Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жемқорларға лауазымы да, сіңірген еңбегі де, тіпті ықпалды “қамқоршылары” да көмектеспейді – Тоқаев

Тоқаев жкмқорлық
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорларға рақымшылық жасалмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, кінәсі дәлелденген әр азамат заңда көзделген жауапкершіліктен жалтармауы тиіс. Себебі жемқорлық халықтың мемлекетке деген сенімін әлсіретіп, елдің дамуына кедергі келтіреді.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

III стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген Тоқаев Қазақстанның сенімді серіктес ретінде Конституциядағы «Заң және Тәртіп» қағидатының тұрақты, болжамды әрі ашық ортаның берік негізіне айналуын қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

“Заң және Тәртіп” – жай ғана мемлекеттік саясаттың бір қағидаты емес. Ол – менің Әділетті Қазақстан құру жолындағы асқақ мұратымның арқауы, өзегі десем болады. Елімізде жүріп жатқан жан-жақты саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар әділдік, отаншылдық, толеранттылық, еңбекқорлық, шығармашылық, зайырлылық және прогресс құндылықтарымен астасып, біте қайнасып жатыр”, – деді мемлекет басшысы.

Айтуынша, Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екенін анық жазылуы осы өзгерістердің нәтижесін бекіте түседі.

“Осы ретте сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргіземіз. Бұл – біздің табанды ұстанымымыз. Бұған дейін айтқанымдай, жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды. Жемқорлық – кез келген мемлекет үшін үлкен зауал. Өйткені халықтың сеніміне селкеу түсіреді, ел дамуына кедергі келтіреді және жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін жоққа шығарады. Сондықтан менің ұстанымым өзгермейді: кінәлілердің ешқайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сытылып кете алмайды. Оған лауазымы да, сіңірген еңбегі де, тіпті ықпалды “қамқоршылары” да көмектеспейді”, – деді Тоқаев.

Президент заң алдында бәрі бірдей болғанда ғана реформаларды соңына дейін жеткізіп, халықтың үмітін ақтауға болатынын  айтты.

Еске салайық, Тоқаев Қазақстанда бұрын-соңды болмаған ауқымды құрылыс басталатынын айтқан еді. Ол биылғы Жолдауда "Халықтық құрылыс" жалпыұлттық бағдарламасын жариялады. Алдағы жылдарда тұтас ел аумағында көптеген балабақша, мектеп, емхана, спорт кешендері, оңалту мекемелері, жастарға арналған шығармашылық орталықтары, театрлар, әуежайлар, вокзалдар, жолдар және басқа да маңызды нысандар салынбақ. .

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 14:12