Банк өкілдері "Nomadgames" және "Sultangames" онлайн-казиноларынан 188 миллиард теңгені шығаруға көмектескен
Астанада заңсыз онлайн-казинолардан түскен ақшаны заңды букмекерлік кеңселердің төлемдері ретінде көрсетіп, аударып отырған топ әшкереленді. Тергеу мәліметінше, бұл схема арқылы 188 миллиард теңгеден астам қаржы өткен. Күдіктілердің арасында банк саласының өкілдері де бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, заңсыз қызмет "Nomadgames", "Sultangames" интернет-сайттары мен олардың көшірме сайттары арқылы жүргізілген.
“Ойыншылардан ақша қабылдау үшін төлем ұйымдары, банк эквайрингі, POS және интернет-терминалдар, электрондық әмияндар мен криптовалюта құралдары қамтылған көпсатылы төлем жүйесі пайдаланылған. Бұл іске банк қызметкерлері де көмектескен. Олар онлайн-казиноларды төлем жүйесіне қосып, тиісті тексерулер жүргізбей келісімшарттар жасаған. Сондай-ақ төлемдерді басқа мақсатта жүргізілгендей көрсету үшін арнайы кодтар берген. Соның арқасында онлайн-казиноларға аударылған ақша заңды букмекерлік кеңселер мен басқа да кәсіпкерлердің төлемдері сияқты көрінген. Осы схема арқылы электрондық терминалдардан 188 миллиард теңгеден астам қаржы өткен”, – делінген хабарламада.
Осылайша қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңды етіп көрсету үшін топ өз бақылауындағы ЖШС-ны пайдаланған. Жалған шарт негізінде серіктестіктің шоттарына 10 миллиард теңге аударылған.
“Кейін бұл қаражат криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің криптоәмияндарына жіберілген. Тергеу барысында жалпы сомасы 19 миллион USDT болатын цифрлық активтердің қозғалысы анықталды”, – деп қосты ведомство.
Сот шешімімен күдіктілердің үш пәтері мен алты көлігіне тыйым салынды. Сондай-ақ олардың 1,4 миллиард теңгеге бағаланған криптоактивтері мен банк шоттарындағы ақшасы бұғатталды. Іс бойынша екі күдікті қамауға алынды. Тағы үшеуі кепілмен босатылса, қалған екеуіне елден кетпеу туралы қолхат берілді. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда алты криптоплатформаға цифрлық активтер қызметін көрсетуге, ұсынуға және жарнамалауға тыйым салынған еді. Шектеу BingX, Bitcoin.com, Huobi Global, BitMart, Coinbase және WEEX платформаларына қатысты.
"Қызымның арманы еді": Қазақстандық аналар баласын шетелге жіберуге рұқсат етпейтін әкелерге шағымданды
