Бишімбаевтың анасы бұрынғы келіні Назым Қаһарманнан 22 миллион теңге талап етіп, бесінші рет сотқа берді
Сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман тағы да бұрынғы күйеуінің туыстарымен соттасуға мәжбүр екенін мәлімдеді. Бұл жолы одан 22 миллион теңге талап етілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Назым Қаһарманның айтуынша, бұл – бұрынғы күйеуінің туыстары қозғаған бесінші сот ісі.
Әйелдің сөзінше, дау Астанадағы "Хайвилл" тұрғын үй кешенінде орналасқан коммерциялық нысанға қатысты туындаған. Ол некеде болған кезде аталған нысанды басқарып, жалға алушылар іздеген және оны жалға беруден түскен табысты алған.
Ажырасқаннан кейін коммерциялық нысанды басқару Бақытжан Байжановқа өткен. Кейін Назым Қаһарман бұл жұмысты тағы 10 ай бойы өз мойнына алған. Оның айтуынша, осы кезеңде түскен қаражаттың барлығы балалардың қажеттіліктеріне жұмсалған.
"Барлық алынған қаражат мектепке, алиментке, денсаулыққа, демалысқа, дәрігерлерге, репетиторларға жұмсалды. Яғни, мұның барлығы алимент бойынша өзара есеп айырысу болды. Барлық шығындар жазылып, көрсетілді. Екінші тарап бұл туралы хабардар болды, бәрін білді және барлығына келісті", – дейді әйел.
Назым Қаһарман бұрынғы күйеуінің туыстары бұл келісімнен хабардар болғанын, алайда бірнеше жылдан кейін ақшаны қайтаруды талап ете бастағанын айтады. Ол тағылған талаптарды негізсіз деп санайды.
Алғашқы сот отырысы 19 қазанда өткен. Келесі отырыс 11 қарашаға жоспарланған.
Назым Қаһарман бұрынғы күйеуінің туыстарының дәл қазір сотқа жүгінгеніне наразылығын білдірді. Оның айтуынша, ұлы Мансұр мектеп бітіруге дайындалып, шетелдік университеттерге оқуға түсу үшін құжат тапсырып жатқан көрінеді.
Ол жаңа сот дауы туралы балаларына оқуға түсу бойынша өтініштерін жіберіп болғаннан кейін ғана айтқан.
"Неге тағы бір-екі ай күте алмады? Осы үш жыл бойы күттіңіздер ғой. Ол оқуын аяқтап, университетке түскенше тағы бір жыл күтуге не кедергі болды?" – деп Бишімбаевтың ата-анасына үндеу жасады.
Әйелдің айтуынша, дауға арқау болған 22 миллион теңге туыстарымен жасалған келісім негізінде балалардың күтіміне жұмсалған. Енді Назым Қаһарманның өзі де алимент мәселесіне қатысты сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.
Оның пікірінше, алимент бойынша қоятын талаптарының сомасы 22 миллион теңгеден де көп болуы мүмкін.
Айта кетейік, Назым Қаһарман жаңа арыздағы істің бұған дейін айтылған фитнес-клубқа қатысты істен бөлек екенін атап өтті. Бұған дейін фитнес-клубқа қатысты іс бойынша Бишімбаевтың анасы бұрынғы келінінен 25 миллион теңге өндіру туралы сотқа талап-арыз берген еді.
Еске салсақ, бұған дейін Бишімбаевтың анасы бұрынғы келінін сотқа беріп, 6,6 миллион теңге өндіріп алғаны туралы жазған едік. Бұл іс бойынша да Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова бұрынғы келінінен өзіне тиесілі мүлікті жалға беруден түскен табысты бермегені үшін 14 миллион теңге өндіруді талап еткен. Сот шешіміне сәйкес, "NazKa" ЖК Нұрлыбековаға 6 миллион 665 мың 391 теңге төлеуге міндеттелді.
Алаяқтар қазақстандық әйелдің атынан банк картасын ашып, аударымдар жасаған: Енді оған қылмыстық іс қозғалуы мүмкін
