Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Салатанатқа Қуандық туралы неге ескертпегенін мәлімдеді

Назым Қаһарман
Фото: Бейнероликтен үзінді

Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман неліктен Салатанатқа оның мінезінің ауыр екенін ескертпегенін айтты. Сөзінше, Салатанатқа барып, бұл туралы айту – әдептілікке жат деп түсінген. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Назымның айтуынша, ол Салтанатты мүлдем танымайтынын және күйеуімен ажырасқаннан кейін, ол туралы оның екінші әйеліне жамандап айтуды абсурд деп санаған.

“Салатанатқа барып, оны жамандауды керек емес дүние деп санадым. Мен мұны қисынсыз әрі әдептілікке жат деп ойладым”, – деді Назым Қаһарман.

Салтанат пен Қуандықтың тойы белгіленгенін естігенде, ол өзінің абысынына барып, Салтанатқа үш ескерту айтқан, алайда ол Салтанаттың өзіне жетті ме, жетпеді ме белгісіз болып қалды.

“Қуандықпен жұмсақ болудың қажеті жоқ. Ол мейірімділікті әлсіз деп қабылдайтын адам. Салтанатқа өзінің шекарасын ғана емес, сонымен қатар отбасының да шекарасын қорғайтын күш керек болған еді”, – деді Назым.

Назым Қахарманның айтуынша, Бишімбаев балалардың дүниеге келуіне қызғанышпен қараған. Себебі әйелдің бар назары балаға ауып, Қуандық инфантильдік танытқан.

Айта кетейік, 2023 жылдың қарашасында Астанада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталды. Оқиға елордадағы BAU мейрамханасында болған. Тергеу мәліметінше, Бишімбаев жұбайы Салтанат Нүкенованы соққыға жығып, оның өліміне себеп болған. 2024 жылдың 13 мамырында сот оны аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 24 жылға бас бостандығынан айырды. Ал оқиғаға қатысы бар деп танылған Бақытжан Байжанов төрт жылға сотталды.

Еске сала кетейік, сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман тағы да бұрынғы күйеуінің туыстарымен соттасуға мәжбүр екенін мәлімдеді. Бұл жолы одан 22 миллион теңге талап етілген.

Stan.kz
Жұма, 13 Қараша, 2026 11:43