"Шаршаған", "Құрбангүл": Қазақстандық ата-аналарға балаға ат қоюға жауапкершілікпен қарау ескертілді
Ата-ананың жақсы ниетпен қойған есімі балаға әрдайым ұнай бермейді. Кейде ол қоғамның келемежіне себеп болып, тіпті психологиялық қысым тудыруы мүмкін. Ақтаулық Шаршаған Джұмабайева осы себепті есімін өзгертуге шешім қабылдаған. Stan.kz тілшісі кейіпкерлер мен мамандардан балаға ат қоюда ата-аналар нені ескеруі керегін және есім таңдауда қандай жауапкершілік барын сұрады.
“Әжем атымды Шаршаған қойған”
Шаршаған Джұмабайева Түрікменстанда туған. Бір жасқа толмай Ақтауға көшіп келген. Оның есімі бала күнінен өзіне ыңғайсыздық тудырып, мектепте сыныптастарының әзіліне себеп болған. Кейін ол есімін өзгертуге шешім қабылдаған.
“Негізі, мен үйдің бесінші қызымын. Біздің отбасымызда 6 қыз бар. Мен дүниеге келген кезде ата-анам мені ұл болады деп күткен екен. Анам маған жүкті кезінде ауырған. Босанатын кезде жағдай қиындап, анам мені үш күн толғатқан. Дәрігерлер баланың жағдайы нашарлап бара жатқанын, тіпті анасының өміріне де қауіп төнуі мүмкін екенін айтқан. Сол кезде әжем де қатты уайымдапты”, – деп баяндады Шаршаған.
Кейіпкердің айтуынша, есімді әжесі қойған. Келіні үш күн қиналып, шаршағанын ескеріп, немересіне Шаршаған деген ат берген.
“Бала кезімнен әжемнен: "Неге менің атымды Шаршаған деп қойдың? Мектепте осы есімім үшін ыңғайсыз жағдайларға тап болдым", – деп сұрайтынмын. Сонда әжем: "Сені босандыру үшін үш күн бойы қиналдым. Қорықтым, шаршадым, анаңның өміріне алаңдадым. Сол кездегі жағдайымды айтып, осы есімді қойдым", – дейтін”, – деді ол.
Шаршаған есімінің ерекшелігін мектепке барған кезде сезіне бастаған. Сыныптастарының әзілдері көңіліне тиіп, есіміне байланысты ыңғайсызданған.
“Сыныптастарымның есімдері әдемі еді. Өз есімімнің басқалардан ерекшеленетінін сол кезде сезіндім. Мектептен жылап келгенде ата-анам жұбататын. Бірақ бәрібір ішіме сақтап жүрдім. Оның үстіне анамның құрбылары да "қызыңа неге мұндай есім қойдың?" деп айтқанда, анам да ыңғайсызданған. Кейін есімімді өзгерткім келетінін анама айта бастадым”, – деді ол.
Уақыт өте келе Шаршаған есімін өзгерткісі келген. 16 жасында анасына айтып, құжаттарын ауыстыруға тырысқанымен, Түрікменстанда туғандықтан бұл мәселе шешілмеген.
“Сол кезде есімімді "Шура" немесе "Шакира" деп өзгертсем бе деп ойладым. Сөйтіп жүріп есімімді сұраған сайын, өзімді жайсыз сезінетін болдым. Өзімді еркін ұстай алмай, көп нәрсені ішіме жинайтынмын”, – деп қосты ол.
Шаршаған көп ауыра бастаған соң отбасы үйге молда шақырған. Имам да оның есімін өзгертуге кеңес берген.
Кейін отбасы молда шақырғанда, имам да есімін өзгертуге кеңес берген.
“Имам "Балаға осындай ат қоя ма? Есімнің белгілі бір мағынасы болуы керек" деді. Сол кезде әкем жаңа есім таңдау туралы ақылдасты. Ол Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жұбайы Айша анамыздың есімін бергісі келетінін айтты. Айша деген есім маған бірден ұнады”, – деп баяндады Шаршаған.
Осылайша бойжеткен есімін Айша деп өзгерткен. Оның айтуынша, жаңа аты өзіне деген сенімін арттырған.
“Біреумен танысқанда есімімді қалай айтсам екен деп алдын ала ойланатынмын. "Шаршаған" деп айтсам, ыңғайсыз жағдайға қаламын ба деп қорқатынмын. Ал Айша болғаннан кейін "Менің атым – Айша" деп еркін айта бастадым”, – деді ол.
Алайда жеке куәлігінде әлі де Шаршаған деп жазылған. 23 жасында құжаттағы есімін өзгерту үшін тағы өтініш берген. Түрікменстаннан қажетті құжаттарға қатысты жауап кешігіп, мәселе әлі шешілмеген. Жақында әлеуметтік желіде оқиғасы тарағаннан кейін АХАТ өкілдері онымен байланысып, есімді электронды өтініш арқылы өзгертуге болатынын түсіндірген.
Айша ата-аналарды балаға ат қойғанда жауапкершілікпен қарауға шақырды.
“Түсінгенім, есім өмірде өте үлкен маңызға ие. Шаршаған деген ат мен үшін ауыр болды. Ата-аналар балаға ат қоярда осыған мән берсе екен деймін”, – деп қорытты кейіпкер.
“Інімнің аты – Рева, менікі – Люция: Сол жылдардағы революцияға байланысты”
Ал Шымкенттік Люция өз атының ерекшелігін бұрыннан байқағанын, бірақ өзгертуге ниеттенбегенін алға тартты.
“Інімнің аты – Рева. Әзілдеп айтқанда, екеуміз бірге "революция" боламыз. Есімдерімізді нағашы атам қойған екен. Ол кісі әскери адам болған. Мен 1967 жылғы 7 қарашада, яғни Кеңес Одағында Октябрь революциясы аталып өтетін күні дүниеге келіппін. Сондықтан қыз балаға Люция, ал ұл балаға Рева деп есім берген екен. Екеуінің басын қоссаң, "революция" сөзі шығады”, – деді Люция.
Люция өз есімін өзгертуге тырыспағанымен кейде қазақша есімге қызыққанын да жасырмады.
"Есімім өмірімде аса қатты кедергі болды деп айта алмаймын. Дегенмен түсінбей басқа тілдегі, басқа ұлттан енген ат деп ойлатндар бар. Кейде тіпті “Неге есімімізді қазақша қоймаған?" деген сұрақ туындайтын. Меніңше, әр бала қазақ болғандықтан, оған қазақы есімін берген дұрыс. Өз тіліміз бен болмысымызды есімімізден де танытуымыз керек деп ойлаймын. Сол үшін ата-аналар есім таңдарда барынша жақсы аттарды ойласа деймін. Мұның үлкен жауапкершілік екенін ұғыну керек”, – деп қорытты ол.
“Құрбанкүл аты тағдырына әсер етті”
Редакциямызға 26 жастағы Арай (кейіпкер өтінішімен есімі өзгертілген) есімді кейіпкер де оқиғасын бөлісті.
“Студент кезімнен Құрбангүл деген құрбым болды. Негізі, ол Құрбан айт мерекесінде дүниеге келгендіктен, ата-анасы есімін осылай қойған екен. Дегенмен кейін ойласам есімі шынымен өміріне әсер еткендей. Себебі Құрбангүл өте талапшыл, дамуға ұмтылған, білімді жан еді. Дегенмен өзі төрт баласы бар жігітке тұрмысқа шығып, тағдырын сол отбасының қамына құрбан етті. Қазір күйеуінің төрт баласымен қоса өз балаларын тәрбиелеп, жұмыс істемей, үйде отыр. Кейде оның алған білімі мен студенттік жылдары босқа кеткендей көрінеді”, – деді Арай.
Арай осы тұста ата-аналардың ат қоюда бүтін бір тағдырға жауапты шешім қабылдайтынын еске салды.

“Исламда есімді бірнеше рет беруге рұқсат”
Имам Бауыржан Есмахан дінде ата-анаға жүктелген үш маңызды міндетті атады. Олардың қатарында: сәби дүниеге келгенде оған жақсы ат қою, екіншісі – тәлім-тәрбие беріп, білім үйрету, үшіншісі – үйлендіру.
“Бүгінгі әңгімеміздің негізгі тақырыбы – осы міндеттердің алғашқысы, яғни балаға ат қою мәселесі. Ат қоюға байланысты Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар. Хадисте адамдардың есімдері өздеріне лайықты етіп қойылатыны айтылады. Яғни қойылған есім сол адамға сай болуы керек деген мағына береді. Былайша айтқанда, адамға қандай да бір есім берсек те, оның белгілі бір мағынасы мен мәні болады. Мысалы, біреулер баласына Мұхаммед деп ат қойып, пайғамбарымыздың жолын ұстансын дейді. Біреулер сахабалардың есімдерін қойып, солар сияқты ізгі адам болсын деп тілейді. Ғалымдардың атын қойып, ғалым болуын қалайды. Батырлардың есімін беріп, батыр болсын деп ниет етеді. Яғни ата-ана баласына белгілі бір адамның есімін бере отырып, соған ұқсасын деген жақсы тілегін білдіреді”, – деді имам.
Бауыржан Есмахан "ауыр есім" деген түсінік Ислам дінінде жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, бұл – қазақ халқының салт-дәстүрі мен ырымынан қалыптасқан ұғым.
“Бұрын ата-аналар баланы тіл-көзден сақтап, түрлі жамандықтан қорғау ниетімен де ерекше есімдер қойған. Қазақ халқында балаға ат қою кезінде тек жақсы мағынадағы есімдер ғана емес, "Ұлдай", "Ұлбала" сияқты аттар да берілген. Кейде баланы тіл-көзден, жамандықтан сақтасын, басына бір жағдай түспесін деген ниетпен осындай есімдер қойған. Яғни мұның діни негізі жоқ, бұл – халқымыздың салт-дәстүрі мен ырымына байланысты қалыптасқан түсінік.
Имам осы тұста адамдарға есімді қайта қоюға дінде кедергі жоқ екенін жеткізді.
“Тағы бір кең тараған ырым бар. Кейде адамның есімін ауырсынып, "Бұл ат оған жақпай жүр, көтере алмай жүр. Қайтадан азан шақырып, атын ауыстырайық" деп жатады. Мұның да Ислам дінінде нақты діни негізі жоқ. Бұл да – халық арасындағы ырым. Бірақ адамға бірнеше есім беруге де болады. Мысалы, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) Мұхаммед, Ахмет, Махмұд, Мұстафа сияқты бірнеше есімі болған. Кей адамдар өз есімінің өміріне әсер еткенін де айтады. Сол себепті ата-ана баласына атқоярда жақсы ниетпен ғана таңдаған дұрыс”, – деп қорытты маман.
“Ата-ана балаға есім беруде нені ескеруі керек?”
Республикалық ономастикалық комиссия мүшесі және "Ономастар одағы" қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Гүлнар Бекенова айтуынша, соңғы кезде ата-аналар есімдердің мән-мағынасына қарағанда дыбысталуына көбірек мән береді екен.
“Адам аттары, яғни антропонимдер – субъективті атаулар. Мысалы, жер-су атаулары белгілі бір географиялық ерекшеліктерге байланысты қалыптасады. Ал адам есімін таңдау ата-ананың өз еркінде. Сондықтан бұл шешімге жауапкершілікпен қарау керек. Ата-ана баласына есім бергенде оған белгілі бір тілек пен ниетін арнайды. Мысалы, қыз балаға сұлулықты, нәзіктікті білдіретін, гүл атауларымен байланысты есімдер қойса, ұл балаға қайратты, мықты болып, еліне қорған, отбасына тірек болсын деген ниетпен ат берген. Соңғы кезде кейбір ата-аналар есімнің мағынасына емес, оның сыртқы дыбысталуына көбірек мән беретін болды. Кейде мағынасы ескерілмей, тек әдемі естілгені үшін қойылатын есімдер кездеседі”, – деді ол.
Маман шетелдік есімдерді таңдағанда да аса мән беру керек екенін алға тартты.
“Кейбір ата-аналар есімнің мағынасы мен шығу тегін зерттей бермейді. Ал есім – белгілі бір тілге тән тілдік бірлік. Сондықтан шетелдік есім таңдаса да, оның мағынасын, кімге немесе неге байланысты қойылғанын түсіну керек. Мысалы, бір танысым немересінің атын Селена деп қойғанын айтты. Неліктен екенін сұрасам, Селена Гоместің құрметіне қойғанын жеткізді. Мұндайда ата-аналар есім бермес бұрын сол есім иесі туралы да ақпарат іздеп, оның кім екенін білгені дұрыс. Баланың атын тек сыртқы дыбысталуына қарап қоюға болмайды. Адам өзінің есімін мақтанышпен айтып, оның мағынасын түсініп өсуі керек. Ата-ана да баласына есімінің мәнін кішкентайынан түсіндіріп отырғаны жөн. Мысалы, Абылай – үш жүздің басын біріктірген тарихи тұлғаның есімі. Ата-ана баласына өз есімінің тарихын, мағынасын түсіндіріп, оны мақтан тұтуға үйретуі керек. Әр адам өз есімін құрметтеп, қажет болса, оның мәнін өзгелерге түсіндіре білуі қажет”, – деп қосты маман.
Гүлнәр Бекенованың айтуынша кейбір елдер өздерінің ұлттық мәдениеттеріне тән есімдерді сақтап, көп қояды.
“Мысалы, Түркияда балаға қойылатын есімдерге қатысты белгілі бір талаптар бар. Ал Мехмет, Ахмет, Мұхаммед сияқты есімдер әр тілде өзіндік қалпын сақтап келеді. Қазақстанда ата-анаға балаға есім таңдауда еркіндік берілген. Кейде балалар өз есімінің ұнамайтынын кішкентай кезінен-ақ айтып жатады. Әлі оның мәнін толық түсінбесе де, өз атына көңілі толмайтынын білдіреді. Сондықтан ата-ана бұл мәселеге жеңіл қарамауы керек. Есім – адамның болашағына қатысты маңызды таңдау. Ата-ана баласына ат қойғанда оның мағынасына сай жақсы тілек пен ниет арнағаны жөн. Дегенмен қандай есім таңдалса да, оның мағынасы мен баланың болмысына қаншалықты үйлесетініне назар аударған жөн. Ең бастысы – есімді тек сәнге немесе дыбысталуына қарап қоймай, мәніне үңілу керек”, – деп қорытты ол.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда сәбилерге ең көп қойылған есімдерді жазған едік. Бюро мәліметінше, 1 қаңтар мен 1 маусым аралығында Қазақстанда жаңа туған ұл балаларға ең көп қойылған есім – Алан. Ал қыз балалар арасында Айлин есімі көш бастап тұр.