Алматыдан ұшып шыққан FlyArystan ұшағы Делиге әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды
Алматыдан Үндістанның Гоа қаласына бағыт алған FlyArystan әуе компаниясының ұшағы Делиге мәжбүрлі түрде қонды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы жолаушылар әлеуметтік желіде хабарлады. Threads қолданушысы Алматыдан Гоаға ұшқан әуе кемесі діттеген жеріне жете алмай, Үндістан астанасына қонуға мәжбүр болғанын жазды.
Жолаушының айтуынша, олар ұшақ ішінде бір жарым сағаттай отырып, қонақүйге орналастыру мәселесінің шешілуін күткен.
"Бүгін FlyArystan әуе компаниясымен Алматыдан Гоаға ұшқан едік. Алайда діттеген жерімізге жете алмадық. Ұшақ Делидегі әуежайға мәжбүрлі түрде қонды. Бір жарым сағаттан бері ұшақтың ішінде отырмыз. Қонақүйге қашан орналастыратынын күтіп отырмыз. Баратын жерімізге қашан жететініміз әзірге белгісіз", – деп жазды ол.
Жолаушының жазбасына FlyArystan әуе компаниясы да жауап берді. Әуе тасымалдаушысының мәліметінше, Алматы – Гоа бағытындағы FS7415 рейсі Делиге мәжбүрлі түрде қонған. Қазір рейстің ұшуы операциялық себептерге байланысты кешіктіріліп жатыр.

Компания жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі басты назарда екенін атап өтті. Сондықтан барлық шешім ұшу қауіпсіздігі талаптарына сәйкес қабылданатынын жеткізді.
Сондай-ақ әуе компаниясы рейстің кешігуіне байланысты жолаушыларды қонақүйге орналастыру және тамақпен қамтамасыз ету қарастырылғанын хабарлады.
"Ұшу кестесіндегі өзгерістер туралы ақпарат билетті брондау кезінде көрсетілген байланыс деректеріне жіберіледі. Сондай-ақ бұл рейстің чартерлік екенін еске саламыз. Ақшаны қайтару немесе билетті басқа рейске ауыстыру мәселелері бойынша әуе билетін сатып алған жерге тікелей хабарласуға кеңес береміз", – делінген әуе компаниясының хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Мәскеуден Алматыға ұшып келе жатқан SCAT ұшағы Астанаға шұғыл қонғаны туралы жазған едік.