Цифрлық медицина: Freedom Қазақстанда денсаулық сақтау саласын қалай дамытып жатыр?
Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, медициналық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету, жасанды интеллект пен генетикалық зерттеулерді дамыту. Бұл мәселелер 17 қарашада Алматыда өткен Freedom MedTech Talk кездесуінде талқыланды.
Кездесу барысында Freedom өкілдері медициналық бағыттағы жобалардың нәтижелерін таныстырып, денсаулық сақтау саласындағы цифрлық сервистерді дамыту жоспарларымен бөлісті.
Медициналық көмекке қолжетімділік
Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі – дәрігерлердің қала мен ауыл арасында біркелкі бөлінбеуі. Freedom Lab бас директоры, MED365 басқарушы директоры Шыңғыс Құлахметовтің айтуынша, қалаларда 10 мың тұрғынға 57 дәрігерден келсе, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш небәрі 17 болады.
Осы мәселені шешуге бағытталған DigitalMed365 жобасы мобильді диагностикалық кешендер арқылы шалғай елді мекендердің тұрғындарын тексеруге, нәтижелерді дәрігерлерге жіберуге және бейінді мамандардан қашықтан кеңес алуға мүмкіндік береді. Қарағанды облысында 2023–2025 жылдары өткен пилоттық жоба аясында 5,5 мыңнан астам тұрғын медициналық тексеруден өтті.
Сонымен қатар отандық әзірлемелер мемлекеттік міндеттерді шешуге де қолданылып келеді. Мәселен, "Е-МЕДОСМОТР" жүйесі әскерге шақырылушылардың медициналық тексеруден өту уақытын 20 минуттан 5 минутқа дейін қысқартты. 2024 жылдан бері 81 мың адамға тексеру жүргізіліп, жоба бүгінде еліміздің тоғыз өңірін қамтиды.

Медициналық деректердің ашықтығы
Кездесуде денсаулық сақтау саласындағы бірыңғай цифрлық кеңістікті дамыту мәселесі де көтерілді. Медициналық ақпараттық жүйелер қазірдің өзінде деректерді денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай қоймасына жіберіп жатыр. Алдағы уақытта Freedom SuperApp-ты осы жүйемен интеграциялау жоспарланған.
Бұл пациенттерге медициналық жүгінулер тарихын, тексеру нәтижелері мен көрсетілген қызметтер туралы ақпаратты көруге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл медициналық деректердің ашықтығын арттырып, көрсетілмеген қызметтерді есепке жазу жағдайларының алдын алуға көмектеседі.
Сондай-ақ Freedom SuperApp ішіндегі iDoctor сервисінде дәрігерлер туралы пікірлер модерациядан өтеді. Қабылдауға жазылып, қызмет ақысын платформа арқылы төлеген пациенттердің пікірлеріне басымдық беріледі.
Денсаулық бір қосымшада
Бүгінде медициналық сервистер Freedom SuperApp-тың "Менің денсаулығым" бөліміне біріктірілген. 2026 жылғы сәуірде іске қосылғаннан бері мұнда 120 мыңнан астам профиль жасалған. Қосымшаны пайдаланушылар дәрігерге жазылып, зертханалық талдаулар тапсырып, ДНҚ-тесттен өтіп, дәрі-дәрмекке тапсырыс бере алады. Сервиске 202 клиника мен 2 700 дәрігер қосылған.
Сонымен қатар компания генетикалық зерттеулер бағытын дамытып жатыр. Жаңа сервисті әзірлеу барысында мамандар 200-ден астам ішкі тест жүргізіп, 280 гендегі 403 генетикалық нұсқаны қамтитын панель қалыптастырған. ДНҚ-тестінің құны – 20 мың теңге. Болашақта қазақстандықтардың генетикалық ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік беретін ұлттық референстік геномды қалыптастыру жұмысына мемлекет пен ғылыми институттарды тарту көзделіп отыр.

Freedom SuperApp-ты дамыту аясында денсаулықтың цифрлық паспортын, мемлекеттік медициналық қызметтерді интеграциялау, жасанды интеллект пен жеке денсаулық индексін (HealthScore) енгізу жоспарланған.
Freedom Lifestyle Group бас директоры Алексей Лидің айтуынша, компанияның мақсаты – медициналық сервистерді бір платформаға біріктірумен шектелмей, пациенттің медициналық қызмет алу жолын барынша жеңілдету.
Freedom MedTech Talk аясында ұсынылған жобалар цифрлық технологиялардың медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, қызмет көрсету үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етуге және профилактикалық медицинаны дамытуға бағытталғанын көрсетті.
Мәслихат сайлауының ақшасы қайдан келеді және қайда жұмсалады