Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде ер адам балалар алаңында жасөспірімді ұрып, сотталды

алаң
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Ақтөбеде 45 жастағы ер адам балалардың шулағанына ашуланған. Сосын сыртқа шығып, жасөспірімдердің бірін соққыға жыққан. Салдарынан бала жарақат алып, дәрігерлер оның денсаулығына жеңіл зиян келгенін анықтаған. Кейін ер адам бұзақылық жасағаны үшін сот алдында жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға Ақтөбедегі Түргенев көшесінің бойындағы үйлердің бірінің ауласында болған.

Пойыз жолсерігі болып жұмыс істейтін 45 жастағы ер адам үйінде демалып жатқан. Алайда ауладағы балалар алаңында ойнап жүрген жасөспірімдердің шулағаны оның тыныштығын бұзған. Оның үстіне балалардың бірі ер адамға ортаңғы саусағын көрсеткен.

Бұған ашуланған ер адам сыртқа шыққан кезде балалардың бәрі қашып кеткен. Тек бір жасөспірім орнында қалған. Алайда ол ер адамға ортаңғы саусағын көрсеткен бала емес. 

Соған қарамастан ер адам жасөспірімді боқтап, алдымен құлағынан шапалақпен, кейін басынан жұдырықпен ұрған. Салдарынан баланың денесінде көгерген жерлер пайда болған. Дәрігерлер оның денсаулығына жеңіл зиян келгенін анықтады.

Осы оқиғадан кейін пойыз жолсерігі бұзақылық жасады деген айыппен сотқа тартылды.

Сотта ер адам кінәсін мойындап, жәбірленушіден кешірім сұраған. Алайда жасөспірім оны кешірмеген. Дегенмен ол ер адамды түрмеге қамаумен байланысты емес жаза тағайындауды өтінген.

Сот ер адамды бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 09:56