Қазақстанда бизнеске жүргізілетін тексерістер жүйесін өзгертпек: кәсіпкерлерге қандай жеңілдік жасалуы мүмкін
Қазақстанда кәсіпкерлерді жаппай тексерудің орнына, тәуекел деңгейіне қарай бақылау жүйесін енгізу ұсынылды. Бизнес-омбудсмен Қанат Нұровтың пікірінше, қолданыстағы жүйе кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік салмақты біркелкі бөлмейді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Бизнес-омбудсмен Қанат Нұров Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновке мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныс жолдаған. Оның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді жаппай тексеруді азайтып, бақылауды нақты тәуекелдерге қарай жүргізу.
Мәселен, 2026 жылғы мәлімет бойынша, автоматтандырылған тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілуі тиіс 66 саланың тек 15-інде ғана жұмыс істеп тұр. Қалған 51 салада мұндай жүйе әлі іске қосылмаған.
Аталған жүйе кәсіпкерлердің қызметіне қатысты деректерді талдап, оларды тәуекел деңгейіне қарай жіктеуі керек. Осылайша, тексеруге шынымен негіз бар компанияларды анықтауға мүмкіндік туады. Алайда бизнес-омбудсменнің айтуынша, жүйе әлі толыққанды жұмыс істемейді. Бұған қоса, тексерілуі тиіс кәсіпкерлердің нақты саны туралы сенімді деректер де жоқ.
Тексерістердің 92%-ы жоспардан тыс жүргізілген
Бас прокуратураның құқықтық статистикасына сәйкес, 2025 жылы Қазақстандағы бизнеске жүргізілген тексерістердің 92%-ы жоспардан тыс болған.
Сонымен қатар тексеру нәтижесінде ешқандай заңбұзушылық анықталмаған жағдайлардың үлесі де өскен. Егер 2024 жылы бұл көрсеткіш 37% болса, 2025 жылы 43%-ға жеткен. Бұдан бөлек, прокуратура органдары 1,5 мыңнан астам заңсыз тексерісті анықтаған.
Кәсіпкерлерге түсетін бақылау жүктемесі бизнестің көлеміне қарай да ерекшеленеді. 2025 жылы шағын бизнес субъектілеріне орта есеппен 64 кәсіпкерге бір тексерістен келсе, орта бизнеске бір кәсіпкерге 2,5 тексерістен, ал ірі бизнеске 4,8 тексерістен келген.
Бизнес-омбудсменнің пікірінше, мұндай айырмашылық компаниялардың өсуіне де кедергі келтіруі мүмкін.
Айыппұлдардың 63%-ы ірі бизнеске тиесілі
Қанат Нұров әкімшілік айыппұлдардың бөлінуіне де назар аударған. 2025 жылы бизнеске салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 96,4 миллиард теңгені құраған. Оның 60,3 миллиард теңгесі немесе 63%-ы ірі бизнес субъектілеріне тиесілі.
Оның айтуынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің кәсіпкерлікке қатысты 302 бабында айыппұлдар негізінен айлық есептік көрсеткішпен белгіленген. Кәсіпорынның санатына қарай айыппұл мөлшері екі-төрт есе артуы мүмкін. Алайда компаниялардың табысы бір-бірінен ондаған, тіпті жүздеген есе ерекшеленуі ықтимал.
Ал айыппұлды пайыздық мөлшерлемемен есептеу тәсілі кодекстің тек 23 бабында ғана қарастырылған.
Кәсіпкерлерді тексеру жүйесін қалай өзгертпек?
Бизнес-омбудсмен тексерістерді бір санаттағы кәсіпкерлерден екіншісіне ауыстыруды емес, бақылау жүктемесін теңестіруді ұсынады.
Осы мақсатта Үкіметке бірнеше бастама жолданған. Атап айтқанда:
-
Тәуекелдерді бағалаудың бірыңғай әдістемесін әзірлеу. Онда дереккөздер, кәсіпорындардың тәуекел деңгейін анықтау қағидалары және тексеруге іріктеу тәртібі белгіленуі керек.
-
Цифрлық жүйені кезең-кезеңімен енгізу. Алдымен әкімшілік қысым жоғары салалардан бастау ұсынылады.
-
Тәуекелдерді бағалау критерийлері мен олардың салмақ коэффициенттерін ашық жариялау.
Канат Нұровтың пікірінше, бірыңғай әдістемесіз цифрландыру тексерістердің объективтілігін қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан мемлекет бақылауды жаппай тексеруге емес, нақты тәуекелдерді анықтауға бағыттауы керек.
Әзірге бұл ұсыныстар Үкіметке жолданған. Оларды жүзеге асыру жөнінде нақты шешім қабылданғаны хабарланған жоқ.
Еске салсақ, Қазақстанда 2027 жылдан бастап шағын және микробизнеске үш жылдық мораторий енгізу жоспарланып отыр.
Алматының ауызсуын қайнату керек пе: Судан табылған бактерияға қатысты мамандар не дейді
