Еуропалық брендтердің тауарлары Қазақстанда неге қымбат
Еуропада 50 мың теңгеге сатылатын сөмкенің бағасы Қазақстанда 80 мың теңгеге жетеді. Ал танымал брендтің аяқкиімін сатып алу үшін қазақстандықтар шамамен 30 мың теңгеге артық төлеуі мүмкін. Мұндай баға айырмашылығы неден туындайды? Оған салық, кедендік баж бен логистика қаншалықты әсер етеді? Stan.kz тілшісі халықаралық брендтердің Қазақстан мен Еуропадағы бағаларын салыстырып, экономистерден мұның себебін сұрады.
Бір бренд, екі түрлі баға: қазақстандықтар қанша артық төлейді?
Stan.kz Massimo Dutti, Zara және Adidas брендтерінің Қазақстан мен Еуропадағы интернет-дүкендерінде көрсетілген бағаларын салыстырды. Қарастырылған тауарлардың бағасында айырмашылық бар.
Салыстыру 2026 жылғы 24 қарашадағы бағасы негізінде жасалды. Еуро бағасын теңгеге айналдыру үшін Ұлттық банктің сол күнгі бағамы — 1 еуроға 498,99 теңге қолданылды.
Massimo Dutti: сөмке Қазақстанда 30 мың теңгеге қымбат

Massimo Dutti брендінің Nappa Leather Double Compartment Bag былғары сөмкесі Еуропада 99,95 еуродан сатылса, Қазақстандағы ресми дүкенде оның бағасы 80 мың теңгеге жетеді.
- Еуропада – 49 874 теңге;
- Қазақстанда – 80 000 теңге;
- Айырмашылық – 30 126 теңге.
Яғни Қазақстанда бұл сөмкенің бағасы 60,4%-ға жоғары.
Adidas Samba: баға айырмашылығы шамамен 30 мың теңге

Adidas: Samba аяқкиімінің бағасы
Adidas Samba OG моделі Еуропада 120 еуроға сатылды. Бұл Ұлттық банк бағамымен есептегенде шамамен 59 879 теңге. Қазақстандағы ресми сайтта Samba топтамасындағы аяқкиімдердің бағасы 89 990 теңгеден басталады.
-
Еуропадағы Samba OG – 59 879 теңге;
-
Қазақстандағы Samba топтамасы – 89 990 теңгеден.
Алайда Қазақстандағы ұсыныстың дәл Samba OG моделі екені расталмағандықтан, бұл екі бағаның пайыздық айырмашылығы есептелмеді.
Zara: джинсы Қазақстанда 6 мың теңгеге қымбат

Zara Origins топтамасындағы джинсы Еуропада 59,95 еуродан сатылса, Қазақстандағы бағасы 35 990 теңге болған.
- Еуропада – 29 914 теңге;
- Қазақстанда – 35 990 теңге;
- Айырмашылық – 6 076 теңге.
Қазақстандағы баға 20,3%-ға жоғары.

Massimo Dutti мен Zara-ның екі тауары бойынша пайыздық айырмашылықтың қарапайым арифметикалық орташа мәні 40,4%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш брендтердің бүкіл ассортиментіне қатысты орташа қымбаттауды білдірмейді, тек салыстырылған екі тауардың бағасындағы айырмашылықты сипаттайды.
Люкс бренді: әлемге танымал сән үйлерінің сөмкелері Қазақстанда қанша тұрады?
Баға айырмашылығы жаппай сатылатын киім брендтерімен шектелмейді. Люкс сегментінде де Еуропа мен Қазақстандағы бағалар арасында елеулі алшақтық бар. Мұны көрсету үшін Stan.kz әлемге танымал бес сән үйінің — Louis Vuitton, Dior, Chanel, Gucci және Saint Laurent брендтерінің танымал сөмке модельдерін қарастырды.
Еуропадағы бағалар брендтердің ресми сайттарындағы ашық ұсыныстар негізінде алынды. Еуро бағасы 2026 жылғы 24 қарашадағы Ұлттық банк бағамымен — 498,99 теңгемен есептелді. Қазақстандағы бағалар жергілікті сатушылардың ашық ұсыныстары бойынша көрсетілді.

Кестеден көрінгендей, қарастырылған бес модельдің төртеуі Қазақстандағы ашық ұсыныстарда Еуропадағы бағасынан қымбат. Мәселен, Dior Saddle Bag-тың жергілікті бағасы Еуропадағы құнынан шамамен 3,3 млн теңгеге жоғары. Louis Vuitton Neverfull MM Қазақстанда 804 мың теңгеге, ал Saint Laurent Le 5 à 7 шамамен 647 мың теңгеге қымбат ұсынылған. Gucci Horsebit 1955 модельдерінің арасындағы айырмашылық 230 мың теңгеден асады.
Қазақстанға киім қай елдерден жеткізіледі?
Қазақстандағы киім нарығы шетелдік жеткізілімдерге тәуелді. Дүниежүзілік банктің WITS платформасындағы 2025 жылғы дерекке сәйкес, елге трикотаждан басқа материалдардан тігілген киім мен аксессуарлар 634,1 млн долларға импортталған.
Оның ішінде ең үлкен үлес Қытайға тиесілі. Бұл елден 244,4 млн доллардың өнімі жеткізілген. Одан кейін Түркия — 89,1 млн доллар, Ресей — 77 млн доллар, Бангладеш — 46 млн доллар және Италия — 41,1 млн доллар.
Осы бес ел Қазақстанға аталған санаттағы киім импортының шамамен 78,5%-ын жеткізген. Италияның үлесі 6,5% болған.
Ал Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйеніп жасалған Stan.kz есебі бойынша, 2026 жылғы қаңтар–қыркүйекте Қазақстанға трикотаж және трикотаждан басқа киімдер мен аксессуарлар жалпы 872,8 млн долларға импортталған. Оның 538,7 млн доллары — трикотаж киімдерге, 334 млн доллары трикотаждан басқа киімдерге тиесілі.
Тағы бір маңызды жайт: еуропалық брендтің атауы тауардың міндетті түрде Еуропада өндірілгенін білдірмейді. Халықаралық компаниялар өндіріс орындарын әртүрлі елдерде орналастырады. Сондықтан брендтің шыққан елі мен тауардың нақты өндірілген елі бірдей болмауы мүмкін.
Бұл кедендік бажға да әсер етеді. Импорт кезінде баж мөлшерлемесі брендтің атауына емес, тауардың нақты шығарылған еліне, түріне және ЕАЭО сыртқы экономикалық қызмет тауар номенклатурасындағы кодына байланысты анықталады.
Еуропалық брендтердің тауарлары Қазақстанға жеткенше неге қымбаттайды?
Еуропада дүкен сөресінде 100 еуро тұратын тауар Қазақстанға келгенде неге әлдеқайда қымбат болуы мүмкін? Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев мұны бес объективті шығын және бір субъективті фактор арқылы түсіндіреді. Олардың қатарында валюта бағамы, логистика, кедендік баж, салық, қаржыландыру құны және бренд пен сатушының үстеме бағасы бар.
Валюта бағамы: теңге әлсіресе, тауар қымбаттайды
Еуропалық өндіруші өнімін еуромен сатады, ал Қазақстандағы импорттаушы мен сатып алушы есеп айырысуды теңгемен жүргізеді. Сондықтан теңгенің әлсіреуі импорттық тауардың өзіндік құнын арттырады.
Бұған қоса, тауарға тапсырыс берілген уақыт пен оның Қазақстанда сатылымға шыққан кезеңі арасында валюта бағамы өзгеруі мүмкін. Импорттаушы мұндай тәуекелді алдын ала есепке алып, бағаға қосуы ықтимал.
Логистика: жеткізу мен сақтандыру шығыны
Қазақстанның теңізге тікелей шығатын жолы жоқ. Еуропадан тауар жеткізу үшін бірнеше көлік бағыты мен транзиттік елдер пайдаланылуы мүмкін. Тасымал, сақтандыру, қоймада сақтау және кедендік рәсімдеу шығындары тауардың түпкілікті құнына әсер етеді.
Андрей Чеботаревтің бағалауынша, тауарды жеткізу мен сақтандыру шығыны шартты есепте 8–12% аралығында болуы мүмкін. Бірақ нақты сома тауардың көлеміне, салмағына, бағытына және жеткізу тәсіліне байланысты өзгереді.
Кедендік баж: барлық тауарға бірдей мөлшерлеме жоқ
Экономистің айтуынша, Еуропалық одақтан Қазақстанға тауар әкелгенде Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік тарифі қолданылады. Сарапшы жалпы бағалау ретінде 5–10% аралығын атаған. Алайда бұл барлық киімге, аяқкиімге немесе аксессуарға ортақ мөлшерлеме емес.
Нақты кедендік баж тауардың түріне, құрамына, шығарылған еліне және ЕАЭО СЭҚ ТН коды бойынша белгіленеді. Сондықтан бірдей брендтің әртүрлі тауарларына қолданылатын баж мөлшерлемесі де өзгеше болуы мүмкін.
ҚҚС: импорт кезінде 16% есептеледі
Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС-тың жалпы мөлшерлемесі 16% болды. Импорттық ҚҚС есептеу базасына тауардың кедендік құны ғана емес, оған қосылатын кедендік баж және заңнамада көзделген тиісті төлемдер де кіреді.
Сондықтан импорттаушы тауарды сатып алған бағамен ғана шектелмей, кедендік рәсімдеу кезінде туындайтын салықтық міндеттемелерді де есептейді.
Қаржыландыру құны: несие пайызы да бағаға кіреді
Импорттаушы тауарды сатып алу үшін несие алса, банкке төлейтін пайыздық шығын да оның жалпы шығынына қосылады. Әсіресе тауарды алдын ала сатып алып, кейін сататын компаниялар үшін қаржыландыру құны маңызды.
“Импорттаушы тауарды біздің елдегі жоғары пайыздық мөлшерлемемен алынған несие қаражатына сатып алады. Сол несие бойынша төленетін пайыз да тауардың бағасына қосылады”, — дейді Андрей Чеботарев.
Бренд пен сатушының үстеме бағасы
Тауардың соңғы бағасына әсер ететін тағы бір фактор — брендтің және сатушының баға саясаты. Қазақстанға тауар өндірушіден тікелей келмеуі мүмкін: арада ресми дистрибьюторлар, импорттаушылар және бөлшек сауда желілері болады. Олардың әрқайсысының логистика, сақтау, қызмет көрсету және сауда үстемесі сияқты шығындары бар.
Делдалдар саны мен олардың үстеме бағасы көбейген сайын тауардың түпкілікті құны да өсуі мүмкін. Ал халықаралық брендтің өзі әр нарықтағы бәсекені, сұранысты және тұтынушылардың төлем қабілетін ескеріп, баға белгілейді.
Андрей Чеботаревтің пікірінше, Қазақстан сияқты нарық көлемі шағын әрі бәсекесі төмен елдерде брендтер тауарды қымбатырақ ұсына алады.
Еуропада 100 еуро тұратын тауар Қазақстанда қаншаға сатылуы мүмкін?
Сарапшы тауар бағасының қалай қалыптасатынын 100 еуролық мысалмен түсіндіреді. Бұл бағаға Еуропадағы жергілікті ҚҚС кірген. Сарапшы шартты түрде оның мөлшерлемесін 20% деп алған. Демек, салықсыз құны — 83,33 еуро.
Одан кейін жеткізу мен сақтандыруға шартты түрде 10% қосылады. Кедендік бажды да мысал үшін 10% деп есептейміз. Соңғы кезеңде Қазақстандағы 16% импорттық ҚҚС есептеледі. Бұл ретте ҚҚС базасына кедендік құн мен тиісті төлемдер кіретінін ескеру қажет.

Бұл — нақты тауардың кедендік декларациясы емес, бағаның қалыптасу жолын түсіндіретін шартты модель. Мұнда логистика мен баждың мөлшерлемесі мысал үшін алынған. Нақты кедендік баж тауардың кодына қарай анықталады.
Осы есеп бойынша импорттаушының тауарға жұмсаған шығыны шамамен 60,8 мың теңге болады. Егер сатушы оған 40% сауда үстемесін қосса, сөрелік баға шамамен 85,1 мың теңгеге, ал 70% үстеме кезінде 103,4 мың теңгеге жетеді. Бұл сомаға модельде жеке есептелмеген өзге операциялық шығындар қосылуы мүмкін.
Чеботарев объективті шығындар мен сатушының үстеме бағасын бір-бірінен ажырату керегін айтады. Оның пікірінше, логистика, кедендік рәсімдеу және салық тауардың қымбаттауын белгілі бір деңгейге дейін түсіндіреді. Ал одан кейінгі айырмашылыққа нарықтағы бәсеке мен компаниялардың баға саясаты әсер етеді.
Қазақстан нарығының шағындығы бренд бағасына қалай әсер етеді?
Еуропалық брендтердің Қазақстандағы бағасы тек жеткізу шығындарына байланысты емес. Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің пікірінше, әр елдің нарығы, бәсекелестік деңгейі және тұтынушылардың сатып алу қабілеті де баға белгілеуге әсер етеді.
Сарапшы барлық халықаралық бренд Қазақстанда міндетті түрде қымбат деп айту дұрыс емес екенін атап өтті. Компаниялар әр нарықтың ерекшелігін ескеріп, бағаны соған қарай белгілейді.
“Біріншіден, барлық халықаралық бренд Қазақстанда қымбат деп айтуға болмайды. Әр елдің өз ерекшелігі бар. Мысалы, Uniqlo сияқты брендтердің бағасы да нарыққа қарай өзгереді. Компаниялар жергілікті бәсекені, шығындарды және халықтың сатып алу қабілетін ескереді”, — дейді Расул Рысмамбетов.
Бәсекелес аз болса, бағаны төмендетуге ынта да азаяды
Сарапшының айтуынша, Еуропада бір тауар санатында көптеген бренд пен сауда орны жұмыс істейді. Ал Қазақстанда кейбір сегменттерде таңдау шектеулі болуы мүмкін. Бәсеке жоғары нарықта компаниялар сатып алушыны тарту үшін бағаны төмендетуге, жеңілдіктер мен түрлі ұсыныстар жасауға мәжбүр.
“Мысалы, Қазақстанда белгілі бір сегментте екі бренд болса, Еуропада немесе Жапонияда олардың саны 20 болуы мүмкін. Бәсеке жоғары болған сайын компаниялар нарықтағы үлесін арттыру үшін бағаны төмендетуге тырысады”, — дейді Рысмамбетов.
Оның сөзінше, Еуропада дүкендер мен онлайн-платформалар маусымдық жеңілдіктер, аутлеттер және ақшаның бір бөлігін қайтару бағдарламалары арқылы тұтынушыларды тартады. Ал бәсекелес аз нарықта сатушының үстеме бағаны төмендетуге ынтасы әлсіреуі мүмкін.
Нарық шағын болған сайын бір тауарға түсетін шығын көбейеді
Бағаға әсер ететін тағы бір фактор — тұрақты шығындардың сатылған өнім санына бөлінуі. Дүкенді жалға алу, қызметкерлердің жалақысы, қойма мен басқа да операциялық шығындар сатылым көлеміне қарамастан белгілі бір деңгейде сақталады.
Расул Рысмамбетов мұны шартты мысалмен түсіндіреді: Еуропада компания бір миллион жейде сатса, Қазақстанда 100 мың дана ғана сатуы мүмкін. Егер тұрақты шығындар шамалас болса, Еуропада олар миллион өнімге бөлінеді, ал Қазақстанда он есе аз тауарға түседі. Соның салдарынан бір өнімге шаққандағы шығын жоғарылайды.
Бұл — нақты нарықтық статистика емес, нарық көлемінің бағаға әсерін түсіндіруге арналған сарапшының мысалы.
Баға айырмашылығын әкімшілік жолмен шешу мүмкін бе?
Расул Рысмамбетовтің пікірінше, мәселені сатушылардан бағаны міндетті түрде төмендетуді талап ету арқылы шешу қиын. Оның орнына нарықтағы бәсекені арттырып, халықаралық брендтердің Қазақстанға тікелей жеткізуіне жағдай жасау маңызды.
“Ең маңыздысы — тікелей жеткізу мүмкіндігін дамыту және Қазақстанды халықаралық брендтер үшін тартымды нарыққа айналдыру”, — дейді сарапшы.
Ол отандық брендтерді дамытудың да маңызын атап өтті. Жергілікті өндірушілер көбейіп, олардың арасында бәсеке артса, тұтынушылардың таңдауы кеңейіп, нарықтағы бағаға да ықпал етуі мүмкін.
Еуропадан тікелей алдырту тиімді ме?
Қазақстандағы дүкеннен тауар сатып алу мен оны Еуропадан жеке тапсырыспен алдырудың қайсысы тиімді? Мұны тек екі елдегі сайт бағасын салыстыру арқылы анықтау мүмкін емес. Себебі шетелден тапсырыс бергенде тауар құнына халықаралық жеткізу, валюта айырбастау комиссиясы және қажет болған жағдайда кедендік төлемдер қосылады.
Мысалы, зерттеуде қарастырылған Massimo Dutti брендінің Nappa Leather Double Compartment Bag сөмкесі Испанияда 99,95 еуро, яғни шамамен 49 874 теңге тұрды. Қазақстандағы ресми интернет-дүкенде дәл осы модельдің бағасы 80 мың теңге болды. Бастапқы айырмашылық — 30 126 теңге.
Алайда бұл сома толық үнем емес. Одан халықаралық жеткізу ақысын, банк комиссиясын және басқа ықтимал шығындарды шегеру керек. Яғни сөмкені шетелден алдыру тиімді болуы үшін осы қосымша шығындардың жиынтығы 30 126 теңгеден аспауы қажет.
Кедендік шектеу қандай?
Қазақстан Мемлекеттік кірістер комитетінің 2026 жылғы 23 қарашадағы түсіндірмесіне сәйкес, халықаралық пошта немесе тасымалдаушы арқылы жеке пайдалануға арналған тауар әкелгенде бажсыз шек — 200 еуро және 31 келі.
Егер сәлемдеменің құны 200 еуродан немесе салмағы 31 келіден асса, шектен асқан бөлігіне 15% мөлшерінде кедендік төлем есептеледі. Бірақ артық салмақтың әр килограмына кемінде 2 еуро төленуі керек.
Мысалы, сәлемдемедегі тауардың құны 250 еуро болса, 200 еуродан асқан 50 еуроға 15% есептеледі. Бұл — 7,5 еуро. Ал салмақ белгіленген шектен асса, килограмына шаққандағы ең төменгі төлем де ескеріледі.
Бұл жеңілдік жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты. Егер тауар саны, сипаты немесе жеткізу жиілігі коммерциялық мақсатты көрсетсе, кеден оны жеке пайдалануға арналған сәлемдеме ретінде қарастырмауы мүмкін.
Жеткізу ақысы үнемді азайтуы мүмкін
CDEK-тің Испаниядан жеткізуге арналған ресми калькуляторында тарифті есептеу үшін Қазақстандағы жеткізу қаласын, сәлемдеменің салмағы мен ұзындығын, енін және биіктігін енгізу қажет. Құны физикалық немесе көлемдік салмақтың қайсысы жоғары болса, соған қарай есептеледі.
Бұған қоса, Massimo Dutti Испания сайты тауарларды тек Испания аумағына жеткізетінін көрсетеді. Компания қауіпсіздік мақсатында форвардерлер мен логистикалық платформалардың мекенжайларына жеткізуге кепілдік бермейді. Демек, делдал қойма арқылы тапсырыс берудің өзі қосымша тәуекел тудырады.
Тағы бір ескеретін жайт — тауарды қайтару. Егер сөмке өлшемі, түсі немесе сапасы көңілден шықпаса, оны Испанияға қайта жіберу қажет болуы мүмкін. Мұндай жағдайда кері жеткізу шығыны да сатып алушыға түседі.
Шешім қабылдағанда тауардың бағасын ғана емес, оны Қазақстанға жеткізіп алғанға дейінгі барлық шығынды есептеу қажет.
Бұған дейін Stan.kz Қазақстанда олигархтардан тәркіленген қымбат сағаттар мен әшекей бұйымдардың қайта саудаға шығарылғанын жазған еді. Олардың арасында бағалаушылар 214 миллион теңгеге бағалаған, әлемде небәрі 30 данасы бар Ulysse Nardin Classic 789-80 қолсағаты да бар. Алайда алдыңғы саудада сатып алушы табылмағандықтан, оның бастапқы бағасы 182 миллионнан 150 миллион теңгеге дейін төмендетілді. Сондай-ақ гауһар тасты әшекейлер жиынтығының бағасы 72 миллионнан 59 миллион теңгеге арзандады
Еуропалық брендтердің тауарлары Қазақстанда неге қымбат
