Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасына бөлінген ақшаны тексеретін комиссия құрамын бекітті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасына бөлінген ақшаның қалай жұмсалып жатқанын тексеретін комиссияның құрамын бекітті. Енді комиссия құрылыс жобаларының орындалуын, бюджет қаражатының жұмсалуын және мемлекеттік сатып алуларды бақылап, кемшіліктерді анықтайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақорданың мәліметінше, Тоқаев "Халықтық құрылыс" инфрақұрылымдық жаңғырту бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы" Жарлыққа қол қойды.
“Мемлекеттік комиссияның міндеті – бағдарлама жобаларының уақтылы әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджеттік тәуекелдерге, бөлінген қаражаттың тиімсіз жұмсалуына жол бермеу. Бағдарламаны іске асырудың жоспарлау мен қаражатты бөлуден бастап, нысандарды нақты пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңі бақылауға алынады”, – делінген хабарламада.
Ал мемлекеттік комиссия мемлекеттік сатып алулардың мерзіміне, құнына және заңдылығына мониторинг жүргізіп, тәуекел деңгейі жоғары жобаларды анықтайды және кемшіліктерді жою жөнінде шаралар әзірлейді.
“Бағдарламаны жүзеге асыру барысына жүргізілген мониторинг бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне тоқсандық және жылдық есеп ұсынылады. Мемлекеттік комиссияның жұмыс органы ретінде Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы белгіленді”, – делінген хабарламада.

Комиссия құрамына:
- уәкілетті мемлекеттік органдар басшылары;
- Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері;
- журналистер;
- қоғам қайраткерлері;
- сарапшылар;
- өңірлердің және бизнес қауымдастықтың өкілдері енген.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев "Халықтық құрылыс" бағдарламасына бөлінетін бюджет қатаң бақылауға алынатынын мәлімдеген еді.
Қазақстандық жігіт жасанды интеллект арқылы айына 2 миллион теңге табыс табады