Алматының ауызсуын қайнату керек пе: Судан табылған бактерияға қатысты мамандар не дейді
Алматыда ауызсу сапасына қатысты күмән туындады. Тұрғын зертханаға тапсырған төрт су сынамасының барлығынан көк ірің таяқшасы анықталғанын айтады. Бактерия кран суынан да, сүзгіден өткен судан да табылған. Ал "Алматы Су" мекемесі өз зерттеуінде мұндай микроорганизм анықталмағанын мәлімдеді. Алайда кәсіпорынның синегной таяқшасын анықтауға қажетті зерттеу мүмкіндігіне қатысты сұрақтар туындады. Осыған байланысты Stan.kz мәселені зерттеп көрді.
Зерттеуге сәйкес барлық төрт үлгіден Pseudomonas aeruginosa – медицинада көк ірің таяқшасы деп аталатын бактерияның өсуі тіркелген. Бұл ылғалды ортада, соның ішінде суда тіршілік ете алатын шартты-патогенді микроорганизм. Ол әсіресе иммунитеті әлсіреген адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін.
Ағзаға түскен жағдайда тыныс алу жолдарын, теріні, жараларды және басқа да мүшелерді зақымдайтын инфекциялар туындатуы ықтимал.
Зертханаға алғашқы су үлгілері 14 қыркүйекте тапсырылған. Оның бірі тазартылған, екіншісі сілтілі су болған. 17 қыркүйекте дайындалған №4685К хаттамасында тазартылған судың жалпы микробтық саны 35 КОЕ/см³ болғаны көрсетілген.

Бұл белгіленген 50 КОЕ/см³ нормасынан аспайды. Алайда зертхананың ескертпесінде осы үлгіден көк ірің таяқшасының өсуі анықталғаны жазылған.
Ал сілтілі судың нәтижесі бұдан да алаңдатарлық. №4684К хаттамасы бойынша, оның жалпы микробтық саны 210 КОЕ/см³-ге жеткен. Бұл рұқсат етілген 50 КОЕ/см³ көрсеткішінен 4,2 есе жоғары. Оның үстіне, осы үлгіден де Pseudomonas aeruginosa анықталған.
28 қыркүйекте зертханаға тағы екі сынама тапсырылған. Дәл осы жолы краннан алынған су мен сүзгіден өткен сілтілі су тексерілген. 2 қазанда рәсімделген №4931К хаттамасында кран суының жалпы микробтық саны 8 КОЕ/см³, ал сүзгіден өткен судың бұл көрсеткіші 12 КОЕ/см³ болған. Екі нәтиже де белгіленген нормадан төмен.

Бірақ микробтық көрсеткіштердің қалыпты болуы судың толық қауіпсіз екенін білдірмейді. Себебі зертхананың ескертпесінде екі үлгіден де көк ірің таяқшасының өсуі тіркелген.
Осылайша, 14 және 28 қыркүйекте алынған төрт түрлі су үлгісінің барлығынан бір бактерияның өсуі анықталған. Оның ішінде кран суы да, сүзгіден өткен су да, тазартылған және сілтілі су да бар.
Зерттеу хаттамаларында судың басқа физика-химиялық көрсеткіштері негізінен белгіленген шектен аспаған. Атап айтқанда, су құрамындағы хлоридтер, сульфаттар, минералдану деңгейі, кермектілік, лайлылық және pH көрсеткіштері зертханалық нормаларға сәйкес келген.
Алайда судың химиялық құрамы талапқа сай болғанымен, микробиологиялық қауіпсіздігіне қатысты сұрақ туындайды. Әсіресе сүзгіден өткен судан да бактерияның анықталуы сүзгі жүйесінің тиімділігі мен тазалығын тексеру қажеттігін көрсетеді.
Зертхана құжаттары бактерияның нақты қайдан пайда болғанын анықтамайды. Оның су құбырынан, сүзгі жүйесінен немесе сынама алу кезінде түсуі мүмкін екені әзірге белгісіз. Сондай-ақ хаттамаларда бактерияның нақты концентрациясы көрсетілмеген.
Дегенмен төрт үлгінің бәрінен бірдей микроорганизмнің анықталуы қосымша тексеруді қажет етеді. Ең бастысы, мұндай жағдай бір ғана зертханалық қорытындымен шектелмей, су көзін, сүзгі жүйесін және сынама алу тәртібін қайта тексеруге негіз болуы тиіс.
"Аккредитациясы мен аттестациясы жоқ"
Осы ретте Қазақстан тұтынушылар ұлттық лигасының президенті Светлана Романовская да Алматыдағы ауызсудан синегной таяқшасы анықталғанын растады.
Романовская бұл мәселені Қазақстан баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихатында көтерді. Оның айтуынша, бір тұтынушы краннан ағатын судың сапасын жақсарту үшін арнайы сүзгі сатып алып, үйіне орнатқан. Алайда сүзгіден өткен судың қауіпсіздігін тексеруді ұйғарған.
"Ол сүзгіден өткен судың қаншалықты қауіпсіз екенін және ауызсуға қойылатын микробиологиялық талаптарға сәйкестігін тексергісі келді. Осы мақсатта аккредиттелген зертханаға жүгініп, су сынамасын тапсырды. Мамандар арнайы ыдысқа алынған үлгілерге зертханалық талдау жүргізді. Осылайша, судан синегной таяқшасы (Pseudomonas aeruginosa) анықталды", – деп түсіндірді Светлана Романовская.
Светлана Романовскаяның айтуынша, зертханаға кәдімгі және сілтілі су сынамалары тапсырылған. Алайда бактерия екі сынамадан да табылған.
"Біз әрі қарай әрекет еттік. Алматы қаласының Су арнасын шақырдық. Олар біздің синегной таяқшасына қатысты мәселе көтеріп отырғанымызды біле тұра, келіп, су сынамаларын алды. Кейін "Суда синегной таяқшасы жоқ" деп мәлімдеді. Бірақ олардың осы бактерияны анықтауға қатысты аккредитациясы да, аттестациясы да жоқ болып шықты. Мамандары, жабдықтары мен зерттеу әдістемесі жоқ, соған қарамастан суда синегной таяқшасы жоқ деп отыр", – деді Романовская.
Светлана Романовскаяның сөзінше, су қауіпсіздігіне қатысты мемлекеттің стандарттары мен белгілі бір көрсеткіштер бар. Алайда синегной таяқшасы міндетті түрде тексерілетін микроорганизмдер тізіміне енгізілмеген.
"Неліктен Алматы қаласының Су арнасының синегной таяқшасын анықтауға қатысты аккредитациясы мен аттестациясы жоқ? Өйткені олар суды бұрын-соңды бұл бактерияға тексермеген. Оларда мұндай қауіпсіздік стандарттары жоқ, тексерілетін көрсеткіштер тізімінде синегной таяқшасы қарастырылмаған", – деп атап өтті ол.
Романовская тексерілетін микроорганизмдер тізіміне синегной таяқшасын да енгізуді талап етуді жоспарлап отырғанын айтты.
"Алматы Су" не дейді?
Алматы қаласының сумен жабдықтау жүйесіне жауапты "Алматы Су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жағдайға қатысты түсініктеме берді. Мекеме өкілдерінің айтуынша, кәсіпорын ауызсудың сапасын дайындау мен тұтынушыларға жеткізудің барлық кезеңінде тәулік бойы бақылап отырады.
"Өндірістік зертханалық бақылау деректеріне сәйкес, қалалық су құбыры желісіне берілетін су белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Әуезов көшесі, 64/4 мекенжайындағы тұрғынның өтініші бойынша кәсіпорын мамандары су сынамаларын алып, зертханалық зерттеу жүргізді. Тексерілген физикалық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша нормативтерден ауытқу анықталған жоқ", – деп пікір білдірді мекеме.
Мекеменің жауабында ұсынылған хаттамаларда микроорганизмнің краннан алынған және тұрмыстық сүзгіден өткен су сынамаларынан анықталғаны көрсетілген.
"Алайда хаттамаларда оны анықтау әдістемесі жазылмаған. Бұл микроорганизм орталықтандырылған ауызсудың нормаланатын микробиологиялық көрсеткіштері тізіміне кірмейді. Ұсынылған хаттамалардағы деректер микроорганизмнің қалалық су құбыры желісінде бар екенін анықтауға немесе судың гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні туралы қорытынды жасауға жеткіліксіз", – деп хабарлады "Алматы Су" өкілдері.
Сонымен қатар кәсіпорын зерттеу нәтижелерін қосымша тексеру үшін қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органымен бірлесіп, су сынамаларын алуды жоспарлап отыр.
"Алынған сынамалар суда осы микроорганизмді анықтауға аккредиттелген зертханаға қосымша зерттеу жүргізу үшін жіберіледі", – деп қорытындылады кәсіпорын.
Мамандар суды қалалық тарату желісінен, үйге кіретін тұстан және ғимарат ішіндегі су алу нүктелерінен тексермек.
"СЭС суды қайнатуға болатынын айтты"
Редакция Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне ресми сауал жолдап, су сапасына қосымша зерттеу жүргізілген-жүргізілмегенін, бұл микроорганизмнің адам денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін және тұрғындарға суды қайнатып ішу қажет пе екенін сұрады.
Департамент мәліметінше, 2026 жылғы 11 қарашада "Алматы Су" мекемесімен және зертханалық ұйымдармен бірлесіп, су сынамалары алынған. Зерттеу Романовскаяның өтінішінде көрсетілген шағын аумақта жүргізілген.
"Су құбырының үш нүктесінен сынама алынды. Тұрғын үйге кірер алдында, сондай-ақ пәтердің бірінші және екінші қабаттарынан. Сынама алуға Ұлттық сараптама орталығының, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының және "Алматы Су" зертханаларының өкілдері қатысты. Жұмыс Алмалы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бақылауымен жүргізілді", – деп хабарлады ведомство.
Редакция сауалында синегной таяқшасының неліктен ауыз судың сапасын тексеру кезінде міндетті көрсеткіштер тізіміне кірмейтіні де сұралды.
Департамент түсіндіруінше, Pseudomonas aeruginosa стандартты санитариялық-микробиологиялық зерттеу аясында міндетті түрде тексерілетін микроорганизмдер қатарына жатпайды. Себебі ауыз судың қауіпсіздігін бағалау кезінде ең алдымен фекалдық ластануды және эпидемиологиялық қауіптілікті көрсететін негізгі микроорганизмдер бақыланады.
"Синегной таяқшасы нәжістік ластанудың негізгі көрсеткіш микроорганизмдеріне жатпайды. Қазақстанда орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау жүйесінде оған тұрақты міндетті бақылау белгіленбеген", – делінген ресми жауапта.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда ауыз судың қауіпсіздігі жалпы микробтық сан, жалпы колиформды бактериялар және термотолерантты колиформды бактериялар сияқты көрсеткіштер арқылы бағаланады. Ал синегной таяқшасы бассейндер мен бөтелкедегі судың бақыланатын көрсеткіштері қатарына енгізілген.
Сондай-ақ департамент бұл микроорганизмнің адам денсаулығына ықтимал әсеріне қатысты түсініктеме берді. Мамандардың айтуынша, синегной таяқшасы – шартты-патогенді микроорганизм. Ол қоршаған ортада, суда, топырақта, ағынды суларда және ылғалды беттерде кездесуі мүмкін. Бұдан бөлек, су құбырлары, резервуарлар мен тұрмыстық сүзгілер сияқты ылғалды ортада көбейе алады.
Тұрғындарды толғандырған тағы бір мәселе – ауыз суды қосымша қайнатып ішу қажеттілігі. Редакция осы сұрақты да санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолдады.
"Алматы қаласының тұрғындарына берілетін су белгіленген санитариялық талаптар мен гигиеналық нормативтерге сәйкес болуы тиіс. 2026 жылдың тоғыз айында қалада ауыз судың 452 сынамасы микробиологиялық, 465 сынамасы санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша зерттелді. Белгіленген гигиеналық нормативтерге сәйкессіздік анықталған жоқ", – деп мәлімдеді департамент.
Осыған байланысты ведомство қолданыстағы гигиеналық нормативтерге сәйкес келетін суды ішер алдында міндетті түрде қосымша қайнатудың қажеті жоқ екенін атап өтті.
Дегенмен мамандар тұрғындарға тұрмыстық су сүзгілерін дұрыс пайдалануға, картридждерін уақтылы ауыстыруға және сантехникалық жабдықтардың тазалығын сақтауға кеңес береді. Себебі су құбырынан келген су үйдің ішкі су жүйесінде қайта ластануы мүмкін.
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындар судың сапасына күмәнданған жағдайда аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жүгініп, зертханалық тексеру жүргізу мәселесін көтере алатынын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың шілдесінде Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Сайран көлінен алынған су сынамаларының гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтінін хабарлаған еді. Зерттеу кезінде су құрамынан органикалық ластануды көрсететін аммиак азоты анықталған. Алайда микробиологиялық көрсеткіштер, соның ішінде холера вибрионы мен энтеровирустар бойынша ауытқу тіркелмеген. Сол кезде ведомство көлді қайта жаңарту және абаттандыру жұмыстары аяқталмағандықтан, тұрғындарға жағажайды пайдаланбауға кеңес берген.
Алматының ауызсуын қайнату керек пе: Судан табылған бактерияға қатысты мамандар не дейді