Таразда 102-ге қоңырау шалып, полицейді балағаттаған ер адам жазаланды
Тараз тұрғыны телефон арқылы полиция қызметкерін қорлағаны үшін сотталды. Енді ол 40 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Тараз қаласында болған. Ер адам 102 нөміріне қоңырау шалып, кезекші полиция қызметкерімен сөйлескен. Алайда әңгіме барысында ашуға беріліп, телефон тұтқасын көтерген әйел инспекторды балағаттай бастаған.
"Ер адам кезекші бөлімге хабарласқан кезде өзін дөрекі ұстап, жедел басқару орталығының инспекторына тіл тигізген. Қызметкер оған бірнеше рет ескерту жасағанымен, ол балағаттауын тоқтатпаған. Осылайша полиция қызметкерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлаған", – делінген хабарламада.
Осы жағдайдан кейін ер адамға қатысты билік өкілін қорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істі қараған сот оны кінәлі деп танып, 40 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шығарды. Жазаны өтеу үшін ер адам жергілікті әкімдік ұйымдастыратын қоғамдық жұмыстарға қатысуы тиіс.

Еске салсақ, бұған дейін Таразда қызметтік көліктің терезесінен сыртқа түкірген полицейдің әкімшілік жауапкершіліктен босатылғаны туралы жазған едік. Сотта полиция қызметкері жөтелі қысып, түкіруге мәжбүр болғанын айтқан. Ал судья бейнежазбада сілекейдің нақты қай жерге түскені көрінбейтінін алға тартып, істі тоқтатқан.
Алматыдағы құны 1,5 миллиард теңгелік крематорийде жарты жылда небәрі 30 адам өртелген: Қызмет қанша тұрады