Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оқымасаң, зауытта жұмыс істейсің: Қазақстанда жұмысшы мамандықтарға көзқарас неге өзгерді

Бала күнімізде "Оқымасаң, зауытқа барасың" деген сөзді талай естідік. Мұны үлкендер ақыл ретінде емес, көбіне қорқыту үшін айтатын. Сол кезде зауытта жұмыс істеу оқуға түсе алмаған немесе басқа мамандық иесі бола алмаған адамның амалы сияқты көрінетін. Алайда қазір бұл түсінік ескіріп барады.

Еңбек министрлігінің дерегінше, елімізде жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары. Бұған өнеркәсіптің дамуы мен білікті кадрларға сұраныстың артуы себеп.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында 2035 жылға дейін елге 2,9 миллион маман қажет болатынын айтқан еді. Оның 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтары бойынша даярланған мамандар болуы керек. Әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында кадр тапшылығы сезілуі мүмкін.

Сондықтан қазір жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, жастарға сұранысқа ие мамандықты меңгеруге және еңбек жолын бастауға мүмкіндік беру маңызды.

Осы мақсатта 2026 жылы Республика күні қарсаңында Allur және Qarmet компаниялары "Болашаққа жол" бағдарламасын іске қосты. Жобаның алғашқы кезеңінде еліміздің әр өңірінен 500 жасқа корпоративтік квота бөлу көзделген. Әсіресе шалғай ауылдарда тұратын және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан жастарға басымдық берілмек.

Бастаманың мақсаты – жастардың кәсіби білім алуына жол ашып, жұмысқа орналасуына және кейін қызметте өсуіне жағдай жасау. Бұл өндіріс орындары үшін де маңызды. Себебі кәсіпорындарға жаңа буынның білікті мамандары қажет.

Allur компаниясы жастарды мамандыққа даярлауда дуалды білім беру жүйесіне сүйенеді. Бұл тәсіл бойынша студенттер теорияны оқып қана қоймай, өндіріс орнында тәжірибе жинайды. Осылайша болашақ маман зауыттың жұмысымен ертерек танысып, өз мүмкіндігін бағамдай алады.

Компания балалар мен жасөспірімдердің мамандық таңдауына да көңіл бөледі. Осы бағытта Kidburg жобасы мен балалардың инженерлік ойлауын дамытуға арналған Allur Myn Bala бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.

Қостанайдағы Allur зауыты – Қазақстандағы ең ірі автокөлік құрастыру кәсіпорны. Мұнда автокөліктер шағын тораптар әдісімен құрастырылады. Кәсіпорындағы өндіріс үдерісі толық циклге жақын. Зауыт елімізде көлік құралдарының барлық түрін шығаратын жалғыз өндіріс орны екенін атап өткен жөн.

Зауыттағы жұмыс туралы қалыптасқан түсініктің де өзгергені байқалады. Мұнда еңбек еткісі келетін адамға қара күш қана жеткіліксіз. Сонымен қатар өндіріс үдерісін түсіну, ақпаратты саралау, дұрыс шешім қабылдау және теориялық білімді тәжірибеде қолдана білу қажет.

“Көпшілік әлі күнге дейін зауытта жұмыс істеу үшін ең алдымен физикалық күш керек деп ойлайды. Шын мәнінде, мұнда өндіріс үдерістерін түсініп, ақпаратты талдай білу, мәселенің шешімін табу және алған біліміңді тәжірибеде қолдану маңызды. Меніңше, білім мен тәжірибе бірін-бірі толықтыруы керек. Сонда ғана маман кәсіби тұрғыдан өсіп, кәсіпорынның дамуына үлес қоса алады”, – дейді Allur зауытының жобаларды сүйемелдеу басқармасының басшысы, Қытайдағы Цзянсу технологиялық университетінің түлегі Сабина Акабаева.

2026 жылғы қарашада Сабина компанияның қолдауымен өзі білім алған университетте жалпы және стратегиялық менеджмент мамандығы бойынша Іскерлік әкімшілік басқару магистрі (MBA) дәрежесін алды.

Аллюр фото

Бір кездері зауытқа баруды оқи алмаған адамның амалы деп түсінсек, қазір жағдай мүлде басқа. Заманауи өндіріс терең білімді, тәжірибені және үнемі ізденуді талап етеді. Демек, зауытта жұмыс істеу білімсіздіктің белгісі емес, керісінше, біліміңді нақты іске жаратып, кәсіби тұрғыдан дамудың бір жолы.

Ақгүл Айдарбекқызы
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 09:35