Шымкентте бензовоз аударылып, өртеніп кетті: Жүргізуші қаза тапты
Шымкентте жол апатынан кейін бензин таситын көлік аударылып, өртеніп кетті. Құтқарушылар көлік кабинасынан қаза тапқан ер адамның мәйітін тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы оқиға 18 қараша күні Тұран ауданы Ташкент тасжолында болған. Құтқарушыларға өрт туралы хабар сағат 15:58-де түскен. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері күшейтілген шақырту тәртібімен жіберілген.
Құтқарушылар жеткен кезде аударылған бензовозды түгел жалын шарпыған. Өрт жолға төгілген жанармайға да жайылған.
“Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткенде жол апатынан аударылған бензовоз түгелдей отқа оранған. Төгілген жанармай да тұтанған. Өрт 60 шаршы метр аумақты шарпыды. Көлік кабинасынан қаза тапқан ер адамның мәйіті табылды”, – деп хабарлады Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті.
Қазір полиция қызметкерлері адам өліміне әкелген жол апатының себебі мен мән-жайын анықтап жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында шаруалардың 12 мың тоннаға жуық буылған шөбі өртеніп кеткені туралы жазған едік.
Алматының ауызсуын қайнату керек пе: Судан табылған бактерияға қатысты мамандар не дейді
