Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мінсіз сурет салып көрсетті": Тоқаев Қазақстан ауылдарының дамуы туралы есептерге күмән келтірді

Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында ауылды дамытуға бағытталған бағдарламалардың нәтижесіне күмән келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысы ауыл мен аграрлық секторды қолдауға арналған бағдарламалардың тиімділігін тексеруді тапсырды 

"Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін оларға тиісті жағдай жасау қажет. Бұл – дұрыс. Алайда соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қатысты "аттары бөлек, бірақ заттары бірдей" бағдарламалар тым көп болып кеткен сияқты. Мәселен, қазірдің өзінде "Ауыл аманаты", "Ауыл – ел бесігі", "Кең дала", "Береке", "Жайлау", "Игілік", "Сыбаға" және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады. Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек.
 

"Сондықтан Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс. Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек. Бұл мемлекет қаржысын үнемдеу қажеттілігіне тікелей байланысты мәселе", – деді Тоқаев.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы жалпы, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын да атап өтті.

Тиісті министрліктің мәліметі бойынша тек былтырдың өзінде "Ауыл – ел бесігі" бастамасымен 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылғанын да еске салды. 

"Олардың жалпы құны – 173 миллиард теңге. Тағы 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылды. Енді осы жұмыстың нәтижесін тексеру керек сияқты. Неге мен бұл мәселені арнайы қозғап, қазбалап айтып тұрмын? Себебі бұрын бәріміз адамдарды қуантатын "керемет, тіпті мінсіз" ақпаратты көп тыңдадық. Соның бәріне қуандық. Сосын дұрыс статистикалық мәлімет берілмеді деп сылтау тауып, мәселені "алыс сөреге" ысырып қоя салатын едік. Біз мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек", – деп тоқталды Тоқаев. 

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында жоқ малды бар деп көрсетіп, 50 миллион теңгеден астам субсидия алғандар тергеліп жатқанын жазған едік. Тергеу нұсқасы бойынша, "Медина" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидияны қолды еткен.

Айым Атамбаева
Жұма, 20 Қараша, 2026 15:22