Алматының кей аудандарында жаңажылдық отшашуға тыйым салынбақ
Алматыда келер жылдан бастап қаланың кейбір аудандарында отшашу мен петарда атуға тыйым салынуы мүмкін. Жаңа шектеу шығарындылары төмен аймақта (LEZ) пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға қатысты енгізілмек. Қала билігі мұндай шешімді ауа сапасын жақсарту мақсатында қабылдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматылықтардың жаңа тыйымға қатысты пікірі екіге бөлінді. Бірі отшашуды Жаңа жылдың ажырамас бөлігі санаса, енді бірі экологияны сақтау үшін одан бас тартуға дайын екенін айтты.
Қала тұрғындарының пікірінше, отшашудан толық бас тарту мерекелік көңіл күйге әсер етуі мүмкін. Дегенмен кейбірі пиротехниканы пайдалануды шектеуді қолдайды.
"Меніңше, бұл дұрыс шешім. Бірақ отшашуды да белгілі бір деңгейде қалдыру керек. Өйткені ол мерекелік атмосфера сыйлайды. Отшашусыз Жаңа жылды Жаңа жыл деп айту қиын".
"Менің ойымша, жылына екі-үш рет мереке кезінде отшашу атқаннан экологияға айтарлықтай зиян келе қоймас".
"Негізі, отшашуға әлдеқашан тыйым салу керек еді деп ойлаймын. Өйткені ол экологияға зиян келтіреді. Әкімдік дұрыс шешім қабылдады".
LEZ пилоттық аймағы Бөгенбай батыр, Желтоқсан, Абай және Достық көшелерінің аралығын қамтиды. Экологиялық аймақты арнайы белгілер мен жол таңбалары арқылы анықтауға болады. 8 қаңтардан бастап бұл аумақта пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға тыйым салу туралы норма күшіне енеді. Алайда шектеу аймақтың шекарасы түпкілікті бекітілгеннен кейін ғана қолданыла бастайды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазір рұқсат етілмеген жерлерде пиротехникалық бұйымдарды қолдануға болмайды. Алайда бұл талап қоршаған ортаны ластауға емес, қоғамдық тәртіпті бұзуға қатысты. Мұндай құқық бұзушылық үшін 20-30 АЕК көлемінде айыппұл салынып, пиротехникалық бұйымдар тәркіленуі мүмкін.
Отшашу атылған кезде ауаға түтін, күйе және ұсақ бөлшектер тарайды. Әсіресе желсіз күндері және температуралық инверсия кезінде зиянды заттар ауада ұзақ сақталып, атмосфераның сапасын уақытша нашарлатуы мүмкін. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ал пиротехникалық бұйымдар сататын кәсіпкерлердің айтуынша, тұрғындар қазірдің өзінде отшашуды қай жерлерде атуға болатынын сұрап жатыр. Саудагерлер жаңа шектеулерге байланысты тауарға деген сұраныс төмендеуі мүмкін деп болжап отыр.
"Адамдар ашық алаңдарды көбірек таңдайтын болады. Кейбірі отшашудан мүлде бас тартуы мүмкін. Өйткені қала сыртында демалуға немесе арнайы орындарға баруға бәрінің бірдей мүмкіндігі жоқ. Сондықтан кейбір тұрғындар пиротехника сатып алудан бас тартады деп ойлаймын", – деді ол.
LEZ аймағының нақты шекарасы пилоттық жоба аяқталғаннан кейін бекітіледі. Сол кезде Алматының қай бөлігінде отшашу атуға болмайтыны белгілі болады. Әзірге қала тұрғындары мен пиротехника сатушылары жаңа талаптардың түпкілікті бекітілуін күтіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда түнгі уақытта тыныштықты бұзып, пиротехника қолданатындарға қатысты жауапкершілік күшейтілетіні айтылған. Полицияның мәліметінше, жұмыс күндері сағат 22:00-ден кейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден кейін тұрғындардың тыныштығын бұзуға болмайды.
Астаналық әйел автобус бақылаушысын өзіне қол көтерді деп айыптады
