Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық режиссер GTA VI ойынының жарнамалық ролигін түсірді

ойын
Фото: gamerficial.com

Қазақстандық режиссер Медет Шаяхметов әлем бойынша миллиондаған жанкүйер асыға күтіп отырған Grand Theft Auto VI ойынының жарнамалық науқанына қатысты. Ол Rockstar Games компаниясымен бірлесіп америкалық Andrew Miami бренді шығарған арнайы киім топтамасына арналған проморолик түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Роликте режиссер GTA әлеміндегі Вайс-Сити қаласының атмосферасын жеткізген. Роликте неон шамдары, қымбат көліктер, гидроциклдер мен көше өмірі бейнеленген. Бұл көріністер GTA VI ойынындағы Майами қаласының атмосферасын және оның ерекше стилін көрсетеді.

Marie Claire Kazakhstan басылымының мәліметінше, Andrew Miami мен Rockstar Games бірлесіп шығарған топтамаға 20 түрлі киім үлгісі енген.

GTA VI ойынының шығуына екі күн қалды

Grand Theft Auto VI ойынының ресми тұсаукесері 2026 жылы 19 қарашаға жоспарланған. Ойын PlayStation 5 және Xbox Series X/S платформаларында шығады.

Жаңа бөлімнің оқиғасы АҚШ-тың Флорида штатынан үлгі алып жасалған ойдан шығарылған Леонида штатында өтеді. Ойынның басты кейіпкерлері – Джейсон мен Люсия. Олар түрлі қылмыстық оқиғаларға араласып, қауіпті жағдайларға тап болады.

Айта кетейік, GTA сериясының алдыңғы бөлімі – GTA V 2013 жылдың қыркүйегінде жарық көрген. Содан бері жанкүйерлер жаңа бөлімнің шығуын 13 жылдан аса күтті.

Медет Шаяхметов кім?

Медет Шаяхметов – 33 жастағы қазақстандық режиссер әрі продюсер, PBC Worldwide компаниясының негізін қалаушы.

Ол Ақмола қаласында (қазіргі Астана) дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында және АҚШ-тағы New York Film Academy-де білім алған.

Режиссер Kanye West, Ty Dolla Sign, Gucci Mane, Скриптонит, Jah Khalib, Moldanazar, Элджей және басқа да танымал орындаушылардың жобаларымен жұмыс істеген.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық режиссер әрі креатив маман Медет Шаяхметов Instagram Rings 2026 халықаралық сыйлығын иеленгені туралы жазған едік. Ол байқауда үздік деп танылған 25 автордың қатарына еніп, футбол жұлдызы Эрлинг Холанд, британдық әнші Little Simz секілді әлемге танымал тұлғалармен бірге марапатталды. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 18 Қараша, 2026 09:12