"Жүрек тұсынан электрошокермен ұрып өлтірген": ҚазҰУ жатақханасында қаза тапқан студенттің туыстары оқиға туралы айтып берді
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінінің жатақханасында жансыз денесі табылған Дауыл Бәкіртайды бүгін жақындары жер қойнына тапсырды. Зар илеген ата-анасы ұлдарының кісі қолынан қаза тапқанына сенімді. Сөздерінше жас жігіттің өліміне бір ғана адам кінәлі емес. Осыны айтып етегі жасқан толған ана перзентін соққыға жықты деген 8 студенттің бәрі де қамалсын дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Марқұмның анасы Сәуле Ордабаева Дауылмен қайғылы оқиғаға дейін 4 сағат бұрын ғана сөйлестім дейді. Видеоқоңырау арқылы ұлының кешкі ас ішіп отырғанын көріп көңілі көншігенін айтады.

Алайды таң ата суыт хабар келіп, алып ұшып Алматыға жеткен. Сөйтсе, биыл ғана бірінші курсқа түскен ұлын жоғары топ жігіттері ұрып-соғып, ақыры ажал құшқанын естіген.
“Дауыл демалмай қалып еді аяғын ұстатып маған көтертіп қойды. Көтеріп тұрдым Дауылды қай уақытқа дейін әпке” деп жылап тұрып айтып берді ғой. 8 бала бұларды бір комнатаға апарған. Екінші курс апарған ғой. Сөйтсе бұларды өмірі сөйтеді екен ғой. Тиісіп жүреді екен ғой бұрында. Екі күн бұрын сіңілімнің қыздары тамаққа шақырғанда “система деген бәле болды, екі қолдап амандасасың, сіз деп сөйлейсің. анау екінші курс балалары бәле болды, тыныштық бермейді” деп айтқан екен ғой. Сендер өздеріңше болып жүресіңдер деп айтады дейді. Анау баланың маған бар айтқаны сол. Эпилепсия депті. Қай жақтың эпилепсиясы?! Эпилепсия түгілі бәлесі де жоқ менің баламның. Университеттің істеп отырғаны. Өтірік ол”, – дейді марқұмның анасы Сәуле Ордабаева.
Марқұм Дауыл Бәкіртай Шымкенттегі мақтаулы мектептің бірін алтын белгімен биыл ғана аяқтаған екен. ҰБТ дан жоғары балл жинап Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне мемлекеттік грант ұтып алған. Арман қуып Алматыға келген жігіт үйдегі бес ұлдың төртіншісі.

Ағаларының айтуынша, бойы екі метрге жуық Дауыл көкпар ойнап, атта шапқанды жақсы көрген.
“Біреулердің айтуы бойынша, электрошокермен ұрған дейді жүрек тұсынан. Электрошокердің кесірінен жүректің тоқтауы орын алған дейді куәгерлер. Жедел-жәрдем шақырмай тұрмайық, айғай-шу боп кетеді, басылып кетеді деп жүрген кезде бала көгере бастаған. Уақыт өткізіп алған, шамамен 1 сағат шамасындағы уақытта бала сол жерде қысылып, жүректен кеткен. Бір-ақ бала қамалыпты дейді, бұл ақылға қонымсыз нәрсе – бір бала тұрғызып қойып, соншама баланы бір өзі ұрды дегенге ешкім сенбейді”, – дейді марқұмның туысы Серік Есболатов.
Марқұмның әпкесінің сөзінше, оқиға 15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні жатақханадағы бөлмелердің бірінде болған. Сол түні университетте өтетін іс-шараға дайындалып жатқан сегіз екінші курс студенті Дауыл Бәкіртай мен тағы бір бірінші курс студентін бөлмеге шақырып, соққыға жыққан.
"Түнде оларды жатақханадағы бөлмелердің біріне шақырып, топ болып соққыға жыққан. Кейін білгеніміздей, сол кеште университетте өтетін қандай да бір іс-шараға дайындалып жатқан екен. Дайындық кезінде бір мәселеге келіспей қалған болуы мүмкін. Нақты білмеймін. Содан кейін інім Дауыл Бакіртай мен тағы бір жігітке тиісіп, ұра бастаған", – дейді марқұмның туысы.
Туысының айтуынша, соққыдан кейін Дауыл есінен танып қалды деп ойлаған студенттер жедел жәрдем шақыруға асықпаған. Алғашқы медициналық көмекке жүгіну шамамен бір жарым сағатқа кешіккен.
"Алдымен Дауылды қатты ұрған. Ол жерге құлаған соң, екінші курс студенттері есінен танып қалды деп ойлап, жанындағы досына екі аяғын жоғары көтеруді тапсырған. Оқиға түнгі сағат 12-ден кейін болған, ал жедел жәрдемді түнгі сағат 1:30 шамасында шақырған. Шамамен бір жарым сағат уақыт жоғалтқан. Егер жедел жәрдемді ертерек шақырғанда, інім аман қалуы мүмкін еді", – дейді ол.
Сондай-ақ туысы мәйітхана қызметкерлері Дауылдың өліміне жүрек тұсына тиген қатты соққы себеп болғанын айтқанын жеткізді. Оның сөзінше, марқұмның кеуде тұсында көгерген және қызарған іздер болған.

Марқұмның туысы Дауыл қайтыс болардан бір күн бұрын Алматыдағы жақындарына келіп, жоғары курс студенттерінің мазасын алатынын айтқанын жеткізді. Олардың сөзінше, бірінші курс студентін түрлі шаруаларға жұмсап, үнемі тиісіп жүрген.
"Бірде дүкенге баруға мәжбүрлейді, бірде басқа нәрсе талап етеді. Сол күні көңіл күйі болмады. Сөйтсек, жатақханада әлімжеттік өте күшті болған. Өздері түсініксіз ережелер орнатып алған. Екінші курс студенттеріне міндетті түрде "сіз" деп сөйлеп, қол алысып амандасу керек екен. Тіпті алыстан екінші курста оқитын қыздарды көрсе де, көзіне тіке қарамай, бірден сәлем беруі тиіс болған. Түн ортасында оятып, дүкенге жіберетін кездері де болыпты. Бірақ біз әлімжеттіктің адам өліміне әкелетіндей деңгейге жеткенін білмедік", – дейді марқұмның туысы.
Марқұмның жақындары төбелеске сегіз студент қатысты деген ақпаратқа қарамастан, күдікті ретінде тек бір адамның танылғанына наразылық білдіріп отыр.
"Біздің қолымыздағы ақпарат бойынша, оқиғадан кейін сегіз студенттің барлығын полицияға жеткізген. Алайда күдікті ретінде тек бір адам танылды. Неге тек біреуі ғана күдікті? Біз мұнымен келіспейміз. Бұл – адамдар тобы жасаған кісі өлтіру", – дейді туысы.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желілерде Дауылдың демікпемен ауырғаны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды. Туысының айтуынша, марқұмның денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған.
Ол университет өкілдері оқиғаның мән-жайы туралы бастапқыда бір-біріне қайшы ақпарат бергенін де айтты. Алғашында деканаттан Дауылды дене қызуы көтерілгендіктен ауруханаға алып кеткенін хабарлаған. Кейін туыстары төбелес болғанын білгенде, декан мұндай жағдай болмағанын айтып, түні бойы студенттердің жанында жүргенін мәлімдеген.
Бұған дейін ҚазҰУ баспасөз қызметі марқұмның отбасына моральдық және материалдық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлаған еді. Алайда туыстары университет тарапынан нақты қолдау болмағанын мәлімдеді.
"Ешқандай көмек жоқ. Олар ақпаратты жасыруға тырысып жатқандай әсер қалдырады. Өйткені біз деканатпен өзіміз байланысып, барлық жағдайды сұрап жүрміз. Алғашында бір-біріне қайшы ақпарат айтқаннан кейін, олардан нақты жауап ала алмайтынымызды түсіндік. Бізбен ешкім өзі хабарласқан жоқ", – дейді марқұмның туысы.
Ал университет өкілдері оқиғаға байланысты проректор мен декан қызметтен кеткенін мәлімдеді.
“Бүгінгі күні ректордың бұйрығымен проректор қызметтен босады және география және табиғатты пайдалану деканы қызметтен босатылды. Және осы сол күні кеште жатақханада кезекші болған азаматтар әзірге жұмыстан шеттетіліп отыр”, – дейді ҚазҰУ ақпарат және коммуникациялар департаменті директорының міндетін атқарушы Бақтияр Рымжанов.
Еске сала кетейік, өткен аптадағы жұмадан сенбіге қараған түні ҚазҰУ-дағы Журналистика факультетінің студенттері тұратын №5 жатақханада белгісіз себептермен 1-курс студенті қайтыс болды. Студенттердің сөзінше, марқұм жатақханада өз-өзіне қол жұмсаған. Одан соң 16 қарашада ҚазҰУ-дағы екінші студенттің қазасы туралы ақпарат тарады. Осы жағдайлардан соң проректор мен факультет деканы қызметінен босатылды.
Марқұмның екеуі де Шымкент қаласынан. Қатар болған қайғыдан кейін министрлік ақыры оқу ордасына комиссия жіберіпті
"Жүрек тұсынан электрошокермен ұрып өлтірген": ҚазҰУ жатақханасында қаза тапқан студенттің туыстары оқиға туралы айтып берді
