Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартады

Ұлдана Мырзуан
Фото: gov.kz

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталды. Сот отырысы алдында марқұмның анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков журналистерге істің мән-жайы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Адвокаттың сөзінше, іс Қылмыстық кодекстің 254-бабының 1-бөлігі – "Міндеттеріне адал қарамау" бойынша қаралып жатыр. Іс бойынша Ұлдана қаза тапқан үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова айыпталып отыр.

Нұрсұлтан Орынбеков заңда МИБ төрағасының жауапкершілігі қарастырылғанын атап өтті.

“МИБ төрағасы ақауларды жою үшін әкімдікке ескерту жасап, тиісті ұсыныстар беруі керек еді. Бірақ мұндай әрекеттер болмаған. Істің барлық мән-жайын қазір жариялай алмаймыз. Сот барысында бәрі белгілі болады”, – деді Нұрсұлтан Орынбеков.

Адвокат жәбірленуші тараптың тергеу жұмыстарына көңілі толатынын да жеткізді. 

Тергеу барысында үйдің қасбеті мен кондиционердің қалай орнатылғанына қатысты бірнеше сараптама жүргізілген. Жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің сөзінше, сараптама қорытындылары оқиға мен оның салдары арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтаған. Ал кондиционерді орнатқан мердігер секілді басқа тұлғалардың жауапкершілігі бар-жоғы сот барысында талқыланбақ.

Марқұмның экс-күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартпақ

Іс бойынша барлығы алты адам жәбірленуші деп танылған. Олардың қатарында Ұлдананың анасы Сәлима Ешенқұлова мен бұрынғы күйеуі Әділет Зейнеп те бар.

Жәбірленуші тарап әзірге азаматтық талап арыз бермеген. Адвокат отбасының айыпталушы тараппен сөйлесуге дайын екенін, алайда осы уақытқа дейін олардан кездесуге немесе кешірім сұрауға қатысты ұсыныс түспегенін айтты.

Ал Әділет Зейнептің адвокаты Мұрат Мауметов оның жәбірленуші мәртебесінен Ұлдананың анасының пайдасына бас тартуға ниетті екенін мәлімдеді.

МИБ өкілдері айыпталушыны қолдауға келді

Сот басталар алдында ғимарат алдына бірқатар МИБ төрағалары жиналып, айыпталушы әріптесіне қолдау білдірді. Олар болған жағдай үшін жауапкершілікті МИБ басшысына емес, үйді салған құрылыс компаниясы мен кондиционерді орнатқан адамдарға жүктеу керек деп есептейді.

МИБ төрайымы Светлана Кузнецованың сөзінше, кондиционер талапқа сай орнатылмаған болуы мүмкін. Ол құрылғы көтергіш қабырғаға терең әрі берік бекітілген жағдайда, кірпіштің бір бөлігі опырылған күннің өзінде құлап кетпеуі керек еді деп санайды.

Сондай-ақ Кузнецова МИБ басшысы көпқабатты үйдегі құрылысқа және тұрғындар орнатқан жабдықтарға қатысты барлық кемшілікті өздігінен анықтай алмайтынын айтты. Оның пікірінше, тергеу барысында үй құрылысына және кондиционердің орнатылуына жауапты адамдардың әрекетіне де құқықтық баға берілуі қажет.

Сот ғимаратының алдына Ұлдана Мырзуанның жақындары да келді. Олардың арасында марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел де болды.

Іс бойынша ашық сот отырыстарының барысын Қазақстан Жоғарғы сотының ресми YouTube арнасынан тікелей эфирде көруге болады. Ал алдағы отырыстардың уақыты мен іс бойынша ресми мәліметтер Жоғарғы соттың Telegram арнасы мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланып отырады.

Мән-жайы

Еске салайық, Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Марқұмның жұбайы Зейнет Әділет сол кезде әлеуметтік желіде жарына арнап бірнеше жан тебірентерлік жазба жариялап, ешқандай марапат пен жұбату сөздері сүйікті жарын қайтара алмайтынын айтқан еді. Сондай-ақ ол тергеудің әділ жүргізіліп, қайғылы оқиғаға кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етті. Бұған қоса, жұбайына арнап жүрекжарды өлең жолдарын арнап, "Сен менің мәңгі жанымдасың, жүрегімдесің" деп жазған болатын.

Сондай-ақ Зейнел Әділет Stan.kz агенттігіне берген сұхбатында Ұлданамен небәрі екі апта бұрын ғана шаңырақ көтергендерін айтып, оның мейірімділігі мен адамгершілігін еске алған еді.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.

Астана қаласының әкімдігі де марқұмның отбасына материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеп, жерлеу рәсіміне кеткен шығындарды өтеу, сақтандыру және заңда көзделген әлеуметтік төлемдер қарастырылатынын хабарлады.

Кейін Астанадағы қалалық жедел жәрдем станциясының ғимаратына Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды. Ашылу рәсіміне денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, марқұмның анасы, туыстары мен әріптестері қатысты. Сонымен қатар Ұлдана оқыған "Даналық" медицина колледжінде оның есімі берілген арнайы аудитория ашылды.

Бұдан бөлек, Ұлдананың туған ауылы – Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Үтіртөбе елді мекенінде де ауыл тұрғындарының бастамасымен ескерткіш тақта қойылды. Салтанатты шарада ауылдастары мен әріптестері оның кәсіби адалдығы мен жанқиярлығын еске алып, рухына Құран бағыштады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 16:20