Жердегі тіршілік кометалардан басталмаған: Ғалымдар жаңа болжам ұсынды
Жердегі тіршілік қалай пайда болды? Ғалымдар бұл сұраққа жауап іздеп, ұзақ уақыт бойы кометаларға ерекше мән беріп келген. Олардың болжамынша, төрт миллиард жылдан астам уақыт бұрын Жерге құлаған кометалар планетаға су мен тіршілікке қажетті органикалық заттарды жеткізген болуы мүмкін. Алайда жаңа зерттеу бұл теорияға күмән келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Scientific Reports журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар кометалардың Жерге органикалық заттарды жеткізу мүмкіндігін компьютер арқылы тексерген. Олар 100 мың түрлі жағдайды модельдеген.
Нәтижесінде кометалардың басым бөлігі Жерге өте жоғары жылдамдықпен соғылғаны анықталған. Мұндай соқтығыс кезінде температура мен қысым күрт көтеріліп, кометаның құрамындағы органикалық заттар жойылып кетуі мүмкін.
Модельдеу нәтижесі бойынша, зерттелген жағдайлардың 54%-да қажетті заттар сақталып қалатындай бірде-бір соқтығыс болмаған. Қалған жағдайларда органикалық қосылыстардың бір бөлігі Жерге жетуі мүмкін болғанымен, олардың тіршіліктің пайда болуына жеткілікті мөлшерде түсу ықтималдығы төмен екені анықталған.
Зерттеушілер цианисті сутекке де назар аударған. Бұл зат ақуыздардың түзілуіне қажет аминқышқылдарының пайда болуына қатысады. Ол кометалардың құрамында кездескенімен, Жерге соғылған кезде көбіне жойылып кетуі мүмкін.
Осыдан кейін ғалымдар тіршілікке қажетті органикалық заттар қайдан келген болуы мүмкін деген сұраққа басқа да жауап іздеген. Олардың пікірінше, мұндай заттарды Жерге астероидтар жеткізуі ықтимал. Өйткені олар кометаларға қарағанда планетамен баяу жылдамдықта соқтығысады. Сондай-ақ қажетті молекулалар жас Жердің өзінде химиялық реакциялар арқылы пайда болуы мүмкін.
Зерттеушілердің тағы бір қызық байқауы бар. Ежелгі Марста кометалар арқылы органикалық заттардың сақталып қалу мүмкіндігі Жерге қарағанда жоғары болған. Себебі кометалар ол планетамен баяуырақ соқтығысқан.
Дегенмен ғалымдар кометалардың Жердегі тіршіліктің пайда болуына ешқандай қатысы болмаған деп кесіп айтпайды. Кейбір органикалық заттар соқтығыс кезінде аман қалуы мүмкін. Сондықтан кометалар туралы болжам әлі де зерттеуді қажет етеді.
