Қазақстандық мұғалім Қадыровтан оқушыларды Шешенстанға апаруға көмектесуді сұрады
Қазақстанда мектеп директорының орынбасары Рамзан Қадыровқа оқушыларды Шешенстанға апарып, өлкенің тарихы мен мәдениетімен таныстыруға көмектесуді сұрады. Ал ол елдің басшысы бұл бастаманы қарастыруды қолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Грозный-информ” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл өтініш 24 қарашада Рамзан Қадыровтың жыл сайын халықпен өткізетін тікелей эфирі кезінде айтылды. Өтінішті Ахмат Мучулаев есімді педагог айтқан. Ол Шешенстанда дүниеге келген. Қазір Қазақстанда тұрады және мектеп директорының орынбасары болып жұмыс істейді.
Мучулаев “Арманға апарар жол” атты білім беру жобасын жүзеге асыруға қолдау сұраған. Жоба аясында Қазақстан оқушылары Шешенстанға барып, жергілікті халықтың тарихы, мәдениеті және салт-дәстүрімен таныса алады.
Педагогтың айтуынша, балалар Шешенстанды өз көзімен көріп, көрікті жерлерін аралауды және тұрғындардың өмірімен танысуды қалайды. Осы мақсатта ол Шешенстан басшылығынан оқушыларды орналастыруға және оларға экскурсия ұйымдастыруға көмектесуді өтінген.
Рамзан Қадыров бұл өтінішті жауапты тұлғаларға тапсырды. Ол үкімет төрағасының орынбасары, ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Ильман Вахидовке сапарды ұйымдастыру мәселесін бақылауға алып, қажет көмек көрсетуді жүктеді.
Тікелей эфирден кейін Қадыров түскен өтініштерді қарау жұмысы жалғасатынын мәлімдеді.
“Әрбір өтініштің қаралуы мен берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауда ұстаймыз”, – деп жазды ол.
Әзірге оқушылардың Шешенстанға сапары нақты жоспарға енген жоқ. Оның қашан өтетіні, қанша оқушы баратыны және сапардың қалай ұйымдастырылатыны белгісіз.
Бұл бастама Threads желісінде де талқыланып жатыр. Қолданушылардың бірі Ресейдің Украинаға қарсы соғысы әлі жалғасып жатқанын еске салып, дәл қазір оқушыларды Шешенстанға жіберудің қаншалықты орынды екенін айтқан.
Шетелге кәмелетке толмаған балаларды топпен апару кезінде олардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілуі керек. Сапарды ұйымдастырушылар балалардың қайда орналасатынын, қандай бағытпен жүретінін және оларға кім жауапты болатынын алдын ала анықтауы қажет. Алайда әзірге бұл мәселелерге қатысты нақты ақпарат жарияланған жоқ.
Оқушыларды шетелге апару үшін қандай құжаттар қажет?
Қазақстанда ата-анасынсыз шетелге шығатын балаларға қатысты белгілі бір талаптар бар. Егер оқушы шетелге мұғалімімен немесе басқа ересек адамның сүйемелдеуімен барса, ата-анасының немесе заңды өкілінің нотариалды куәландырылған келісімі қажет. Онда баланың қай елге, қай мерзімде баратыны және кімнің бірге жүретіні көрсетілуі керек. Бұл туралы Қазақстанның нотариат саласындағы ресми порталында түсіндірілген.
Ал оқушыларды автобуспен топ болып тасымалдау кезінде арнайы ережелер сақталуы тиіс. Оған сәйкес, балалармен бірге мұғалімдер немесе арнайы тағайындалған ересектер жүреді. Бір ересек адамға 15 баладан артық бекітілмеуі керек. Оған қоса, сапар бағыты, жауапты адамдар мен қауіпсіздік шаралары алдын ала белгіленуі қажет.
Қазақстан мен Ресей арасында визасыз режим бар. Алайда бұл екі елдің шекарасынан өту үшін қажет құжаттарды рәсімдеу міндетінен босатпайды.
Қазақстан мен Шешенстанды байланыстыратын тарих
Қазақстан мен Шешенстанның байланысы тарихтың ауыр кезеңдерімен де сабақтас. 1944 жылы Кеңес Одағының билігі шешендер мен ингуштарды туған жерінен күштеп көшіріп, Қазақстанға және Орталық Азияның басқа республикаларына жер аударды. Мыңдаған отбасы туған жерінен жырақта қалды. Сол кезде қазақ халқы көшіп келгендерге қол ұшын созып, баспана мен азық-түлік берді.
1957 жылы Шешен-Ингуш автономиясы қалпына келтірілген соң жер аударылған халықтың тарихи отанына оралуына мүмкіндік туды.
Арада қанша уақыт өтсе де, бұл оқиға екі халықтың жадында сақталып келеді.
Айта кетейік, бұған дейін Шешенстан президенті 20 жастағы ұлын елдің вице-премьері етіп тағайындағаны туралы жазған едік.
Бакалавриат 3 жылға қысқарса, Қазақстан студенттерін не күтіп тұр: Ұта ма, ұтыла ма
