Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда әлеуметтік желіде балағат сөзді қайталап айтқандарды 30 тәулікке қамау ұсынылды

балағат әлеуметтік желі жаза
Фото: magnific.com

Құрылтай депутаттары әлеуметтік желілерде балағат сөз қолданғаны үшін жауапкершілік қарастыратын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Заң жобасы Мемлекет басшысының онлайн-платформалардың деструктивті контент таратқаны үшін жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда бекіту туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Құжатта бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда әдепсіз сөздер қолданғаны үшін жауапкершілік енгізу көзделген.

Заң жобасын талқылау барысында Құрылтай депутаты Гүлзира Атабаева Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа әлеуметтік желілерде балағат сөз айтқандарға қолданылатын жазаны қатаңдату мәселесі бойынша сұрақ қойды.

Депутат заң жобасында мұндай әрекет үшін жауапкершілік қарастырылғанын қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік желілердегі әдепсіз сөздерді балалар да көріп, естиді. Сондықтан мұндай әрекеттер үшін жаза қолдану қажет. Алайда жаза құқықбұзушылықтың ауырлығына сай болуы керек.

"Бір жыл ішінде қайталанған құқықбұзушылық үшін 100 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу ұсынылып отыр. Бәлкім, сотқа істің мән-жайын ескере отырып, жаза түрін таңдауға кеңірек мүмкіндік беру керек шығар. Мысалы, айыппұл мөлшерін арттыру, қоғамдық жұмыстарға тарту және әкімшілік қамауға алу сияқты жазаларды қарастыруға болады", – деді Гүлзира Атабаева.

Министр Арман Қырықбаев бұл нормалардың басты мақсаты қатаң жазалау емес, құқықбұзушылықтың алдын алу екенін айтты.

"Сіз айтып отырған бап ұсақ бұзақылыққа қатысты. Онда бірінші және екінші бөліктер бар, әртүрлі санкциялар қарастырылған. Оның ішінде өзіңіз айтқандай, әкімшілік қамауға алу да бар”, – деп мәлімдеді министр.

Министр құқықбұзушыны қалай да қамауға алып, жазалауды емес, мұндай әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік беретін нормаларды қабылдауды мақсат тұтып отырғанын жеткізді. 

Бұған дейін астаналық әйел TikTok-тағы тікелей эфирі үшін айыппұл арқалаған еді. Сот мәліметінше, әйел TikTok-та тікелей эфир жүргізу кезінде былапыт сөздер айтып, әлеуметтік желі қолданушылары мен айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Осылайша, ол қоғамдық тәртіп пен жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын бұзған.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 18 Қараша, 2026 12:16