Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

40 мың теңгелік галстук, 60 мың теңгелік аяқ киім: Қазақстандық шенеуніктер қандай киім киеді?

вице-министр
Фото: Үкімет

Үкіметте өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков пен "Даму" қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев отандық киім өндірушілердің өнімдерін қаншалықты тұтынатыны туралы сұраққа жауап берді. Олар Қазақстанда тігілген киімдерге қатысты пікір білдіріп, өздері киіп жүрген киімдердің бағасын да айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков үстіндегі костюмінің Қазақстанда тігілгенін, бірақ матасы шетелден әкелінгенін айтып қалды. 

"Қазақстанда мақта матасын шығаратын өндіріс бар. Бірақ аралас және жүн маталары бізде әзірге өндірілмейді. Сондықтан үстімдегі костюм толықтай Қазақстанда жасалған десем, өтірік айтқан болар едім. Матасы шетелден әкелінген, ал костюм Қазақстанда тігілген. Бағасы шамамен 100 мың теңге", – деді Олжас Сапарбеков.

Вице-министр аяқ киімінің, қалған киім-кешегі мен аксессуарларының бір бөлігі де шетелдік екенін  жасырмады.

Даму
Фото: Үкімет

Ал "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев отандық киімдерді жиі сатып алады екен. Ол Астанада жыл сайын өтетін "Ұлттық өнім" көрмесінен кейін қазақстандық тауарларды сатып алуға шақыратын бастама көтергенін жеткізді.

"Бізде сапалы киім шығаратын кәсіпорындар бар. Мысалы, Қызылордада Dalatex жейделері, Қарағандыда Neyches Boots аяқ киімдері, Көкшетауда Albe аяқ киімдері өндіріледі. Сондай-ақ галстук тігетін "Адели", "Арғымақ" сияқты компаниялар бар. Мен олардың өнімдерін анда-санда сатып аламын. Сапасы шынымен жақсы", – деді қор басшысы.

Фархат Сәрсекеев сол күні тағып келген галстугі мен аяқ киімінің де Қазақстанда жасалғанын айтты.

"Галстугім – қазақстандық, бағасы 40 мың теңге. Аяқ киімім Қарағандыда жасалған, шамамен 60 мың теңге тұрады. Оларды Астанадағы Мәңгілік Ел даңғылынан сатып алуға болады", – деді ол.

Мұны естіген Олжас Сапарбеков өзінің де Қарағандыда шығарылған дәл сондай аяқ киімі бар екенін айтты.

Еске салсақ, бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ай сайын коммуналдық қызметтерге қанша ақша төлейтінін айтқан еді. Министр Астанадағы "Хайвилл" тұрғын үй кешенінде тұратынын және коммуналдық төлемдерге айына 73–75 мың теңге жұмсайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол интернет пен көлік тұрағының ақысын бөлек төлейтінін, ал айлық жалақысы шамамен 1,2 миллион теңге екенін жеткізді.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 14:33