Қазақстанда адам өліміне әкелетін жол апаттарын азайту үшін тасжолдарды төрт жолақты ету ұсынылды
Қазақстан Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғаларынан қаза табатындар санын азайту үшін тасжолдарды төрт жолақты етіп кеңейтуді ұсынды. Ведомство мәліметінше, бірқатар жол қайта жаңғыртылған соң ондағы адам өліміне әкелген апаттар саны азайған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігі өкілі Ақтоты Боранованың айтуынша, Астана – Щучинск және Астана – Қарағанды тасжолдары қайта жаңғыртылған соң бұл бағыттарда жол апатынан қаза тапқандар саны 47%-ға азайған.
“Жол инфрақұрылымы жүргізушілер қателескен жағдайда да адам өміріне қауіп төнбейтіндей жобалануы керек. Мысалы, қарсы бағыттағы көліктердің бетпе-бет соқтығысу қаупін азайту үшін жолдарды төрт жолақты ету ұсынылып отыр”, – деді министрлік өкілі.
Қазір Қазақстанда құқықбұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін 33 мыңнан астам жүйе жұмыс істейді. Заңбұзушылықтардың шамамен 70%-ы осы камералардың көмегімен анықталады. Ал қала сыртындағы тасжолдарда 600-ге жуық мобильді камера кешені жұмыс істейді. Олар патрульдік полиция көліктеріне орнатылған. Сонымен қатар полиция қызметкерлері жолдағы тәртіпті бақылау үшін арнайы белгілері жоқ азаматтық көліктермен де патрульге шығады.
Еске салайық,Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жол салу және оны күтіп ұстау мәселесін жауапты мемлекеттік органдар бір-біріне сілтей беретінін сынға алған еді. Президент жолдардың сапасын жақсартуды талап етіп, жергілікті жолдарды қоса алғанда, елдегі барлық автомобиль жолына жауапкершілікті Көлік министрлігіне жүктеуді тапсырды.
Бұған дейін, үш жыл бұрын, мемлекет басшысы “Қазақстан темір жолы” компаниясын көлік-логистика саласындағы толыққанды компанияға айналдыруды және автомобиль жолдарын салу кезіндегі мәселелерді қысқа мерзімде шешуді тапсырған.
Сондымен қатар президент 2029 жылға қарай Қазақстандағы электр энергиясы тапшылығын жойып, тұрақты энергия қорын қалыптастыру міндетін қойған еді. Ол үшін жаңа электр станцияларын салу, ескі станцияларды жаңарту, көмір мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту және атом энергетикасының қуатын арттыру қажет екенін айтқан.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2027-2029 жылдары ақылы жолдармен жүру тарифтері кезең-кезеңімен көтерілуі мүмкін екенін жазған едік.
Көлік министрлігі 2027-2029 жылдарға арналған ақылы автомобиль жолдарымен жүру тарифтерін кезең-кезеңімен өзектендіру жоспарын бекітті. Құжатқа сәйкес, тарифтер жыл сайын көлік құралдарының санаты мен класына қарай сараланып өзгертіледі.
Атап айтқанда, жеңіл көліктер мен салмағы 10 тоннаға дейінгі жүк көліктерін қамтитын 2-5-кластағы көлік құралдары үшін тарифтерді 30%-ға дейін арттыру көзделген. Ал салмағы 10 тоннадан асатын жүк көліктерін қамтитын 6-7-кластағы көліктер үшін жол ақысы 50%-ға дейін көтерілуі мүмкін.
Алматының ауызсуын қайнату керек пе: Судан табылған бактерияға қатысты мамандар не дейді
