Курс сатушылар дипломын көрсетеді, аноним парақшалар есепке алынады: Қазақстанда блогерлерге жаңа талап қойылмақ
Қазақстанда әлеуметтік желі арқылы курс сатып, ақша табатындарға және аты-жөнін жасырып, ақпарат тарататындарға жаңа талап қойылмақ. Осы ретте Құрылтай депутаттары онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Курс сатушылар дипломын немесе сертификатын көрсетеді
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев таныстырған заң жобасына сәйкес, интернетте курс өткізетіндер өздері сабақ беретін сала бойынша қандай білімі барын көрсетуге міндеттеледі. Ол үшін дипломы немесе сертификаты туралы мәлімет жариялауы керек. Ал балгерлер мен тарологтар өз қызметінің ойын-сауық сипатында екенін, ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан дәлелденбегенін ескертуге тиіс.
"Ұсынылып отырған талаптардың басты мақсаты – азаматтарға курс авторларының тиісті білімі мен біліктілігі бар-жоғын білуге мүмкіндік беру. Сонымен қатар пайдаланушылар өздеріне қандай ақпараттық қызмет ұсынылып жатқанын түсінуі керек. Осылайша бұл шаралар ақпараттық қызметтер нарығының ашықтығын арттыруға және азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған", – деді Арман Қырықбаев.
Депутаттар әлеуметтік желіде адамның өмірі мен денсаулығына әсер ететін кеңестерге де талап қоюды ұсынды. Алайда мұндай өзгерістер азаматтардың өз басынан өткен оқиғаларды айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісуіне кедергі келтірмеуі керек екенін атап өтті.
Бес мыңнан астам жазылушысы бар аноним парақшалар есепке алынады
Заң жобасында бес мыңнан астам жазылушысы бар әлеуметтік желі қолданушыларын арнайы тізімге енгізу қарастырылған. Алайда депутат Айдос Сарым бұл талапты тек аты-жөнін жасырып, парақша жүргізетіндерге қатысты қолдануды ұсынды. Оның айтуынша, мемлекеттік мекемелердің, компаниялар мен ақпарат құралдарының ресми парақшалары кімге тиесілі екені онсыз да белгілі. Сондықтан оларды қайта есепке алудың қажеті жоқ екені айтылды.
Министр депутаттың ұсынысын қолдады. Оның мәліметінше, заң жобасын әзірлеу кезінде әлеуметтік желілерден заңға қайшы 100 мыңнан астам материал анықталған. Олардың 20%-дан астамын бес мыңнан көп жазылушысы бар аноним парақшалар таратқан.

Желіде қайталап балағат сөз айтқандар 30 тәулікке дейін қамалады
Заң жобасына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде былапыт сөздер айтылған материалдарды көпшілікке тарату ұсақ бұзақылық болып есептеледі. Ол үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабына өзгеріс енгізіледі. Алайда құқық бұзушылық туралы хабарлау мақсатында мұндай ақпаратты жариялағандар жауапкершілікке тартылмайды.
Егер адам мұндай құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталаса, 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады.
Депутат Гүлзира Атабаева бұл ұсынысты қолдағанымен, жазаның құқық бұзушылыққа сай болуы керегін айтты. Ол сотқа қоғамдық жұмыс пен әкімшілік қамақтан бөлек, жоғары мөлшерде айыппұл салу мүмкіндігін де беруді ұсынды.
"Біздің мақсатымыз – қалай болғанда да құқық бұзған адамды қамау немесе жазалау емес. Біз осындай құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беретін нормаларды қабылдауды көздеп отырмыз. Әңгіме алдын алу шаралары туралы болып отыр", – деді Арман Қырықбаев.
Министр депутаттың ұсынысын қолдады. Енді айыппұлды балама жаза ретінде енгізу мәселесі құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге жұмыс тобында талқыланады.
Депутаттардың қосымша ұсыныстары заң жобасын екінші оқылымға дайындау кезінде қаралады. Жаңа талаптар заң қабылданып, күшіне енгеннен кейін қолданылады.
Еске салсақ, Құрылтай 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар ата-аналарға баласы пайдаланатын телефон нөмірін eGov арқылы көрсету мүмкіндігін беру ұсынылды. Ал депутаттар хабарлама алмасуға, білім беруге және балаларды дамытуға арналған платформаларға шектеу қоймауды ұсынды.
Қазақстан туын балконға ілуге, киімге басуға бола ма? Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі қандай