Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бектенов мемлекеттік қызметшілерге Aitu мессенджеріне көшуді тапсырды

Айту
Фото: gov.kz

Қазақстандық Aitu мессенджеріне жеті миллионға жуық адам тіркелген. Үкімет отырысында Олжас Бектенов мемлекеттік қызметшілерге оны күнделікті қолдануды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жүйені айына 1,3 миллион, ал күніне 350 мыңға дейін адам пайдаланады. Aitu-ды қолданған кезде мобильді интернет үшін ақы алынбайды.

"Қазір eGov GPT Aitu платформасында қолжетімді. Оның көмегімен 55 мемлекеттік қызметті тікелей Aitu-дан алуға болады. Осы жылдың соңына дейін eGov-тағы сұраныстың 75–80 пайызын қамтитын қызметтерді Aitu-ға қосуды жоспарлап отырмыз", – деді Жаслан Мәдиев.

Үкімет отырысында Олжас Бектенов мемлекеттік органдар мен "Самұрық-Қазына" компанияларында Aitu Workspace жүйесін күнделікті жұмысқа енгізу баяу жүріп жатқанын айтты. Премьер-министр бұл бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды.

"Aitu – жай мессенджер емес, біз ұлттық экожүйе құруымыз қажет. Бұл бағытта белсендірек жұмыс істеңіздер. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер Aitu-ды күнделікті пайдалануы керек. Қызметтік ақпарат тек осы ұлттық мессенджер арқылы жіберілуі тиіс. Мұны қатаң бақылауға алу керек", – деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, бұған дейін де мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі IT саласына көңілі толмайтынын айтып, жеке деректермен байланысты ұлттық мессенджер Aitu-ға көшіруді тапсырды. Кейін мемлекеттік қызметкерлер 15 қыркүйекке дейін осы сервиске қосылуға  міндеттелген еді.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 10:51