Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың 16,6 миллион жеке дерегі даркнетте сатылымға шығарылғаны жарияланды

жеке деректер сатылымға шықты
Фото: socradar.io

Қазақстан Жоғарғы Сотының 507 миллион жазбадан тұратын дерекқоры даркнетте 50 мың долларға (22,2 миллион теңге) сатылымға қойылғаны туралы ақпарат тарады. Белгісіз сатушы базада 16,6 миллион қазақстандықтың жеке дерегі барын мәлімдеген. Бұл ақпаратты SOCRadar киберқауіпсіздік мамандары анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі SOCRadar Dark порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазақстан Жоғарғы Сотының 507 миллион жазбасы сатылымға қойылған

SOCRadar мамандары даркнеттен Қазақстан Жоғарғы Сотының (Sud.kz) дерекқорына тиесілі деген 507 миллион жазбаны сатуға ұсынған хабарландыру тапқан. Өзін Brose деп таныстырған сатушы бұл мәліметтер 2014–2026 жылдар аралығын қамтитынын және 186 кестеден тұратынын айтқан. Ол дерекқорды 50 мың долларға (22,2 миллион теңге) бағалаған.

Сатушының мәлімдеуінше, базада 16,6 миллион азаматтың жеке мәліметі, сот істеріне қатысты 13,3 миллион жазба және компаниялар туралы 6,8 миллион жазба бар. Сондай-ақ деректер арасында азаматтардың ЖСН-дері, паспорт мәліметтері, сот құжаттары, парольдердің шифрланған нұсқалары, әкімшілік аккаунттардың деректері, жүйеге кіруге арналған токендер мен төлем ақпараты бар екенін мәлімдеген.

Егер бұл ақпарат расталса, азаматтардың жеке деректері алаяқтық жасауға, аккаунттарды бұзуға және құпия сот құжаттарын заңсыз пайдалануға жол ашуы мүмкін. Алайда дерекқордың шынымен Қазақстан Жоғарғы Сотына тиесілі екені әзірге расталмаған.

Daxus арқылы 3 миллионға жуық логин мен пароль сатылымға шығарылған

SOCRadar тобы даркнеттегі маркетплейстердің бірінен Daxus платформасына қатысты хабарландыру тапқан. Бұл платформа ақпарат ұрлайтын зиянды бағдарламалар жинаған деректерді және аккаунттарға кіруге мүмкіндік беретін мәліметтерді ұсынады. Хабарландыруда шамамен 2,96 миллион жазба сатылымға шығарылған. Олардың ішінде сайттардың сілтемелері, қолданушының логині мен паролі бар.

Сондай-ақ ұсынылатын қызметтердің арасында аккаунттарға кіру деректері, сессиялық cookie файлдары, жеке журналдар мен электрондық поштаға қол жеткізу мүмкіндігі бар. Алайда бұл мәліметтерді қандай зиянды бағдарламалар жинағаны және нақты қай ұйымдарға тиесілі екені көрсетілмеген.

Егер деректер шынайы болса, алаяқтар оларды бөтен адамдардың аккаунттарына кіру немесе компаниялардың ішкі жүйелеріне рұқсатсыз қол жеткізу үшін пайдалануы мүмкін. Әсіресе бір пароль бірнеше жерде қолданылса, қауіп күшейеді.

жеке деректер сатылымға шықтыжеке деректер сатылымға шықты
Фото: socradar.io

SOCRadar тобы Қазақстаннан бөлек, Тайвань мен Грекия азаматтарының да деректері сатылымға шығарылғанын мәлімдеді. Одан бөлек, Telegram-ның 2020–2024 жылдар аралығындағы 26,5 миллион қолданушысына қатысты мәлімет сатылымға қойылғаны туралы хабарландыру тапқан.

Өзін Ghost_King деп таныстырған адам деректер бес CSV файлынан тұратынын айтқан. Оның сөзінше, мәліметтер Telegram, Glaz Boga, FSBToool және басқа да дереккөздерден жиналған. Жарияланған үлгілерде қолданушылардың Telegram-дағы жеке нөмірлері, аттары, телефон нөмірлері және электрондық пошта мекенжайлары бар екені көрсетілген.

Хабарландыру авторы қайталанатын мәліметтерді алып тастап, телефон нөмірлерін біріздендіргенін мәлімдеген. Деректер негізінен Ресей, Украина, Беларусь, Молдова, Латвия және көршілес елдердің тұрғындарына қатысты екені айтылған. Егер бұл ақпарат расталса, алаяқтар мәліметтерді қолданушыларға жалған хабарлама жіберу, аккаунттарды анықтау және жеке деректерді пайдаланып қылмыс жасау үшін қолдануы мүмкін. Алайда бұл Telegram-ның өз жүйесі бұзылғанын білдірмейді.

Еске салсақ, Бас прокуротураға бұған дейін "Яндекс" сервистеріндегі ақауға және қазақстандықтардың жеке деректерінің ашық жариялануына байланысты тексерулер жүргізу тапсырылған еді. 

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 12:20