Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық режиссер Instagram-ның үздік 25 контент авторының қатарына енді

режиссер
Фото: Instagram @medet

Қазақстандық режиссер әрі креатив маман Медет Шаяхметов Instagram Rings 2026 халықаралық сыйлығын иеленді. Ол байқауда үздік деп танылған 25 автордың қатарына еніп, футбол жұлдызы Эрлинг Холанд, британдық әнші Little Simz секілді әлемге танымал тұлғалармен бірге марапатталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Instagram бұл жолы танымалдықты жазылушылар санымен өлшемей, өзгелерге ұқсамайтын туындыларымен көзге түскен авторларды таңдаған. Rings сыйлығы әлеуметтік желідегі қалыптасқан үлгіден шығып, тың идея ұсынатын авторларға беріледі.

Жеңімпаздарды әлемдік өнер мен шығармашылық индустриясының өкілдерінен құралған қазылар алқасы анықтады. Олардың қатарында рэпер A$AP Rocky, әйгілі дизайнер Донателла Версаче, музыкалық продюсер FINNEAS, режиссер Хлоя Чжао және Instagram басшысы Адам Моссери бар.

Биыл марапат иелерінің қатарында футболшы Эрлинг Холанд, әнші Little Simz, модель Бавита Мандава да бар.

Сыйлық иелеріне Instagram парақшасын безендіруге арналған арнайы мүмкіндіктер ұсынылады. Соның бірі – қолданушының аватарын айнала қоршайтын алтын түсті сақина. Одан бөлек, жеңімпаздарға коннемара мәрмәрінен жасалған естелік жүлде табысталады. Оның дизайнын BODE сән үйінің негізін қалаушы Эмили Адамс Бодэ Ажла жасаған.

Медет Шаяхметов қазір Нью-Йоркте тұрады. Ол режиссер, музыкалық бейнебаяндар түсіруші әрі PBC Worldwide компаниясының креатив директоры. Оның туындыларынан көше мәдениетінің әсерін, заманауи өнер мен өзгеше шығармашылық шешімдерді байқауға болады.

Instagram Rings сыйлығының иегерлері қатарынан қазақ маманның көрінуі – оның шығармашылық еңбегінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.

Айта кетейік, бұған дейін Танымал қазақстандық саяхатшы-блогер Дастан  Мұхамедрахимның видеосын Instagram-ның ресми парақшасы жариялаған еді. 

Айта кетейік, Дастан Мұхамедрахим — Қазақстанның табиғи сұлулығын әлемге танытып жүрген саяхатшы-блогер. Оның парақшасында Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы, Алтын-Емел мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Алматы облысының көрікті жерлерінен түсірілген бейнежазбалар да бар.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 02 Қараша, 2026 09:06