Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңаөзендегі мектеп дәретханасына қатысты дау: Білім басқармасы түсініктеме берді

мектеп дәретхана
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Жаңаөзен қаласындағы №6 мектептің дәретханасы түсірілген видео жарияланып, желі қолданушылары оның жағдайына наразылық білдірді. Жазба авторының айтуынша, оқу орнында басталған жөндеу жұмыстары бюджет қаражатының жетіспеуіне байланысты аяқсыз қалған. Ал қалалық білім бөлімінің өкілдері видеодағы кадрлар жөндеу жұмыстары жүргізілгенге дейін түсірілгенін айтып, қазіргі жағдай өзгеше екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Желіде тараған видеода мектеп дәретханасының санитарлық жағдайы сын көтермейтіні көрінеді. Жазба авторы балалардың мұндай жағдайда дәретхананы пайдалана алмайтынын айтып, ата-аналардың наразылығын жеткізген.

"Балаларға дәретхананы пайдалану мүмкін болмады. Ата-аналар ашулы және бұған кім жауапты екенін сұрап отыр. ХХІ ғасырда мектептің жағдайы қандай екенін көріңіздерші! Бұған шынымен жол беруге бола ма?" – деп жазды видео авторы.

Осы жағдайға байланысты Жаңаөзен қалалық білім бөлімі түсініктеме берді. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, әлеуметтік желіде жарияланған видео мектепте жөндеу жұмыстары басталғанға дейін түсірілген.

Білім бөлімінің хабарлауынша, жаңа оқу жылына дайындық аясында жазда мектеп ғимаратында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, дәретханалардағы санитарлық-техникалық жабдықтар кезең-кезеңімен жаңартылып, жұмыс жағдайына келтірілген. Сонымен қатар жылу желілері тексеріліп, жөнделген.

Мектеп ғимараты 1976 жылы пайдалануға берілген. 2023 жылы оның техникалық жағдайына сараптама жүргізіліп, нәтижесінде 2024 жылы күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Ал 2025 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйым анықталған. Сол жылдың желтоқсан айында жұмыстың алғашқы кезеңіне қаражат бөлінген.

Бөлінген қаржы есебінен мектептің спорт және акт залдары, кітапхана мен технология пәніне арналған екі кабинет жөнделген. Сондай-ақ күрделі жөндеу кезінде пайдаланылатын қажетті құрылыс материалдары сатып алынып, уақытша сақтауға қойылған.

Ал Маңғыстау облыстық білім басқармасы әлеуметтік желіде тараған видеожазба екі жыл бұрын түсірілгенін мәлімдеді. Басқарманың дерегінше, ескі кадрлар жақында басқа аудиожазбамен қайта жарияланған.

Бұған дейін желіде Алматыдағы №5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің атыс алаңының жертөлесінде орналасқан дәретхананың суреті пайда болған еді. 

Суреттер желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Пікір білдірушілер бұл жағдайды "ұят" деп атап, мектептің бюджеттен қаржыландырылатынына назар аударды. 

"Бұл бюджет есебінен қаржыландырылатын №5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің садақ ату тирінің дәретханасы. Бұл сурет Қазақстандағы бұқаралық балалар спортының жай-күйінің ең үздік көрінісі", – дейді фото авторы Алина Силкина.

Алматы қалалық білім басқармасы суреттегі оқ ату алаңы №21 гимназия ғимаратының жертөлесінде орналасқанын және оны мемлекеттік активтер департаментімен келісім негізінде №5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі пайдаланып жатқанын мәлімдеді. 

Stan.kz
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 11:55