Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ермек Сағымбаевтың ҰҚК басшылығынан не үшін кеткені белгілі болды

Ермек Сағымбаев
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысының кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Ермек Сағымбаевтың қызметінен кету себебін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Айбек Смадияровтың айтуынша, Ермек Сағымбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылған. Алайда бұл шешімге арнайы қызметтің жұмысын жаңарту және басшылық құрамды ауыстыру қажеттігі де әсер еткен. Айта кетерлігі, президент Сағымбаевты қызметінен босатқан кезде "Самұрық-Қазына" қоры мен "Қазақстан темір жолы" басшыларының жемқорлық күдігімен ұсталуын да назарға алған.

"Ермек Сағымбаевты қызметінен босату туралы шешім қабылдағанда мемлекет басшысы жемқорлыққа қатысты іске қатысы бар адамдардың ұсталғанын да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылымдардың жұмысында кемшіліктер кеткен. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де тәртіптік жаза берілді", – деді Айбек Смадияров.

Смадияровтың сөзінше, президент 16 қарашада Ішкі істер министрлігінің басшыларымен арнайы жиын өткізген. Онда полиция қызметкерлерінің тәртібін күшейтіп, олардың кәсіби дайындығын арттыруды тапсырған. Сонымен қатар Ержан Сәденовке қатардағы полицейлер мен басшылық құрамның жауапкершілігін арттыру, қызметкерлер арасында тәртіпке қатысты түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеті де жүктелген еді.

Бұдан бөлек, Айбек Смадияров Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшыларына қатысты тергеу жүріп жатқанын әуел бастан білгенін айтты.

"Жалпы, бұл істің жемқорлыққа қатысты екеніне күмән жоқ. Мұны күдіктілердің тергеу кезіндегі әрекеттері де растайды. Президент жүргізіліп жатқан тергеуден басынан бастап хабардар болды. Оның жемқорлықпен күреске қатысты ұстанымы өзгермейді әрі берік", – деді Айбек Смадияров.

Еске салсақ, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен ұсталғанын растаған еді. Қазір бұл іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 15:50