Енді еліміздегі дәмхана мен мейрамханада қай әннің қанша рет қойылғаны есептеледі
Қазақстандағы дәмханалар мен мейрамханаларда енді қандай әннің қанша рет орындалғаны есепке алынады. Келесі жылдан бастап қоғамдық тамақтану орындары QazCopyright бірыңғай цифрлық платформасына қосылады. Жаңа жүйе авторлық құқықтың сақталуын қадағалап, әншілер мен сазгерлерге тиесілі қаламақыны әділ бөлуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Авторлардың еңбекақысын нақты есептеуге арналған цифрлық платформа биыл іске қосылды. Қазір жүйе телеарналар мен радиоларды, театрлар мен кинотеатрларды қамтып отыр. Енді оған караоке, дәмхана және басқа да қоғамдық орындар қосылады. Қаңтардан бастап мұндай мекемелерде қойылған музыка да тіркеледі.
Әндерді анықтау үшін арнайы құрылғылар қолданылуы мүмкін. Олар Shazam қосымшасы сияқты әуенді танып, оның атауы мен орындалу жиілігі туралы ақпаратты платформаға жібереді. Алғашқы кезеңде еліміз бойынша 500-ге жуық мекемені жүйеге қосу жоспарланып отыр.
“Біз мекемелерді сегіз ірі және 20 шағын санатқа бөліп қарастырамыз. Мысалы, алғашқы екі санатқа негізгі қызметі музыкамен байланысты дискотека мен караоке сияқты орындар кіреді. Ал үшінші және төртінші санатқа дәмханалар мен қонақ үйлерді жатқыздық. Осы жіктеуге сәйкес авторларға төленетін сыйақы мөлшері анықталады”, – деді “Ұлттық зияткерлік меншік институты” ШЖҚ РМК директоры Сәбит Ахметов.
Жаңа жүйе музыканың пайдаланылуын қолмен есептеп, мекемелерді аралап тексеру қажеттігін азайтпақ. Бұған дейін институт өкілдері дәмханалар мен басқа да орындарға барып, қандай әндердің қойылғанын өздері тіркеп келген.
“Авторлар платформаға тіркелген кезде шығарманың өзіне тиесілі екенін растауы және банк шотын көрсетуі керек. Осыдан кейін қаламақысын алып отырады. Сонымен қатар туындысының қанша рет орындалғанын да көре алады. Алдағы уақытта жүйенің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз”, – деді Әділет министрлігі Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Ләззат Өтешова.
Kazpatent мәліметінше, қазір QazCopyright платформасында 331 субъект тіркелген. Олардың қатарында телерадиокомпаниялар, түрлі ұйымдар, авторлар, құқық иелері мен музыканы пайдаланушылар бар. Ал платформадағы шығармалар тізіміне 255 мыңнан астам туынды енгізілген.
Астаналық әйел автобус бақылаушысын өзіне қол көтерді деп айыптады