Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қырғызстаннан көшірген": "Ғалам аруы – 2026" байқауында қазақстандық арудың ұлттық киімі дау тудырды

Алина Ри, Мэри Кувакова
Фото: Instagram.com/mary.kuvakova/ missuniverse

“Ғалам аруы – 2026” халықаралық сұлулық байқауында Қазақстан намысын қорғап жатқан Алина Ридің ұлттық киімі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кейбір желі қолданушылары оның алтын қанатты киімін былтыр Қырғызстан атынан қатысқан арудың образымен салыстырып, идеяның көшірілгенін алға тартты. Бұл пікірге “Қазақстан аруы” байқауының директоры Рамина Ибрагимова жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

21 қарашада Пуэрто-Рикода өткен “Ғалам аруы – 2026” байқауының ұлттық киімдер көрсетілімінде қазақстандық Алина Ри “Алтын бүркіт: Қазақстан рухы” деп аталатын киіммен сахнаға шыққан.

Образдың басты ерекшелігі – ені 4,5 метрге жететін механикалық алтын қанаттар. Арнайы тетік арқылы ашылатын қанаттар қалықтап ұшқан бүркітті бейнелейді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, киімді дайындауға алты ай уақыт кеткен. Шеберлер кестелерді қолмен тігіп, 10 мыңнан астам сәндік тас орнатқан. Сондай-ақ киім табиғи қауырсындармен және ұзындығы бес метр болатын етекпен толықтырылған.

“Бұл образдағы бүркіт Қазақстанның күші мен тәуелсіздігін, ал алтын түстес өрнектер еліміздің байлығы мен молшылығын білдіреді”, – делінген “Қазақстан аруы” байқауының ресми хабарламасында.

Желі қолданушылары киімді Қырғызстан аруының образымен салыстырды

Алинаның сахнадағы өнері көпшіліктің көңілінен шыққанымен, оның ұлттық киіміне қатысты түрлі пікір айтылды.

“Керемет көйлек”, “Қандай әдемі”, “Алина, бұл образ өзіңе жарасып тұр”, “Киім Қазақстанның мемлекеттік туын бейнелейді”, – деп жазды желі қолданушылары.

Алайда Threads желісіндегі кейбір қолданушылар алтын қанаттардың идеясы 2025 жылы “Ғалам аруы” байқауына қатысқан Қырғызстан өкілінің киіміне ұқсайтынын айтып, қазақстандық дизайнерлерді идеяны көшірді деп айыптады.

Бұл пікірге жауап ретінде қазақстандықтар еліміздің атынан қатысқан ару 2018 жылы да қанатты ұлттық киіммен сахнаға шыққанын еске салды. Яғни Қазақстан мұндай образды Қырғызстаннан бұрын пайдаланғанын алға тартты.

Фото: threads.com/@zhaina_abylaikyzy

Сондай-ақ желідегі amisaint есімді қолданушы қанатты киімнің халықаралық сұлулық байқауларында жиі кездесетінін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай образды бұған дейін Бельгия, Мысыр, Германия, Кения, Черногория, Сербия, Тринидад пен Тобаго және Виргин аралдарының өкілдері де пайдаланған.

“Қанаттан басқа ешқандай ұқсастық жоқ”

Әлеуметтік желідегі пікірталасқа “Қазақстан аруы” байқауының директоры Рамина Ибрагимова да араласты. Ол екі елдің ұлттық киімін салыстырып, бірін екіншісінен көшірілген деп айтуды орынсыз деп санайтынын жеткізді.

“Қырғызстанның 2025 жылғы және Қазақстанның 2026 жылғы “Ғалам аруы” байқауындағы киімдерін салыстыру деген не сандырақ? Екеуі мүлде бөлек. Қанаттан басқа ешқандай ұқсастық жоқ. Байқасаңыздар, қанатты көптеген ел қолданады. Өйткені бұл – кең таралған символ. Ал киімдердің ұлттық ерекшелігі де, пішіні де мүлдем басқа”, – деп жазды Рамина Ибрагимова.

Оның айтуынша, қанат бейнесі белгілі бір елге ғана тән емес және оны қолдану идеяны көшірді дегенді білдірмейді. Желіде пікір білдіргендер екі елдің аруларының киімін салыстыруды ұлтаралық дауға айналдырмауға шақырды.

Еске салайық, бұған дейін “Қазақстан аруы” Алина Ри “Ғалам аруында” киетін 30 келілік костюмін көрсеткені хабарланған еді. Ол ел тарихында алғаш рет үздік 30 қатысушының қатарына еніп, тарихи нәтиже көрсетуді мақсат ететінін жеткізген. 

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 23 Қараша, 2026 18:10