200 келіден астам есірткі тәркіленді: Әйел есірткіні тарату үшін Алматыдан Павлодарға барған
Қазақстанда қараша айының алғашқы он күнінде заңсыз айналымнан 200 келіден астам есірткі тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тәркіленген есірткінің ішінде 190 келі марихуана, 13 келіге жуық синтетикалық есірткі және 4 келі гашиш бар.
Алматыда полицейлер 56 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Оның көлігі мен пәтерін тінту кезінде 220 грамнан астам кетамин табылған.
Шымкентте 21 жастағы күдіктіден жарты келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол тыйым салынған заттарды қалада сатуды жоспарлаған.

Павлодарда 32 жастағы әйел ұсталды. Одан 1,5 келіге жуық альфа-PVP және 30 грамға жуық мефедрон табылған. Тергеу нұсқасы бойынша, әйел әлеуметтік желіден есірткі тасымалдаушысы қызметі туралы хабарландыру тауып, оны тарату үшін Алматыдан арнайы келген.
Жалпы қараша айының алғашқы он күнінде елде есірткіге қатысты 56 құқықбұзушылық тіркелген. Оның 35-і қылмыс санатына жатқызылған. Осы кезеңде 35 күдікті ұсталды. Олардың 19-ы есірткі сатты деген күдікке ілінсе, сегізі контрабандаға қатысы бар деген күдікпен қолға түскен.
Олардың ішінде:
-
19 адам есірткі сату дерегі бойынша;
-
3 адам есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін;
-
8 адам контрабанда дерегі бойынша;
-
3 адам улы заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен;
-
1 адам құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіргені үшін;
-
1 адам есірткіні насихаттап, жарнамалағаны үшін ұсталды.
Бұған дейін Алматы тұрғынының есірткіні печенье ішіне жасырғаны туралы жазған едік.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел шаралар барысында қолға түскен.
"Жеке тінту және тұрғылықты жерін тексеру кезінде өсімдік тектес, өзіне тән иісі бар 150 граммға жуық зат табылды. Назар аудартқан жайт – есірткінің жасырылған орны. Тыйым салынған зат печеньенің ішіне салынған", – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар күдіктіден электронды таразылар, ZIP-пакеттер, оқшаулағыш таспа мен пластилин тәркіленді. Аталған заттар іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелді.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды