Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда 17 миллион теңге бопсалаған екі ер адам ұсталды

ақша бопсалаушылар
Фото: Қостанай облысы полиция департаменті

Қостанайда ірі көлемде ақша алып жатқан жерінен екі ер адам ұсталды. Тергеу дерегінше, олар жәбірленушіден күш қолданамыз деп қорқытып, 17 миллион теңге талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұрын сотталған екі ер адам 4,4 миллион теңге алып жатқан сәтте қолға түскен. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар қыркүйек айынан бері жәбірленушіден 17 миллион теңге бопсалап келген. Ақшаны бермесе, күш қолданатынын айтып қорқытқан.

28 қазанда күдіктілерді ішкі істер министрлігіне қарасты экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті Қостанай облысы полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы және "Бүркіт" арнайы жасағымен бірлесіп ұстаған.

Тінту барысында 4,4 миллион теңге, Kia Sportage автокөлігі және ұялы телефондар тәркіленген. Екі күдікті де тергеу изоляторына қамалды.

Полиция олардың әрекеті алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған қорқытып алушылық ретінде сараланғанын мәлімдеді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда үш адам 81 жастағы жалғызбасты зейнеткерді үйінен ұрлап әкетіп, бірнеше күн бойы күштеп ұстаған. Олар қартты азаптап, жалғыз баспанасын өздеріне рәсімдеуді талап еткен.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 01 Қараша, 2026 11:25