Қуандық Бишімбаевтың анасы бұрынғы келінін сотқа беріп, 25 миллион талап етті

Әйелін өлтіріп, 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаевтың экс-жұбайы Назым Қаһарман бұрынғы енесі Альмира Нұрлыбекованың өзіне қарсы шамамен 25 миллион теңге өндіру туралы сотқа талап-арыз бергенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Назым Қаһарманның айтуынша, даудың басы 2011 жылдан бері өзі басқарған фитнес-клубтан басталған. Оның сөзінше, бұрынғы енесі мен екеуінің арасында сенімгерлік басқару туралы келісім жасалған.
“Некеде тұрған кезде бұрынғы күйеуімнің туыстары бизнестен түскен табысты талап етпеген. Алайда арада бірнеше жыл өткен соң, бұрынғы енем бұл қаражатты сот арқылы өндіріп алмақ. Мұны Қуандық Бишімбаевтың балаларының әке жағындағы туыстарымен араласуына қатысты жасалып отырған қысым деп ойлаймын. Маған шамамен 25 миллион теңге көлемінде талап-арыз түсті. Бұл – соңғы екі жылда олардың тарапынан маған қарсы берілген төртінші талап. Ал бұрынғы енемнің атынан алғаш рет беріліп отыр. Осы уақыт ішінде мен тек бір ғана талап-арыз бердім, ол ата-ана құқығынан айыруға қатысты", – деді Қахарман.
Оның айтуынша, екінші баласы дүниеге келгеннен кейін корпоративтік саладағы жұмысын тастап, бұрынғы күйеуінің анасының атына рәсімделген ғимараттағы фитнес-клубты дамытуға кіріскен. Сол кезде ол сенімгерлік басқару келісімінің қандай да бір тәуекелдері болуы мүмкін деп ойламағанын, бәрін отбасының мүддесі үшін жасағанын айтты.
Қаһарманның сөзінше, арада жылдар өткен соң бұрынғы енесі фитнес-клубтан түскен табысқа байланысты қаржылық талап қойған.
"Шын мәнінде, сенімгерлік басқару туралы келісім – үлкен тұзақ. Егер енеңізбен, күйеуіңізбен немесе оның туыстарымен осындай келісім жасасаңыз, ертең олар сотқа жүгініп, сол бизнестен тапқан табысыңызды талап етуі мүмкін екенін", – деп ескертті ол.
Сондай-ақ ол балалардың апасының тарапынан түскен шағымды ауыр қабылдағанын жеткізді. Назым Қаһарман бұған дейін соттағы талаптардан бас тарту мәселесі балалардың әкесінің туыстарымен араласуымен байланыстырылған ұсыныстар болғанын мәлімдеді.
ОқыңызОл бұл жанжалдың негізгі себебі бұрынғы енесінің өзіне деген жеке реніші деп есептейтінін айтты.
Сондай-ақ Назым енесінің өзінен басқа әйелдер сияқты бәріне көніп, төзіп жүруін қалаған. Өйткені енесі де кезінде өз еркімен ешқайда шықпаған, қатаң бақылауда өмір сүрген деп ойлайды.
“Салдарынан шыдап, оған қызмет етіп, әрі анасы, әрі жары, әрі көңілдесі болып, барлық опасыздығы мен қорлығына төзуге мәжбүр боласыз. Соңында сіз де дәл сол кісі сияқты өмірге өкпелі, ашулы, жасы келген, бірақ даналығы, мейірім мен жүрек жылуы жоқ адамға айналуыңыз мүмкін. Ондай жағдайда адам жай ғана қартаяды. Сонда адамның бойында тек ашу мен өшпенділік қана қалады. Тіпті өзімен араласқысы келмейтін немерелеріне де ренжіп, бұрынғы келінінен кек алуға тырысады. Бұл – менің жеке пікірім", – дейді Назым Қахарман.
Еске салайық, бұған дейін Назым Қаһарман 30 наурызда Қуандықтың адвокаты хабарласып, оның анасы алименттер мен басқа міндеттемелерді төлеуден бас тартқанын жеткізген. Себебі бұрынғы атасында балалардан басқа шығындар да болған. Сонымен қатар балалар ата-әжесімен тығыз қарым-қатынаста емес екенін атап өткен.
Сонымен қатар 31 жастағы Салтанат Нүкенова 2023 жылғы 9 қарашада жұбайы, Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапты. Ерекше қатыгездікпен жасалған бұл кісі өлтіру мен азаптаулар үшін Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қазақстандағы ең табысты банктердің рейтингі жаңарды