"Авторлардың өкпесі қара қазандай": Марат Омаров Нұрлан Өнербаевтың "Анашым" әнін неге орындамай жүргенін түсіндірді
Белгілі әнші әрі композитор Марат Омаров халықтың сүйікті әніне айналған “Анашым” туындысына қатысты дауға қатысты пікір білдірді. Өнер иесі әнші Нұрлан Өнербаевтың бұл шығарманы кейінгі уақытта не себепті орындамай жүргенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Композитор журналист Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасына берген сұхбатында “Анашым” әнінің авторлары мен Нұрлан Өнербаев арасындағы түсініспеушілікке тоқталды.
Марат Омаровтың айтуынша, әншіге туындыны орындауға ешкім тыйым салмаған. Алайда авторлар еңбегінің ескерусіз қалуына байланысты арада реніш туындаған.
“Бәрің Нұрлан Өнербаевтың ғана әңгімесін естіп жүрсіңдер. Біз оған тыйым салған жоқпыз. Мен бармын, басқа авторлар бар. Біз тек ренішімізді айттық. Әнді айтқанда авторларды неге хабарламайсың деп ескерткенбіз. Өнербаев соған тырысып, айтпай қалды. Әйтпесе ешкім оған заң жүзінде бұл әнді айтпа деп тыйым салған жоқ”, – деді композитор.
Сондай-ақ Марат Омаров көпшілік “Анашым” әнін Нұрлан Өнербаевтың орындауында танығанымен, туындының жарыққа шығуына және әншінің оны орындау мәнерін қалыптастыруға өзі де еңбек сіңіргенін жеткізді.
“Халық сүйіп тыңдайтын, Нұрлан Өнербаевтың әні деп қабылдайтын туындыны оған өзім үйреттім. Интонациясын дұрыстадым. Ол нота білмейді, музыкалық сауаты жоқ адам”, – деді өнер иесі.

Композитор әнге қатысты келіспеушіліктің басты себебі авторлардың аты-жөнінің аталмауы екенін тағы да атап өтті.
“Мен ешқандай тыйым салған жоқпын. Өнербаевқа ән авторларының өкпесі қара қазандай”, – деді Марат Омаров.
Осылайша композитор Нұрлан Өнербаевтың “Анашым” әнін орындамай жүруін арадағы ренішпен байланыстырды. Дегенмен әнді айтуға қандай да бір заңды шектеу қойылмағанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та тұратын композитор Марат Омаров әнші Луинаны сотқа беретініхабарланған еді. 40 жылдан бері шырқалып келе жатқан Марат Омаровтың “Анашым” әніне қатысты дау туды. Эстрада жұлдызы Луина “Анашым” әнін мереке қарсаңында орындап, бейнебаян түсірген. Жазба соңына авторын Нұрлан Өнербаев деп көрсеткен. Басы дауға қалған әнші Луина жеке парақшасында жазба жариялап, серіктес компанияның қатысы барын айтты.
Алматыдағы құны 1,5 миллиард теңгелік крематорийде жарты жылда небәрі 30 адам өртелген: Қызмет қанша тұрады