Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан аруы" Алина Ри "Ғалам аруында" киетін 30 келілік костюмін көрсетті

Қазақстанды
Фото: Stan.kz

Биыл "Ғалам аруы" халықаралық байқауында Қазақстанның намысын 23 жастағы Алина Ри қорғайды. Ол ел тарихында алғаш рет үздік 30 қатысушының қатарына еніп, тарихи нәтиже көрсетуді мақсат етіп отыр. Айтуынша сол себептен ол 30 келілік құны 5 миллион теңгеден асатын ұлттық нақыштағы костюм дайындаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматыдағы баспасөз конференциясында құны 5 миллион теңгеден асатын ұлттық костюм таныстырылды.

"Miss Universe 2026" халықаралық байқауы 24 қарашада Пуэрто-Рикодағы Сан-Хуан қаласында өтеді. Биыл байқау өзінің 75 жылдығын атап өтіп, жиырма жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет Пуэрто-Рикоға оралды. Тәж үшін жүзден астам ел мен аумақтың өкілдері таласады. Ал Алина осы бір мерейтойда Қазақстанды үздік 30-дыққа шығарғысы келетінін мәлімдеді. 

“Қазақстанды алғаш рет әлемнің үздік 30 елінің қатарына қосуды армандаймын. Осы уақытқа дейін еліміз бұл межеге бірде-бір рет жеткен жоқ. Сондықтан менің басты мақсатым — өз миссиямды орындап, Қазақстан үшін тарихи сәттің орнауына үлес қосу. Бұл жолда бар күшімді салып дайындалып жатырмын және бүкіл Қазақстанның қолдауына мұқтажбын”, – деді ол. 
киімі 5 миллион теңге
Фото: Stan.kz

Алина осы тұста байқауда әлемнің түпкір-түпкірінен келетін қыздар өз елінің ұлттық киімін таныстыратынын алға тартты. Ол елімізге ерекше назар аударту үшін бұл сайысқа жан-жақты дайындалған. Костюмді тігуге 5 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Ал оның салмағы 30 келіні құрайды. 

“Менің ойымша, байқаудағы ең қызықты кезеңдердің бірі — ұлттық киім таныстыру. Әлеуметтік желілерде де көпшілік ең жиі сұрайтын тақырып — осы. Себебі бұл әр елдің шығармашылығын, мәдениеті мен ұлттық болмысын танытатын ерекше мүмкіндік. Киімнің тұжырымдамасын әзірлеуге өзім белсенді қатыстым.Байқауда жеңіске жеткен сәттен бастап-ақ ерекше әрі ауқымды дүние жасауды ойладым. Бір күні Instagram желісінен Қазақстанның туы әлемдегі ең әдемі ту деп танылғаны туралы жазбаны көрдім. Сол сәтте ұлттық киімімнің негізгі идеясы ретінде туымызды алуға шешім қабылдадым. Қазақстанның туынан шабыт алдым”, – деп қосты ол. 

Қазір "Miss Universe 2026" халықаралық байқауына дауыс беру басталғанына бір аптаға жуық уақыт болған. Қазір Қазақстан 12-орында тұр. Қатысушыға қазірдің өзінде 13 миллионнан астам дауыс берілген. Алина өзін қолдап, дауыс беріп жатқан барша қазақстандыққа алғысын білдірді. Оның айтуынша, ел тарихында Қазақстан осы уақытқа дейін "Ғалам аруы" байқауының үздік 30 қатысушысының қатарына кірмеген. Сондықтан биыл тарихи нәтиже көрсетіп, еліміздің атын әлемге танытқысы келеді.

5 миллион теңгелік киім
Фото: Stan.kz

 

"Мені қолдап, жазбаларымды бөлісіп, дауыс беріп жатқан баршаңызға рақмет! Биыл тарихи із қалдырсам деймін. Қазақстанды ақыры үздік 30 елдің қатарына қосқым келеді. Бұл – менің басты мақсатым. Осы арманымды орындау үшін бар күшімді салып дайындалып жатырмын. Маған бүкіл Қазақстанның қолдауы қажет", – деді Алина.

Алина байқау аясында инклюзия тақырыбындағы әлеуметтік жобасын да таныстырады. Ол Қазақстандағы алғашқы инклюзивті мектептердің бірі саналатын "Инсайт" мектебімен жұмыс істеп, балаларға қолдау көрсетіп жүргенін айтты. Қатысушының сөзінше, ол мектепке бірнеше рет барып, балаларға сыйлықтар табыстап, шеберлік сабақтарын өткізіп, көңілдерін көтеруге тырысқан.  

Биыл "Ғалам аруы" байқауында қатысушыларға қатысты тағы бір ерекшелік бар. Ұйымдастырушылар қыздардың күнделікті кезеңдерде де, финалда да шашын өздері сәндеп, макияжын өздері жасауын талап еткен. Сондықтан Алина байқауға дейін визаж және шаш сәндеу бойынша арнайы курстардан өткен.

“Бұл — бұрынғы байқаулардан өзгеше тәжірибе. Мен елімді осындай халықаралық аренада таныстыруға және жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін барымды саламын. Бұл байқаудың ұйымдастырушылары әр елдің аруларына өз халқының қалай қолдау көрсететініне ерекше назар аударады. "Мен осы байқаумен бір жыл бойы өмір сүріп келемін. Жақында "Ғалам Аруы" сахнасында Қазақстанның атынан шығатыныма әлі де сене алар емеспін. Менің мақсатым – елімізді лайықты таныстырып, баршамыз мақтан тұтатын нәтижеге қол жеткізу. Қазір әрбір қазақстандықтың қолдауы мен үшін ерекше маңызды. Еліміздің бірлігін бірге көрсетейік!”, – деді ол. 

Еске салсақ, қазақстандық ару Светлана Петрова тарихта алғаш рет "Mrs Europe" байқауында жеңіске жеткен еді. Жеңімпаздың тәжі үшін 15 елден келген қатысушылар бақ сынаған.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 18:34