Қазақстандағы вольфрам жобасы 840 миллион долларға бағаланды: Инвесторлар АҚШ сұранысын толық дерлік жабуды көздеп отыр
Америкалық Cove Kaz Capital Group LLC компаниясы Қазақстандағы вольфрам кен орындарын игеруге 1–1,2 миллиард доллар көлемінде қаржы құюды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloombergагенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Журналистер АҚШ-тың Экспорттық-импорттық банкінен (EXIM Bank) Ақпарат еркіндігі туралы заң (FOIA) аясында алынған 23 беттік құпия құжаттарды зерттеп шыққан. Олардың арасында Cove Kaz Capital Group компаниясының 2025 жылдың жазында дайындаған инвестициялық таныстырылымы бар. Құжатта қазақстандық активті сатып алу, вольфрам өндіру перспективасы, жобаның қаржылық моделі және АҚШ-қа шикізат жеткізу көлемі егжей-тегжейлі сипатталған.
Инвестор Қазақстанда тек шикізат өндірумен шектелмей, кен орындарын игеруден бастап өнеркәсіпке арналған дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді жолға қоюды көздеген.
Мемлекеттік активтің 70 пайызы сатылды
2025 жылғы таныстырылымда Cove Kaz бұған дейін “Тау-Кен Самұрық” ұлттық тау-кен компаниясына толық тиесілі болған “Солтүстік Қатпар” ЖШС-нің 75–100% үлесін сатып алу ниетін білдірген. Кейін тараптар 70%-дық үлесті сату туралы келісімге келді. Сатып алу-сату шартына 2026 жылдың 13 ақпанында қол қойылып, 4 мамырда мәміле толық аяқталды.
Сатылған үлестің құны 114,8 миллион долларды (54,2 млрд теңге) құрады. Қалған 30%-ы “Тау-Кен Самұрық” компаниясының иелігінде қалды. Мәміле құнын үлеске шаққанда компанияның 100%-дық есептік бағасы шамамен 164 миллион доллар (77,5 млрд теңге) болады. Алайда бұл ресми нарықтық баға емес, есептік көрсеткіш қана.

“Солтүстік Қатпар” ЖШС Қарағанды облысындағы екі ірі вольфрам кен орнына — Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты жобаларына иелік етеді.
Кен орнының құны 10 есе өсті
Құжаттағы ең қызықты деректердің бірі — Солтүстік Қатпар кен орнының қаржылық бағалануы. 2023 жылы CSA Global жүргізген зерттеуге сәйкес, жобаның таза келтірілген құны (NPV) 84 миллион доллар (39,7 млрд теңге) деп бағаланған еді. Ал Cove Kaz Capital өз қаржылық моделінде бұл көрсеткішті 840 миллион долларға (396,9 млрд теңге) жеткізген. Осылайша,бағалау құны 10 есеге артқан.
Компания бұл айырмашылықты нарықтық конъюнктураның өзгеруімен және өндірісті оңтайландыру мүмкіндігімен түсіндіреді:
-
2023 жылғы зерттеуде вольфрамның тоннасы 25,6 мың доллар (12,1 млн теңге) деп есептелсе, Cove Kaz 2025 жылдың екінші тоқсанындағы орташа бағаны — тоннасына 38,5 мың долларды (18,2 млн теңге) негізге алған;
-
Дисконттау мөлшерлемесі бұрынғы 10%-дың орнына 8% болып төмендетілген;
-
Өндіру мен өңдеу тиімділігін арттыру мүмкіндіктері қосылған.
Айта кетерлігі, 840 миллион доллар (396,9 млрд теңге) — тәуелсіз сараптаманың нәтижесі емес, компанияның болашақ бағалар мен өндіріс тиімділігіне жасаған болжамына негізделген жеке бағасы.
Қазақстандық вольфрам АҚШ импортының 90%-дан астамын жаба алады
Жоспар бойынша Солтүстік Қатпар жылына шамамен 5 мың тонна вольфрам өндіруі тиіс. Жоғарғы Қайрақты кен орны іске қосылғаннан кейін өндіріс көлемі тағы 6 мың тоннаға артады. Осылайша, екі кен орнының жиынтық қуаты жылына 11 мың тоннаға жетпек.
Салыстыру үшін айтсақ, АҚШ-тың кейінгі бес жылдағы орташа вольфрам импорты жылына шамамен 11,85 мың тоннаны құраған. Яғни Қазақстандағы кен орындары АҚШ сұранысының 90%-дан астамын қамтамасыз ете алады.
Cove Kaz өнімді АҚШ-тың мемлекеттік және корпоративтік сатып алушыларына, соның ішінде Ұлттық қорғаныс резервін толықтыруға бағыттауды көздеген. Қазір әлемдік вольфрам өндірісінің 80%-дан астамын Қытай бақылауда ұстап отырғандықтан, Вашингтон стратегиялық маңызды минералдарды жеткізу көздерін әртараптандыруға ерекше мүдделі.
Сонымен қатар Солтүстік Қатпарда вольфрамнан бөлек молибден, мыс және висмут қорлары бар. 2023 жылғы техникалық-экономикалық зерттеуге сәйкес, ілеспе металдарды сатудан түсетін табыс кен орнының операциялық шығындарының шамамен 60%-ын жаба алады.
Жоба 3 кезеңде жүзеге асады
Инвестициялық таныстырылымға сәйкес, жобаны дамыту үш негізгі кезеңге бөлінген:
-
Бірінші кезең (400–450 млн доллар): Солтүстік Қатпарды игеру және вольфрам концентратын өндіретін зауыт салу; (189 – 212,6 млрд теңге)
-
Екінші кезең (75–100 млн доллар): Вольфрам өнеркәсібіне қажетті аралық өнім — аммоний паравольфраматын (APT) өңдеу қуаттарын құру; (35,4 – 47,2 млрд теңге)
-
Үшінші кезең (550–650 млн доллар): Жоғарғы Қайрақты кен орнын игеру және өңдеу қуаттарын кеңейту. (259,9 – 307,1 млрд теңге)
Бұдан бөлек, алдын ала дайындыққа, қосымша геологиялық барлауға және түпкілікті техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге шамамен 20 миллион доллар (9,45 млрд теңге) жұмсалмақ. Бұл жұмыстарға екі жыл, ал бірінші кезеңнің құрылысына 18–24 ай уақыт берілген. Жалпы күрделі шығындар көлемі 1–1,2 миллиард долларға (472,5 – 567 млрд теңге) бағаланып отыр.
Cove Capital-дың Қазақстандағы мүддесі вольфраммен ғана шектелмейді. Компания “Қазгеологиямен” бірлескен Akbulak REE Ltd кәсіпорнының 75% үлесіне ие (Ақбұлақ учаскесінде сирек кездесетін жер элементтерін барлаумен айналысады). Сондай-ақ оның қоржынындағы “Kaz Critical Minerals” ЖШС Шығыс Қазақстандағы 13 лицензиялық учаскеде геологиялық барлау жүргізуде.
АҚШ тарапынан қаржыландыру және Трамптың ұлдарына қатысы
Бұған дейін Bloomberg пен The Wall Street Journal басылымдары АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары — Эрик Трамп пен кіші Дональд Трамптың құрылымдары арқылы Cove Kaz Capital компаниясында 1%-дан аз жанама үлеске ие болуы тиіс екенін хабарлаған еді. Олардың өкілдері мен компания басшылығы Трамптың ұлдары бизнесті басқаруға және қазақстандық мәмілеге қатыспайтынын мәлімдеген.
Жобаны жүзеге асыру үшін Cove Kaz АҚШ-тың мемлекеттік қаржы институттарынан 1,6 миллиард долларға (756 млрд теңге) дейін қаражат тартуды көздеген: EXIM Bank 900 миллион долларға (425,2 млрд теңге), ал АҚШ-тың Халықаралық дамуды қаржыландыру корпорациясы (DFC) 700 миллион долларға (330,7 млрд теңге) қызығушылық хатын берген. Алайда бұл құжаттар түпкілікті несиелік міндеттеме болып саналмайды.
Қазіргі уақытта америкалық ведомстволар жобаны қаржыландыруды белсенді түрде ілгерілетіп жатқан жоқ: DFC мәміле бойынша жұмыстың тоқтағанын растаса, EXIM хатының мерзімі 2026 жылдың тамызында аяқталған. Ал Cove Kaz Capital өкілдері құрылысты қаржыландыруға ресми өтінімді 2027 жылы түпкілікті ТЭН аяқталғаннан кейін ғана беретінін және америкалық институттармен өзара іс-қимыл жалғасып жатқанын хабарлады.