Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі тойды халыққа жария етпей жасамақ болғанын айтты

Әділет Зейнел Ұлдана
Фото: Видеодан скрин

Астанада басына кондиционер құлап, салдарынан көп қан жоғалтып көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуанның жесірі Әділет Зейнел “Народная партия Казахстана” арнасына сұхбат беріп, тойдағы суреттердің қалай тарап кеткені, қазір бұрынғы қайын жұртымен қандай қарым-қатынаста екенін баяндады. 

Әділет Зейнел сұхбатқа анасы Эльза Ермановамен бірге келген. Оның айтуынша, сұхбат берудегі мақсаты – шындықты айту, Ұлданаға тиесілі қаржының өздерінің жеке қажеттіліктеріне жұмсалмағанын дәлелдеу.

Әділеттің айтуынша, тойды халыққа жария етпей жасамақ болған. Қуаныш кезіндегі суреттер мен видеоларды өздері де кейін әлеуметтік желіден көрген.

“Суреттегі менің қалыңдығым, әлі әйелім емес. Біз халық арасында талқыланатынын білдік, бірақ мұндай ауқымда болады деп ойламадық. Асығып жүріп мейрамхана иесі мен сондағы мобилографтар суреттер мен видеоларды желіге жүктейді деп ойламаппыз”, – дейді Ұлдананың жесірі.

Осы тұста оның анасы Эльза Ерманова “ақыл айтып, тоқтау салатын үлкендер болмады ма” деген сынға жауап беріп, қазір Ұлдананың ата-анасымен мүлдем араласпайтынын айтып қалды. 

“Біз қазір ол жақпен мүлдем араласпайыз деп айтуға болады. Баласынан айырылған адам менің балама батасын бермес еді. Мен ешкімді мазаламай, ренжітпей тыныш қана тойды өткізгім келді. Ұлдананың нағашы апасы біздің әлі де туыс болып қалатынымызды, егер Әділет үйленемін деп шешсе қарсы болмайтынын айтты. Бірақ Ұлдананың анасынан бұл сөздерді естімедік. Баласынан айырылған адам менің сүйінші жаңалығымды қабылдамас еді. Мен де жүрегін жаралағым келмеді. Бізде тек қызды ұзатып алып келдік, ұл жақтан жасалатын тойды келесі жылдың жазына жоспарлап отырмыз. Бұл осы шу болмай тұрып жоспарланған еді”, – дейді Эльза Ерманова.

Әділеттің өзі де бұрынғы қайын жұртымен етене араласпайтынын жасырмады.

“Оған себеп ақпан, наурыз айындағы менің үйленетінім туралы қауесет. Ұлдананың әпкелері менің танымайтын біреулерді көлікпен тасып жүргенімді, жедел жәрдем бөліміне жиі барғыштап кеткенімді айтып, жазып жүрді. Содан кейін арамыз суып кетті. Наурыздың ортасында туыстары Ұлдананың рухына арнап Құран оқылатынын айтып әріпестерімді шақырған екен. Бірақ мені шақырмады. Содан кейін менімен араласқысы келмейтінін түсіндім”, – дейді Әділет Зейнел.

Ол Ұлдананың туыстарымен ақпан айынан бастап қарым-қатынасын үзгенін айтты.

Әділеттің анасының сөзінше, Ұлдананың туыстары бір жыл өткенін қалаған, ал өздері жұбайынан айырылған ұлының тезірек өзіне келіп, өмірін ары қарай жалғастыруы үшін бәріне дайын болған.

“Әділет қараша айынан бері жұмысқа шыққан жоқ. Жағдайы нашарлап кетті. Ұлдананың анасы да Әділеттің ауырып қалғанын, әйелінің қазасынан кейін өзін мүжи бастағанын білді. Біз оның өмірге қайта оралып, адамдармен танысып, жақсы әйел кезіктіргенін қаладық. Мүмкін бұл қызғаныш болған шығар, бәлкім олар Әділетті сытқан деп ойлаған шығар. Меніңше, әрбір адам бақытты болуға лайық. Ешбір заңда “бір жыл, жарты жыл күту керек” деп жазылмаған. Мен баламның күліп жүргенін қаладым. Түні бойы “өзіне бір нәрсе істеп қоя ма” деп алаңдап күзетумен болдым. Одан асқан қайғы жоқ. Мені барлық ана түсінеді деп ойлаймын. Кім не десе, о десін. Мен ұлымның күліп, жадырап жүргенін қаладым. Ол қанша жерден ақыл тоқтатқан ер адам болса да, мен үшін 100 жасқа келсе де бала болып қала бермек”, – дейді Әділеттің анасы.

Айта кетейік, бүгін әлеуметтік желіде Астанада былтыр қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнелдің қайта шаңырақ көтергені қызу талқыға түсті. Марқұмның қазасынан кейін ол әлеуметтік желіде жарына арнап әсерлі жазбалар жариялап, қайғысын бөліскен болатын. Алайда арада сегіз ай өткен соң оның қайта үйленгені белгілі болды.

Бұл жағдай желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Көпшілік әйелінің дүниеден өткеніне бір жыл толмай жатып қайта шаңырақ көтергеніне таңданысын білдіріп, сын пікірлер жазды.

Еске салайық, Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Марқұмның жұбайы Әділет Зейнел сол кезде әлеуметтік желіде жарына арнап бірнеше жан тебірентерлік жазба жариялап, ешқандай марапат пен жұбату сөздері сүйікті жарын қайтара алмайтынын айтқан еді. Сондай-ақ ол тергеудің әділ жүргізіліп, қайғылы оқиғаға кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етті. Бұған қоса, жұбайына арнап жүрекжарды өлең жолдарын арнап, "Сен менің мәңгі жанымдасың, жүрегімдесің" деп жазған болатын.

Сондай-ақ Зейнел Әділет Stan.kz агенттігіне берген сұхбатында Ұлданамен небәрі екі апта бұрын ғана шаңырақ көтергендерін айтып, оның мейірімділігі мен адамгершілігін еске алған еді.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.

Астана қаласының әкімдігі де марқұмның отбасына материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеп, жерлеу рәсіміне кеткен шығындарды өтеу, сақтандыру және заңда көзделген әлеуметтік төлемдер қарастырылатынын хабарлады.

Кейін Астанадағы қалалық жедел жәрдем станциясының ғимаратына Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды. Ашылу рәсіміне денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, марқұмның анасы, туыстары мен әріптестері қатысты. Сонымен қатар Ұлдана оқыған "Даналық" медицина колледжінде оның есімі берілген арнайы аудитория ашылды.

Бұдан бөлек, Ұлдананың туған ауылы – Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Үтіртөбе елді мекенінде де ауыл тұрғындарының бастамасымен ескерткіш тақта қойылды. Салтанатты шарада ауылдастары мен әріптестері оның кәсіби адалдығы мен жанқиярлығын еске алып, рухына Құран бағыштады.

Айым Болатқызы
Жұма, 07 Тамыз, 2026 10:10