Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді елімізде шенеуніктерді есірткіге тексеріледі, ал бас тартқандар қызметінен айырылады

шенеунік
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерді есірткі қолданған-қолданбағанын тексерудің жаңа тәртібі енгізілді. Енді қызметкердің мінез-құлқынан күмәнді өзгерістер байқалса, оны арнайы медициналық тексеруге жібере алады. Ал тексеруден бас тартқан адам жұмыстан босатылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттііг “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жаңа ереже бойынша кадр қызметінің мамандары мемлекеттік қызметкердің жұмыс кезіндегі әрекетіне назар аударады. Мысалы, себепсіз жұмысқа келмеу, жиі кешігу, орынсыз ашулану, көңіл күйінің жиі өзгеруі немесе мінезінің күрт өзгеруі күдік тудыруы мүмкін.

Сонымен қатар адамның көзі қызарса, қарашығы әдеттен тыс үлкейсе немесе кішірейсе, сөзі түсініксіз болып, жүрісі бұзылса, бұл белгілер де ескеріледі.

Алайда бір ғана белгі бойынша адамды тексеруге жібермейді. Кадр қызметінің мамандары кемінде үш күмәнді белгіні анықтауы керек. Содан кейін мемлекеттік органның басшысы немесе аппарат жетекшісі қызметкерді медициналық тексеруден өткізу туралы шешім қабылдайды. Қызметкерге тексеруден өту үшін екі жұмыс күні беріледі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, бұл талап мемлекеттік құпияларға қол жеткізе алатын қызметкерлерге де қатысты. Тексеру туралы алдын ала ескертілмейді. Егер сараптама адамның есірткі немесе психотроптық зат қолданғанын растаса, ол жұмыстан босатылады. Тексеруден бас тартқан немесе одан жалтарған қызметкер де жұмысынан айырылуы мүмкін.

Дегенмен адамның ашулануы, көңіл күйінің өзгеруі немесе көзінің қызаруы оның есірткі қолданғанын білдірмейді. Мұндай белгілер тек тексеруге жіберуге себеп болады. Ал есірткі қолданған-қолданбағанын зертханалық талдау анықтайды.

Нарколог-дәрігер Талшын Мұхамеджанның айтуынша, алдымен адамның зәрінен сынама алынады. Арнайы тест ағзада есірткі затының бар-жоғын және оның қандай зат екенін анықтауға көмектеседі. Егер адам дәрігердің рецептімен құрамында есірткілік заттары бар дәрі қабылдаса, ол да тесттен көрінуі мүмкін. Мұндай жағдайда қосымша тексеру жүргізіледі.

Мемлекеттік қызметкерлер тексеру нәтижесін көруге құқылы. Егер медициналық қорытындымен келіспесе, шағым түсіре алады.

Жаңа тәртіп құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметкерлерге және арнайы мемлекеттік органдар мамандарына қолданылмайды. Ал басшылық қызметтегі мемлекеттік қызметкерлер жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтеді.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік қызметкерлер алкоголь мен есірткі қолданбағанын медициналық тексеру арқылы дәлелдейтіні туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 21 Қараша, 2026 17:10