50 миллион теңге сұраған: Ер адам Астанада кәсіпкерге ақпараттық қысым көрсеткен
Кәсіпкер мен елорданың коммуналдық кәсіпорындары басшыларын атышулы қылмыстық іске қатысы бар деп көрсеткен ер адам 9 жылға сотталды. Ол интернетте көрінеу жалған ақпарат таратып, кәсіпкерге ірі көлемде шығын келтірген. Кейін жәбірленушіден бұл мәліметтерді әрі қарай таратпау үшін 50 миллион теңге талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот материалдарына сәйкес, ер адам бірнеше адаммен сөз байласып, интернет-ресурста жалған ақпарат жариялаған. Онда кәсіпкер мен елорданың коммуналдық кәсіпорындары басшыларының қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша фигурантпен байланысы бар екені айтылған.
Алайда бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмеген. Жалған жарияланым салдарынан кәсіпкерге тиесілі тұрғын емес үй-жайды жалға алу шарты бұзылып, ол ірі көлемде материалдық шығынға ұшыраған.
Бұдан кейін сотталушы кәсіпкерге қысым көрсетуді жалғастырған. Ол жәбірленушінің іскерлік мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді жинауды және оларды одан әрі таратуды тоқтатуға уәде берген. Алайда бұл үшін кәсіпкерден 50 миллион теңге талап еткен.
Құқық қорғау органдары ер адамды талап еткен ақшаны алып жатқан жерінде ұстаған.
Сот қандай шешім шығарды?
Бірінші сатыдағы сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігі (Көрінеу жалған ақпарат тарату) және 194-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы (Қорқытып алу) бойынша кінәлі деп таныды. Сот оны 9 жылға бас бостандығынан айырды.
Сотталған тарап бұл шешіммен келіспей, апелляциялық сатыға жүгінген. Алайда апелляциялық сот алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырған.
Кейін сотталушының адвокаты кассациялық шағым түсіріп, қорғауындағы адамның кінәсі толық дәлелденбегенін айтқан. Осыған байланысты сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Кассациялық сот неге үкімді өзгертпеді?
Кассациялық сот істі қайта қарап, сотталған адамның кінәсі жеткілікті дәлелдермен расталған деген қорытындыға келген.
Атап айтқанда, сот кәсіпкер мен куәгерлердің айғақтарын, тергеу әрекеті нәтижелерін, сараптама қорытындыларын және ақшаның берілуіне қатысты материалдарды зерттеген. Олардың жиынтығы ер адамның өзге адамдармен бірлесіп жалған ақпарат таратқанын, кәсіпкерге ірі көлемде залал келтіргенін және одан 50 миллион теңге бопсалағанын дәлелдеген.
Сонымен қатар кассациялық сот дәлелдемелердің заң талаптарына сай алынғанын және зерттелгенін айтты. Істің нәтижесіне әсер етуі мүмкін елеулі процестік заңбұзушылықтар да анықталмаған.
Сот ер адамның әрекеттері дұрыс сараланғанын, ал тағайындалған жаза қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіп дәрежесіне сай екенін мәлімдеді.
Осылайша, кассациялық сот адвокаттың шағымын қанағаттандырмай, төменгі соттардың шешімдерін өзгеріссіз қалдырды.
Айта кетейік, бұған дейін Қостанайда 17 миллион теңге бопсалаған екі ер адам ұсталғаны туралы жазған едік.
Алматының ауызсуын қайнату керек пе: Судан табылған бактерияға қатысты мамандар не дейді
