің сүйген жары болғанын атап өтті.

пікірлер
Фото: threads.com желісінен скрин

Ал үйлену тойынан түсірілген үзінділер тойхананың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған.

Еске салайық, Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Марқұмның жұбайы Зейнет Әділет сол кезде әлеуметтік желіде жарына арнап бірнеше жан тебірентерлік жазба жариялап, ешқандай марапат пен жұбату сөздері сүйікті жарын қайтара алмайтынын айтқан еді. Сондай-ақ ол тергеудің әділ жүргізіліп, қайғылы оқиғаға кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етті. Бұған қоса, жұбайына арнап жүрекжарды өлең жолдарын арнап, "Сен менің мәңгі жанымдасың, жүрегімдесің" деп жазған болатын.

Сондай-ақ Зейнел Әділет Stan.kz агенттігіне берген сұхбатында Ұлданамен небәрі екі апта бұрын ғана шаңырақ көтергендерін айтып, оның мейірімділігі мен адамгершілігін еске алған еді.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.

Астана қаласының әкімдігі де марқұмның отбасына материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеп, жерлеу рәсіміне кеткен шығындарды өтеу, сақтандыру және заңда көзделген әлеуметтік төлемдер қарастырылатынын хабарлады.

Кейін Астанадағы қалалық жедел жәрдем станциясының ғимаратына Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды. Ашылу рәсіміне денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, марқұмның анасы, туыстары мен әріптестері қатысты. Сонымен қатар Ұлдана оқыған "Даналық" медицина колледжінде оның есімі берілген арнайы аудитория ашылды.

Бұдан бөлек, Ұлдананың туған ауылы – Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Үтіртөбе елді мекенінде де ауыл тұрғындарының бастамасымен ескерткіш тақта қойылды. Салтанатты шарада ауылдастары мен әріптестері оның кәсіби адалдығы мен жанқиярлығын еске алып, рухына Құран бағыштады.

Stan.kz
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 16:17