Экс-әкім Кәрім Көкірекбаевты мерзімінен бұрын босату туралы шешімнің күші жойылды
Алматы облыстық соты Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевты денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын босату туралы шешімнің күшін жойды. Апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот заң талаптарын өрескел бұзғанын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін, 17 қарашада, Алатау қалалық соты №57 түзеу мекемесі әкімшілігінің өтінішін қанағаттандырып, Кәрім Көкірекбаевты ауыр науқастануына байланысты жазасын өтеуден мерзімінен бұрын босату туралы шешім шығарған еді. Алайда прокуратура бұл шешіммен келіспей, оның күшін жоюды талап етті.
Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы прокурордың шағымын қарап, бірінші сатыдағы соттың қаулысын заңсыз деп таныды.
Сот мәліметінше, Көкірекбаевтың денсаулық жағдайы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы №ҚР ДСМ-58 бұйрығымен бекітілген жазадан босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді.
"Апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында бірінші сатыдағы сот заң нормаларын өрескел бұзғанын анықтады. Сотталған адамның ауруының ауырлығы жазаны өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді", – делінген Алматы облыстық сотының хабарламасында.
Осыған байланысты апелляциялық алқа бұрынғы қаулының күшін жойып, сотталған адамды мерзімінен бұрын босату туралы түзеу мекемесі әкімшілігінің өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Апелляциялық соттың шешімі заңды күшіне енді.

Сонымен қатар сот алғашқы отырысқа қатысқан прокурор мен түзеу мекемесі өкілінің әрекеттеріне де назар аударды. Облыстық сот олардың Кәрім Көкрекбаевты мерзімінен бұрын босатуды негізсіз қолдағанын атап өтті.
Осыған байланысты Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне жеке қаулы жолданды. Ал Денсаулық сақтау министрлігіне сотталған адамның жазасын өтеуіне кедергі келтіретін ауруы бар деген негізсіз қорытынды шығарған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау тапсырылды.
Еске салсақ, бұған дейін 12 жылға бас бостандығынан айырылған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбай ауыр дертке шалдыққанына байланысты мерзімінен бұрын босатылғаны туралы жазған едік.
Экс-әкім не үшін сотталды?
Кәрім Көкірекбаев 2025 жылғы 3 шілдеде 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот материалдарына сәйкес, Көкірекбаев "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесін басқарған кезінде орынбасары Әділет Ахатаевпен бірге мердігер ұйым – "Bazis Construction INFR" ЖШС филиалының директоры Андрей Поплавскийден пара алған.
Тергеу мәліметінше, 396 миллион теңге көлеміндегі пара Қорғас өзеніндегі қорғаныс құрылыстарына қатысты орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қою үшін берілген. Алайда құжаттарда көрсетілген құрылыс-монтаж жұмыстарының бір бөлігі іс жүзінде атқарылмаған.
Салдарынан мемлекетке 1,98 миллиард теңгеге жуық залал келген.
Астаналық әйел автобус бақылаушысын өзіне қол көтерді деп айыптады