Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлдана Мырзуан қазасы бойынша сотта құтқарушылар жауап беріп жатыр

сот
Фото: Видеодан скрин

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Отырыста оқиға орнында құтқару жұмыстарына қатысқан төтенше жағдайлар департаменті қызметкері Аян Кемпіров жауап берді. Ол қайғылы оқиғадан кейін қызметі төмендеп, бөлімше командирі қызметінен өрт сөндіруші болып ауысқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Куәгердің сөзінше, қызметті ауыстыру туралы шешім қайғылы оқиғадан кейін қабылданған. Оған әуелі рапорт жазу ұсынылып, кейін басқа бөлімге ауыстырылған. Алайдажеке тәртіптік іс жүргізілмеген.

Қорғаушы одан қызметінің не себепті төмендетілгенін сұрады. Бұл оның әрекетінен анықталған заңбұзушылықтарға байланысты болған-болмағанын нақтылады. Кемпіров бұл сұраққа нақты жауап бере алмады.

“Қазір өрт сөндірушімін, осы оқиғаға байланысты қызметім төмендетілді. Оқиға болған күні бөлімше командирі болдым. Бұйрық бойынша рапорт жаздым. Мені басқа бөлімге ауыстырды”, — деді Кемпіров.

Куәгер рапорттың мазмұнын түсіндіріп беруден бас тартты.

Кемпіров сотта құтқарушылардың ғимарат құлаған жердегі жұмысы туралы да айтып берді. Оның сөзінше, ол оқиға орнына бес адамнан тұратын бөлімшемен барған. Үйінді арасынан кондиционер көргенін айтты. Алайда құрылыс элементтерінің нақты көлемін бағалай алмағанын жеткізді. Себебі құтқарушылардың негізгі міндеті адамдарды үйінді астынан құтқару болған.

Кейін төтенше жағдайлар департаментінің басқа қызметкерлері шатырға көтеріліп, сол жерде жатқан кірпіштерді тазалай бастаған.

Сонымен қатар сот барысында оқиға орнында болған қарауыл бастығының кейін өз еркімен жұмыстан шығу туралы рапорт жазғаны белгілі болды. Кемпіровтың айтуынша, бұл мамыр айында болған. Алайда куәгер оның жұмыстан не себепті кеткенін білмейтінін айтты.

ТЖД  кезекші бөлімінің басшысы жауап берді

Сотта төтенше жағдайлар департаменті кезекші бөлімінің басшысы Ризабек Дайыров жауап берді. Оның айтуынша, құтқарушылар жедел жәрдемнен бұрын оқиға орнына жеткенде, алдымен аумақты қоршауға алар еді. Қауіпсіздікке көз жеткізһгенше медицина қызметкерлерін қауіпті жерге кіргізбейтін еді.

Сотта жауап бермес бұрын Дайыров өзін видеоға түсірмеуді сұрады. Ол оқиға туралы хабарламаны өзі қабылдамағанын және оқиға орнына бармағанын айтты. Ақпаратты оның қарамағындағы кезекші бөлім қызметкерлері қабылдаған.

“Бұл оқиға туралы хабарламаны тікелей өзім қабылдаған жоқпын және оқиға орнына бармадым. Кезекші бөлімнің қызметкерлері – қарамағымдағы мамандар. Олар хабарламаны қабылдап, оқиға орнына бір автоцистерна, бір жедел-құтқару жасағы және бір автосатылы көтергіш жіберді”, – деді Дайыров.

Оның сөзінше, бастапқыда төтенше жағдайлар департаментіне жедел жәрдем қызметкерінің үстіне кондиционер блогы құлағаны туралы ақпарат түскен. 

Дайыров оқиға орнына қанша құтқарушы жіберілгенін де түсіндірді. Бір автоцистернада орта есеппен бес адам, жедел-құтқару жасағында үш адам, ал автосатылы көтергіште екі адам жұмыс істейді.

Сотта куәгерден басқа жедел қызмет өкілдері төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері келгенге дейін қауіпті аймаққа кірмеуі керек деген талап бар-жоғы сұралды. Дайыовтың айтуынша, құтқарушылар оқиға орнына келген соң алдымен жағдайды бағалап, аумақты қоршауға алуы тиіс.

Қайғылы оқиға болған күні жедел жәрдем төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінен бұрын жеткен. Сондықтан аумақты қоршау жұмыстары кейін жүргізілген.

“Егер біздің қызметкерлер ертерек келгенде, басқа адамдарды оқиға орнына кіргізбес еді. Қауіпсіз екені расталғанға дейін жедел жәрдемді де кіргізбейтін еді”, – деді Дайыров.

Даировтың айтуынша, төтенше жағдайлар департаменті полиция, жедел жәрдем және басқа да қызметтермен бірлесіп жұмыс істеу тәртібін әзірлейді. Онда ақпарат алмасу және кезекші ауысымдардың атқаратын әрекеттері көрсетіледі.

“Барлық органдармен, соның ішінде полиция және жедел жәрдем қызметтерімен өзара іс-қимыл алгоритмін әзірлейміз. Онда ақпарат алмасу және кезекші ауысымдардың әрекеті көрсетіледі”, – деді ол.

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері оқиға орнына келген соң қабырғадағы қаптаманы және басқа да конструкцияларды алып тастаған. Дайыровтың сөзінше, жұмыстар шамамен 150 шаршы метр аумақта жүргізілген.

“Қабырғадан конструкцияларды алып тастадық. Олардың қайта құлап кетуіне жол бермеу үшін қабырға қаптамасын бөлшектедік”, – деді куәгер.

Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Іс бойынша Ұлдана қаза тапқан үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қылмыстық кодекстің "міндеттеріне адал қарамау" бабы бойынша айып тағылған. Айыпталушы сотта өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және кінәні мойындамайтынын мәлімдеді. 

Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. 

Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді. 

20 тамыздағы сотта жәбірленуші ретінде танылған марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел әкімдік берген 20 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын айтып берді. Ол өтемақының 4,5 миллион теңгесін Ұлдананың анасына бергенін мәлімдеген еді.

Мән-жайы

Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін “Ерлігі үшін” медалімен марапаттады.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 27 Тамыз, 2026 12:57