Қазақстанда 100 миллиард теңге ұтылған онлайн-казино иелеріне халықаралық іздеу жарияланды
Қазақстандықтардан 100 миллиард теңге түскен заңсыз онлайн-казиноның негізгі ұйымдастырушылары деп күдікке ілінген Pin-Up иелері халықаралық іздеуге жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналист Михаил Козачковтың айтуынша, Қазақстанда Pin-Up букмекерлік кеңсесінің иелері Дмитрий Пунин мен Марина Ильина ресми түрде іздеуге жарияланды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, олар Қазақстан аумағында заңсыз онлайн-казино жұмысын ұйымдастырған негізгі тұлғалар саналады.
Осы қадам бір жылдан астам уақытқа созылған тергеудің жалғасы болды. 2025 жылдың басында The Gambler Telegram-арнасы көлемді зерттеу жариялап, Қазақстанда ресми тіркелген Pin-Up букмекерлік кеңсесі ойыншыларды елімізде тыйым салынған онлайн-казино сайттарына бағыттайтынын мәлімдеген.
Кейін ақпарат қаржы мониторингі агенттігінің назарын аударды. Агенттік заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеп, екінші деңгейлі банктердің қызметкерлерін ұстай бастады. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар шетел азаматтарына ақшаны елден шығаруға көмектескен. Жалпы, қазақстандықтар ұтылған қаражат көлемі 100 миллиард теңгеге жеткені айтылды.
Кейін бұл схеманы Қазақстанға арнайы келген Украина азаматтары Дмитрий Дружинский мен Марина Левкович-Гинзбург ұйымдастырғаны анықталған. Оларға қазақстандық IT мамандары мен қаржыгерлер көмектескен. Қазір бірнеше адам қамауға алынып, Украина азаматтары іздеуге жарияланған.

Алайда тергеудің басты пайда алушыларына жете ала ма деген сұрақ ашық қалған еді. Pin-Up букмекерлік кеңсесі Кипрде тұратын Ресей азаматы Дмитрий Пунин мен оның жұбайы Марина Ильинаға тиесілі.
Енді бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі порталының базасында Пунин мен Ильинаның карточкалары пайда болды. Екеуі де халықаралық іздеуге жарияланған.
"Менің білуімше, Қазақстан алғаш рет ірі халықаралық гемблинг платформаларының иелерін іздеуге жариялап отыр", – делінген жазбада.
Еске салайық, бұған дейін Астанада заңсыз онлайн-казинолардан түскен ақшаны заңды букмекерлік кеңселердің төлемдері ретінде көрсетіп, аударып отырған топ әшкереленді. Тергеу мәліметінше, бұл схема арқылы 188 миллиард теңгеден астам қаржы өткен. Күдіктілердің арасында банк саласының өкілдері де бар.