"Самұрық-Қазынаны" жабу керек пе: Сарапшылар Жақыповтың ұсталуынан кейін күмәнді келісімдер мен макроэкономикалық тәуекелдерді атады
“Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен “Қазақстан темір жолы” басшысы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталуы елдің халықаралық беделі мен инвестициялық тартымдылығына ауыр соққы болуы мүмкін. Қаржыгер Арман Батаев пен энергетика саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов осы оқиғаға байланысты өз пікірлерін білдіріп, қордағы жүйелі мәселелер мен тексеруді қажет ететін ірі мәмілелерге назар аударды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Шетелдік инвесторлар Қазақстаннан келген қоңырауларға жауап бермеуі мүмкін”
Қаржыгер Арман Батаевтың айтуынша, мемлекеттік қор басшысының ұсталуы Вашингтонда өтіп жатқан B20 іскерлік форумымен тұспа-тұс келген. Дәл сол күні қазақстандық делегация АҚШ-та шетелдік инвесторларды ел экономикасына қаржы құюға шақырып жатқан еді.
“Активы 100 миллиард долларға жуықтайтын (елдің ЖІӨ-сінің шамамен 30%-ы) басты квазимемлекеттік компанияның бірінші басшысы жемқорлық күдігімен ұсталғанда, бүкіл елге, әрбір шенеунікке көлеңке түседі. Енді Қаржы министрлігі, “Самұрық-Қазына” және ұлттық компаниялар үшін инвестиция тартатын немесе оларды IPO-ға шығаратын шетелдік инвестбанкирлер Қазақстаннан түскен қоңыраулар мен хаттарға құлықсыз жауап беретін болады”, — деп жазды қаржыгер.
Батаевтың пікірінше, бұл жағдай макроэкономикалық деңгейде кері әсерін тигізеді:
-
Қарыз алу қымбаттайды: Шетелдік инвесторларды сендіру үшін қазақстандық эмитенттерге еурооблигациялар бойынша жоғары табыстылық ұсынуға тура келеді. Мөлшерлеменің ондаған базистік тармаққа өсуі жыл сайын миллиондаған доллар қосымша пайыздық шығынға әкеледі.
-
Тәуекелдер күшейеді: Бағалы қағаздарды шығару проспектілеріндегі "Тәуекел факторлары" бөлімінде елдегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері егжей-тегжейлі жазылып, үкіметтің оны жою жөніндегі нақты шараларын дәлелдеу талап етіледі.
“Самұрық-Қазынаны” холдинг ретінде тарату ұсынылды
Қаржыгер квазимемлекеттік сектордағы жемқорлықты жою үшін үкіметтің бақылауы жеткіліксіз екенін алға тартады. Оның орнына Батаев “Самұрық-Қазынаның” барлық қоржындық компанияларын әділ не төмендетілген бағасына қарамастан IPO-ға шығаруды ұсынды.
Оның тұжырымдамасы бойынша:
-
Мемлекет компаниялардағы 51%-дық бақылау пакетін өзінде қалдыруы тиіс;
-
Алайда мемлекет операциялық басқаруға араласпайтын “пассивті инвестор” рөлінде ғана болуы керек;
-
Осыдан кейін “Самұрық-Қазынаны” холдингтік құрылым ретінде мүлде жабу қажет.
“Мемлекеттік компания — иесіз компания деген сөз. Онда нақты қожайын көрінбейді, есесіне басқарманың қолында орасан зор билік пен ресурс шоғырланған. Оны Solidcore, Kaspi, Halyk Bank сияқты жария компаниялармен салыстырып көріңізші. Онда жемқорлық тәуекелі әлдеқайда төмен, өйткені акционерлер өз-өзінен ұрламайды және актив құнының өсуіне тікелей мүдделі”, — дейді Арман Батаев.
Нұрлан Жақыповтың тұсында жасалған 3 күмәнді мәміле
Ал Energy Monitor қорының басшысы, мұнай-газ және энергетика саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов Нұрлан Жақыпов “Самұрық-Қазынаны” басқарған кезеңде энергетика саласында жасалған және құқық қорғау органдарының тексеруін қажет ететін үш күмәнді келісімді атады:
-
Түркістан облысындағы күкірт қышқылы зауыты: Зауыттағы 60%-дық мемлекеттік үлес конкурс өткізілместен кәсіпкер Артықбаевқа сатылған. Айта кетерлігі, бұл жоба Қазақстанның Даму банкінен жеңілдетілген несие алған және 2043 жылға дейін еліміздегі уран өндіруші компанияларды күкірт қышқылымен қамтамасыз етуге арналған кепілді келісімшарттармен қамтылған. Мәміле сомасы жарияланбаған.
-
“Phystech-2” мұнай-газ компаниясы: Бұрын кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған компанияның 51%-дық үлесі тендерсіз жеке тұлға Гүлмарал Мырзағаринаға берілген. Келісім бойынша жаңа иесі компанияның жарғылық капиталына 8 миллиард теңге құюға міндеттелген, алайда сарапшының дерегінше,бұл қаражат әлі күнге дейін салынбаған.
-
“Богатырь Көмір” компаниясындағы үлес: Еліміздегі ең ірі көмір өндіруші кәсіпорындағы 35%-дық мемлекеттік үлес катарлық Primet компаниясына сатылған. Жұмағұловтың айтуынша, бастапқыда мемлекеттің үлесі 50% болған, кейін келісімге ыңғайлы болу үшін ол 35 %-ға дейін төмендетілген.Бұл мәміленің де нақты сомасы құпия қалып отыр.
Сарапшы “Богатырь Көмір” еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызды нысан болғандықтан, мемлекет ондағы үлесін кері қайтарады деп болжайды.
Еске салайық, 11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті “Самұрық-Қазына” басшысы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ төрағасы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталғанын ресми растады. Кейінірек Астанадағы “Atlant-6” тұрғын үй кешенінің жанынан шашылған доллар купюралары мен сегіз чемодан табылып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осы оқиғалар аясында мемлекет басшысы үкіметке квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту және корпоративтік басқару сапасын арттыру бойынша нақты шаралар әзірлеуге 10 күн уақыт берген болатын.
