Қазақстандықтарға цифрлық платформалар арқылы табыс табуға мүмкіндік беріледі: Тоқаев жарлыққа қол қойды
Тоқаев Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы "Халықтық цифрлық экономиканы дамыту және азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды.
Құжат елде цифрлық экономиканы дамытуға, жаңа табыс көздері мен жұмыс орындарын қалыптастыруға, сондай-ақ отандық кәсіпкерлер мен азаматтардың экономикалық мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.
Жарлыққа сәйкес, Үкімет 2026 жылдың 1 желтоқсанына дейін цифрлық экономиканы дамытудың кешенді жоспарын бекітуі тиіс. Жоспарда жаңа табыс көздерін қалыптастыру және халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылады.
Сонымен қатар отандық бизнесті қолдау шаралары күшейтіледі. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тетіктері маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық қызметтердің мүмкіндіктерімен ұштастырылады. Бұл кәсіпкерлердің өз өнімдері мен қызметтерін нарыққа шығаруына және тұтынушылар ауқымын кеңейтуіне жағдай жасауға бағытталған.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге де ерекше назар аударылмақ. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін маркетплейстер мен сауда желілері арқылы өткізу тетіктерін құру, логистиканы дамыту және өндірушілерге алдын ала қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру көзделген.

Бұдан бөлек, азаматтардың қосымша табыс табуына мүмкіндік беретін цифрлық платформалар дамытылады. Компаниялар мен ұйымдар мұндай платформаларда қысқа мерзімді ақылы тапсырмаларды тұрақты түрде жариялап отыруы керек. Азаматтар орындаған тапсырмалары арқылы өздерінің практикалық тәжірибесін растай алады.
Сондай-ақ 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін Үкімет цифрлық жұмыспен қамтуға қатысты жеңілдетілген құқықтық режим қалыптастыруы қажет. Ол еңбек, салық және әлеуметтік қатынастарды қамтиды. Сонымен бірге өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар айналыса алатын қызмет түрлерінің тізімін кеңейту мәселесі қарастырылады.
Жарлықтың орындалуын бақылау президент әкімшілігіне жүктелген.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев стратегиялық даму бойынша сарапшылар тобын құрғаны туралы жазған едік.
Астаналық әйел автобус бақылаушысын өзіне қол көтерді деп айыптады